Жаза тағайындау мақсаты және қылмыстардың қайталануы жағдайында жаза тағайындаудың ерекшеліктері
By maukazan On 2 Апр, 2013 At 11:18 ДП | Categorized As № 5-6 (18) январь-февраль 2013 года | With 0 Comments

Б. Нақыпов

заң ғылымдарының докторы, профессор

 

asdҚылмыстардың қайталануы жағдайында Еліміздің тәуелсіз, демократиялық, құқықтық мемлекет болып қалыптасу кезеңдерінде көптеген заңнамаларымыз жарық көрді. Осы заңдар негізінде қылымыстың қоғамға қауіптілігіне, қауіптілік сипаты мен дәрежесіне, қылмыскерге жаза тағайындау барысында қолданылатын заң нормаларына, жаза тағайындаудың түрлеріне, қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды дұрыс анықтауға аса мән берілуде.

Заңдылық пен  құқық тәртібіне байланысты практикалық  міндеттерді шешуде мемлекетіміздің  құқықтық жүйесінің бір тармағы  болып табылатын қылмыстық заңның рөлі едәуір, ол – заң бұзушылықтың қылмыс сияқты аса қауіпті түрімен күресуге бағытталған. Бұл күресте қылмыс жасаған адамға, оның жасаған қылмысына сәйке жаза тағайындалады. Жаза дегеніміз – соттың үкімі бойынша дайындалған мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және Қылмыстық Кодексте  көзделгендей адамды құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Оны қылмыс жасаған адамға мемлекеттік ерекше орган – тек сот үкім негізінде қолдана алады.

Қылмыс пен  жаза — өзара тығыз байланысты құқықтық түсінік. Мемлекеттік мәжбүрлеу  шарасы ретінде жаза тек қылмыс үшін қолданылады.

Тағайындалған жазаның ауыр-жеңілдігі жасалынған қылмыстың сипатына және қаншалықты ауыр екендігіне, айыпкердің жеке басына және басқа мән-жайларға байланысты.

Әрбір мемлекеттік мәжбүрлеу шарасының өз міндеті, өзіне тән мақсаты болады. Жазаның мақсаты — жаза тағайындау, оны қолдану және іске асыру арқылы мемлекет қол жеткізуге ұмтылатын әлеуметтік нәтиже.

Жазаның мақсатын анықтаудың, бәрінен бұрын, соттың заң  қолдану қызметінде маңызы зор. Нақты  адамға қатысты жазаның түрін, мөлшерін анықтай отырып сот жазаның заңда  белгіленген мақсаттарын басшылыққа алуға тиіс. Бұл талапты елемеу – заңсыз, дәлелсіз жаза тағайындауға, әділетті емес үкім шығаруға әкеп соғуы мүмкін.

Жаза – мемлекет қолындағы маңызды құрал, ол арқылы мемлекет адамды, оның құқын, бостандығын, заңды мүддесін, меншікті ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, конституциялық құрылысты, еліміздің аумақтық бүтіндігін, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін, адамзаттың бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қылмыстық қастандықтан қорғайды. Ол қылмыстық жауаптылықтыжүзеге асырудың басты формасы және қылмыскерліктің алдын алу шараларының бірі болып табылады.

Жаза тағайындау — жасалған қылмыста айыпты деп танылған адамға айыптау үкімін шығарарда қылм ыстық ықпал жасаудың нақты шарасын соттың таңдауы.

Жаза тағайындау қылмыстық заңды қолдану барысындағы  ең жауапты және маңызды саты болып  табылады. Өйткені, жаза тағайындау, оны  жүзеге асыру сотталған адамды түзеуге, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, қылмыстың алдын алуға ықпал етеді. Жазаның осы мақсаттарына қол жеткізу көбіне қылмыстық жазаны әділ әрі негізді тағайындау арқылы мүмкін болады.

Қылмыстық құқық  жаза тағайындағанда кінәлінің жеке-дара жауапкершілік принципін негізгі басшылыққа алады. Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен  сот алдында тең, ешкім де сот  үкімінсіз қылмыс жасауда кінәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық  жазаға тартыла алмайды деген  қағидаларын басшылыққа ала отырып, соттар қылмыстың түрі мен ауырлығына, айыптының қызметтегі және коғамдағы орнына қарамастан, әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес бұлжытпай шешуі қажет. . Заңның бұзылуын ештеңе де ақтай алмайды.

Жаза егер ол жасалған қылмыстың ауырлығына, қоғамға  қауіптілік сипаты мен дәрежесіне, кінәлінің жеке тұлғасына және қылмысты жасау жағдайларына сәйкес тағайындалатын болса әділетті деп танылады. Мұнда  «сәйкес» термині бір ғана  ұқсастық емес, тепе-теңдік деген мағынада қолданылады, яғни жаза қылмысқа сыртқы формальды жағынан емес, әлеуметтік жағынан және арифметикалық жағынан емес, заңдық жағынан тең болуы керек дегенді білдіреді.

Тағайындалатын жазаның заңға сәйкестік талаптары ерекше маңызды. Жасалған қылмыстың қауіптілігін бағалай отырып, сот ең алдымен, аталған қылмыстың түріне ҚК-нің Ерекше бөліміндегі заң шығарушының берген бағасын ескеруі керек. Сондықтан, әділетті жаза тағайындаудың міндетті алғышарты ретінде қылмыстың нақты заңдық саралануы саналады. Қылмысты саралаудағы қате әділетсіз жаза тағайындауға әкеп соғады.

Жаза тағайындағанда сот сотталған адамға, сол жазаның  оны түзейтіндей ықпалы болатынын, жазалаудағы мақсаттың   орындалатынын болжауы керек, сонан соң барлық мән-жайларды ескеріп, жазаның түрін және оның мөлшерін анықтауы тиіс. Сонымен қатар адамгершілік принципін басшылыққа алып, айыпкерге тағайындалған жазаның оның отбасына немесе асырауындағы адамдардың тұрмыс жағдайына қандай әсер ететіндігін де сот ескеруге тиіс.

Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау процесі екі кезеңнен тұрады:

1) жиынтыққа  кіретін қылмыстардың әрқайсына бөлек  жаза тағайындау;

2)   сол  қылмыстардың жиынтығы бойынша  түпкілікті жаза белгілеу.

Егер адам ҚК-тің  әртүрлі баптарында немесе бір бабының  әртүрлі бөліктерінде көзделген екі немесе одан көп қылмыстарды жасағаны үшін айыпты деп танылып, олардың ешқайсысы бойынша сотталмаған болса, сот әр қылмыс үшін негізгі, ал керек жағдайда қосымша жаза тағайындап, олардың жиынтығы бойынша түпкілікті жазаны жеңілірек қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сіңіру жолымен немесе тағайындалған жазаларды толық немесе ішінара қосу жолымен белгілейді.

Жиынтықты құрайтын қылмыстардың әрқайсына бөлек жаза тағайындау ҚК-тің 58-бабының маңызды  талабы, одан ауытқуға жол берілмейді. Жаза тағайындаудың мұндай тәртібі сотталғаннан кейін айыпкерге қылмыстың әрбір нақты түрі бойынша рахымшылық немесе кешірім жасауды қолдануға мүмкіндік береді. Қылмыстық істі кассациялық немесе қоғамдық тәртіпте қараған жағдайда әрбір бөлек қылмыс үшін тағайындалған жазаны, егер негіз болса, жеңілдетуге немесе үкімнен тіптен алып тастауға мүмкіндік болады. Сонымен қатар кейбір қылмыс үшін жаза тағайындай отырып заң оның құқыктық салдарын қарастырған. Мысалы, қылмыстың қайталанғандығының орын алғандығын анықтау (ҚК-тің 13-бабы), бас бостандығынан айырғанда колонияның нысанын белгілеу (ҚК-тің 48-бабы), т.б.

Қылмыстардың  жиынтығы бойынша түпкілікті жаза тағайындау әрбір қылмыс бойынша тағайындалған  жазаларды жеңілірек қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сіңіру немесе тағайындалған жазаларды толық  немесе ішінара қосу принципі бойынша  жүргізіледі.

Жазаларды қосуға белгілі бір шектеу қойылған (ҚК-тің 58-бабы). Егер   қылмыстардың жиынтығы тек ауырлығы шамалы қылмыстарды  қамтитын болса, онда қосқаннан кейінгі  түпкілікті жаза жасалған қылмыстардың ең ауыры үшін жауаптылық жөніндегі   Ерекше  бөлімнің  тиісті  бабының санкциясында   көзделген   жазаның   ең   көп мерзімінен немесе мөлшерінен асуға тиіс.

Егер қылмыстар жиынтығы орта ауырлықтағы қылмысты, ауыр және ерекше ауыр қылмыстарды қамтыса, онда түпкілікті жаза тек жазаларды косу принципін қолдану жолымен тағайындалады. Бұл жағдайда бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза қолданылған қылмыстық заң нормаларының ауқымымен шектелмейді, тіптен 20 жыл шегінде тағайындалуы мүмкін. Егер қылмыстар жиынтығы жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы не бас бостандығынан өмір бойы айыру түріндегі жаза көзделген кемінде бір ерекше ауыр қылмысты қамтыса, бұл жағдайда да түпкілікті жаза тек жазаларды қосу принципі жолымен ғана тағайындалады. Бұл жағдайда бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 25 жылға дейінгі мерзімге тағайындалуы мүмкін.

Сонымен соттың қылмыстар жиынтығы болғанда жаза тағайындау принциптерін, сондай-ақ жазаларды  қосу принципін қолданғанда бас  бостандығынан айырудың ең көп шегін  таңдау мүмкіндігін заң реттейді (ҚК-тің 58-бабы) және ол жиынтық құрайтын қылмыстардың қай санатқа жататындығына және олардың арасында 20 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы не бас бостандығынан өмір бойы айыру түріндегі жаза карастырылған қылмыстардың бар-жоғына байланысты.

ҚР ҚК-тің 60-бабына сәйкес, егер сотталған адам үкім шығарылғаннан  кейін, бірақ, жазаны толық өтегенге дейін жаңадан қылмыс жасаса, бұл  жағдайда үкімдердің жиынтығы орын алады. Сонымен:

1)  адамға  жаза тағайындаған үкімнің болуы;

2)  ол жазаны сотталған адам әлі толық өтемесе;

3)  жаңа қылмыс  үкім шыққаннан кейін, бірақ

жазаны толық  өтегенге дейін жасалса, бұлар үкімдер  жиынтығының белгісі болып табылады.

Үкімдер жиынтығы бойынша жаза тағайындағанда жаңа қылмыс адамды бұрын жасаған қылмысы  үшін сотталғаннан кейін жасалынады. Бұл мән-жай айыпкердің қоғамға қауіпті адам екендігін, заңда оған қатаң жаза қарастырылуға тиіс екендігін көрсетеді.

ҚР ҚК-тің 60-бабына сәйкес, егер сотталған адам үкім шығарылғаннан  кейін, бірақ жазаны толық өтегенге дейін жаңа қылмыс жасаса, сот жаңа қылмыс бойынша тағайындалған жазаға бұрынғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігін толықтай немесе ішінара қосады. Бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза жиырма бес жылдан аспауға тиіс. Үкімдер жиынтығы бойынша белгіленген түпкілікті жаза жаңа жасалған қылмыс үшін тағайындалған жазадан да, соттың бұрынғы үкімі бойынша тағайындалған жазаның өтелмей қалған бөлігінен де катаң болуға тиіс.

Қылмыстың  қайталануы болған жағдайда сот жазаны үкімдер жиынтығы бойынша тағайындай отырып, жаза тағайындаудың ҚК-тің 59-бабында белгіленген ережесін сақтауға тиіс. Бұл ережелер жаңа үкім бойынша тағайындалған жазаның түрін, мерзімін және мөлшерін анықтауға қатысты.

Қылмыстың қайталануы — адамның сотталғаннан кейін  қайта қылмыс жасауы, оның қоғамға  аса қауіпті екендігінің белгісі, сондықтан да заңда қылмыс қайталанған  жағдайда жаза тағайындаудың арнайы ережесі белгіленген (ҚК-тің 59-бабы). Оның мәні мынада: қылмыстардың қайталануы бойынша жаза тағайындай отырып, сот бұрын жасалған қылмыстардың санын, сипатын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін, оның   алдындағы жазаның түзетушілік ықпалының жеткіліксіздігіне себеп болған мән-жайларды, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстың    сипаты мен    қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеруге тиіс.

ҚР Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы №8 нормативтік қаулысында қылмыстың қайталануы жайлы үкімде көрсетілген қылмыстың ауырлығына жəне жаза түріне қарамастан, бұрын жасаған қасақана қылмыстары үшін алынбаған жəне жойылмаған соттылығы бар адамның жаңадан қасақана қылмыстар жасауы қылмыстың қайталануы деп танылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан əрі – ҚК) 13-бабына сəйкес, қылмыстардың қайталануы, сонымен қатар қауіпті жəне аса қауіпті болып бөлінеді. Басты сот талқылауында қылмыстық істі қарау нəтижелері бойынша айыптау үкімін шығару кезінде сот қылмыстың қайталануының қандай түрінің бар екенін анықтайды.

Сотталушының əрекетінде қылмыстың қайталануын анықтап, ол бойынша тиісті шешім қабылдау соттың құқығы емес міндеті болып табылады. Сондықтан заңда көзделген негіздер бар барлық жағдайларда, сот үкімнің сипаттамалы-дəлелдемелі бөлігінде алынбаған жəне жойылмаған соттылықтарды, бұрынғы жəне жаңадан жасалған қылмыстардың ауырлығын көрсете отырып тиісті негіздерді келтіруі жəне ҚК-нің 13-бабының тиісті бөлігі мен тармағына сілтеме жасап, қылмыстың қайталануының қандай түрінің анықталғаны туралы шешімді үкімнің қарар бөлігінде көрсетуі тиіс.

Егер сот үкімнің дəлелдемелі бөлігінде қылмыстың қайталануын тану үшін негіздерді келтіре отырып, үкімнің қарар бөлігінде сотталушының əрекеттерінде қылмыстың қайталануының тиісті түрін тану туралы шешімін көрсетпесе, онда сот осы үкіммен қылмыстың қайталануын танымаған деп есептеу қажет деп атап көрсетілген.

Қылмыстардың  қайталануы жағдайында жасалған қылмыс үшін жазаның мерзімі мен мөлшері, жасалған қылмыс үшін көзделген ең қатаң жаза түрінің ең жоғарғы мерзімі мен мөлшерінің жартысынан төмен болмауға тиіс.

Қылмыстың қауіпті    қайталануы жағдайында тағайындалатын жаза жасалған қылмыс үшін көзделген  ең қатаң жаза түрінің ең жоғарғы  мерзімі мен мөлшерінің үштен  екісінен, ал қылмыстың аса қауіпті  қайталануы жағдайында — төрттен үшінен төмен болмауға тиіс (ҚК-тің 59-бабының 2 бөлігі).

Егер Қылмыстық  кодекстің Ерекше бөлімінің қолданылып отырған нормасы соттылықтың  болуын саралаушы белгі ретінде  қарастырса, мұндай қылмыстардың  қайталануында  сот жазаны ҚК-тің 59-бабының екінші бөлігінде   көзделген тәртіпті ескермей-ақ   тағайындайды,   яғни   сот   жаза тағайындаған кезде жазаның ең аз мөлшеріне қатысты ауқыммен шектелмейді. Бұл, мұндай жағдайларда қылмыстың қайталануы қылмыстық заң нормаларында бұрыннан    ескерілгендігіне байланысты, сондықтан да жаза тағайындау кезінде оны қайта есепке алудың қажеті жоқ.

 


 

Әдебиеттер:

 

1.           Назарбаев Н.Ә. «Сот жүйесін реформалау мен құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру шаралары туралы» Жарлығы. Астана, 17 тамыз 2010.
2.           Ағыбаев А.Н. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсіндірме. Жалпы және Ерекше бөлімдер. – Алматы: Жеті жарғы, 2010.
3.           Агыбаев А.Н. «Уголовное право».  Учебник. Алматы «Жеті жарғы» 2001.
4.           Алауханов Е., Зарипов З. «Профилактика преступлений» Учебник. Алматы 2008
5.           Каиржанов Е.И., Накипов Б.И. «Рецидивная преступность: состояние и профилактика». Алматы 1996
6.           Сейілханов Е. Сот ісін жүргізу: Оқу құралы. 2-басылым. – Астана: Фолиант, 2011.
7.           Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы «Соттардың қылмыстардың қайталануы туралы заңнаманы қолдануы туралы» № 8 нормативтік қаулысы.
8.           Скаков А.Б. «Влияние прогрессивной системы исполнения наказания на профилактику пенитенциарной преступности». Матр.межд.науч. прак.конф. 2005 М., ВНИИ МВД России, 2006
9.           Южанин В.Е., А.В.Армашова. Проблемы рецидива преступлении и ответственности за него. М., 2007.
10.      Беляев Н.А. «Цели наказания и средства их достижения» ЛГУ 1963.

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.