Пайдақорлық-зорлық қылмыстарының алдын алудың жалпы шаралары
By maukazan On 2 Апр, 2013 At 11:34 ДП | Categorized As № 5-6 (18) январь-февраль 2013 года | With 0 Comments

Д.Б. Османова Д

з.ғ.к.,   Астана қ.

 

Данной статьей рассматриваются актуальные проблемы профилактики и мер предупреждения корыстно-насильственных преступлений.

 

Тhis article the issues of the day of prophylaxis and measures of warning of mercenarily-violent crimes are examined.

 

 

economicҚылмыстылықпен күреске, бәрінен бұрын, сол қылмыстардың жасалуына мүмкіндік тудыратын себептер мен жағдайларды жою арқылы кейбір адамдардың қылмыс жасау пиғылын іске асырмау жатады. Кезінде Чезаре Бекария: «Жазалағаннан қылмыстың алдын алған жөн» деген еді[1]. «Құқық бұзушылықтың алдын алу» түсінігі негізінен, қылмыстылықпен күрестің криминологиялық теориясына сүйеніп қалыптасқан.

Г.А. Аванесовтың пікірінше, «қылмыстың алдын алу» түсінігі «қылмыстылықты жоюдың объективтік және субъективтік мүмкіндіктерінің тарихи қалыптасқан жүйесін, сондай-ақ осы құбылысты, оны туындататын себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар жиынтығын» білдіреді.

Қылмыстылықтың алдын алу дегеніміз — қылмыстылықты тудыратын құбылыстарды азайтатын, шектейтін, жоятын қоғамдық процесс[2,406б.].

Бұл мәселелерде маңызды саяси-әлеуметтік және идеологиялық мазмұн бар. Қылмыстық саясат құралдары қылмыстылықтың субъективтік және бірқатар жақындау объективтік себептеріне және оларға мүмкіндік тудыратын жағдайларға ғана ықпал жасай алады.

И.П.  Портновтың пікірінше, «таза» түрде қылмыстың алдын алу дегеніміз — криминогендік факторларды жою және қылмысқа дейінгі кезеңде адамның мінез-құлқын түзету арқылы қылмыстың жасалуына жол бермеу[3,112б.].

Ал, Г.А.  Аванесовтың ойынша, қылмыстың алдын алу мақсатында ықпал жасалынатын объект «өте күрделі құбылыс», оған жеке адам, адамдар тобы, оларды қоршаған орта (оның ішінде тікелей қоршаған орта) және әр түрлі «заттар» — факторлар, себептер мен жағдайлар, мән-жайлар, т.б. жатады.

Алдын алу объектілері жайында сөз қозғағанда, тіптен, нақты кәсіпорын, аудан, қала, қандай да бір аймақ жайында айтуға болады[4,444б.].

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, қылмыстылықтың алдын алуға анықтама берсек, ол — қылмыстылықтың себептерін және оған мүмкіндік тудыратын жағдайларды анықтау және жою мақсатында мемлекеттік, қоғамдық және басқа ұйымдардың жүргізетін, өзара байланыстағы әр түрлі шараларының жиынтығы.Заң әдебиеттерінде оның әр түрлі топтамасы келтірілген. Алдын алу жұмысын жоспарлау және ұйымдастыру үшін мына негіздерде топтама жүргізген дұрыс: алдын алу жұмысының деңгейі бойынша, оның тетігі, көлемі бойынша, алдын алу шараларының мазмұны бойынша, оларды орындау субъектсі бойынша.

Алдын алу жұмысының деңгейі бойынша екі шаралар тобы қарастырылады — жалпы әлеуметтік және әлеуметтік криминологиялық сипаттағы топтар. С.В. Бородиннің пікірінше, бұл дұрыс топтастыру, ол қылмыстылықты оның себептері мен жағдайлары арқылы ғана емес, сонымен қатар, оған қарсы жүргізілетін шаралар арқылы да бағалауға мүмкіндік береді[5,59б.]. Х.Аманов та осындай пікірде[6,65б.].

Құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жалпы және арнайы әлеуметтік шаралардың көмегімен қоғам қылмыстылыққа басым ықпал ете алады, заңдылыққа, азаматтардың заң, сот алдында теңдігіне, адамгершілікке, әділдікке, құқық қолдану қызметінің қажетті жеткіліктігіне және ақылға сыйымдылыққа негізделген ойға қонымды қылмыстық саясат жүргізуге мүмкіндік туады.

Жалпы алдын алу (жалпы ескерту) — қылмыстық заң арқылы және оны қолдану практикасы арқылы қоғам мүшелеріне тежейтін ықпал жасау.

Әлеуметтік алдын алудың жалпы шараларына — жаңа қоғам орнату, республика халқының сана-сезімін, мәдени деңгейін, хал-ахуалын көтеру бағдарламасын жүзеге асыру жатады.

Қылмыстылыққа ықпал жасайтын, бірақ, іс жүзінде оның алдын алу шараларының жалпы жүйесінде негізгі болып табылатын шараларды жалпы шаралар қатарына жатқызу керек. Қоғамға жат құбылыстардан әлеуметтік сақтандыру екі аспектіден тұрады: біріншіден, теріс әдет-ғұрыптардың сақталуының, әдепсіз қылықтардың, заң бұзушылықтың, қылмыс жасаудың себептерін және оларға мүмкіндік туғызатын жағдайларды зерттеу; екіншіден, сол негізде нарықтық қатынастарды қалыптастыру кезінде туындайтын мінез-құлықтың қоғамға жат факторларын қоғам өмірінен аластатуға мүмкіндік беретін қажетті әдістер мен құралдар ойластыру.

Экономиканы дамытуға, азаматтардың материалдық және мәдени деңгейін көтеруге бағытталған экономикалық, саяси, ұйымдық сипаттағы барлық шаралар жүйесі жалпы шараларға жатады.

В.Н. Кудрявцевтің пікірінше, «ірі әлеуметтік шараларды мемлекет көлемінде жүзеге асыру жалпы сақтандырудың ең жоғарғы деңгейі болып табылады»[7,45б.]. Жаңа қоғам орнатудағы басты міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған жалпы шараларға, А.С.  Шапошников, айналадағы өнегелі өмірді және де адамның тұлғасына қатысты шаралар -тәлімгерлік, ұстаздық, тәрбие, т.б. шараларын жатқызады[8,8б.].

Қылмыстылықтың алдын алудың жалпы шараларына біздің республикамыздағы барлық әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жатады.

Адамға бағдар алған тиімді экономика негізінде меншік нысанының көп қырлылығына, нарықтық қатынастарды қалыптастыруға көшудің шаруашылық тетігін түбірімен қайта құру, адамдардың іскерлік белсенділігін және ынтасын көтеру, еңбек нәтижесіне мүдделілігін арттыру, халықтың әр түрлі тобының әлеуметтік және құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, реформа барысындағы елеулі шығындарға қарамастан, ерте ме, кеш пе, көптеген пайдақорлық, шаруашылық, лауазымдық және өзге қылмыстар жасаудың негізі болып табылатын криминогендік факторларды жоюға, шектеуге және ықпалсыз етуге қолайлы жағдай тудырады.

Т.Э. Караев былай дейді: «қоғамға өзінің ғылыми құштарлығын қанағаттандыру мақсат емес, оған құқықтық реттеудің және қылмыстылыққа ықпал жасауды басқарудың ғылыми негізделген стратегиясын жасау мақсат»[9,7б.]. Әңгіме әлеуметтік, экономикалық, саяси, идеологиялық, мемлекеттік-құқықтық, өнегелік, культурологиялық, педагогикалық, ұйымдық алдын алу кешендері, техникалық құралдар және ықпал жасау әдістері жайында болып отыр. Алдын алудың жалпы шараларының негізгі мақсат- тұрмысы нашар адамдарды әлеуметтік жағынан қорғау (әсіресе, баға жіберілген және нарықтық қатынас орнай бастаған кезде), халықтың табысын индексациялау, салық салу саясатын дұрыс жүргізу, халықтың еңбекпен айналысуын және оның тұрмыстық ахуалын бақылау, жұмыссыздарды еңбекке орналастыру, қоғамдық қатынастарды жетілдіру, адамдардың рухани байлығын молайту, мәдениетін, санасын көтеру, т.б. болып табылады.

Қаладағы қылмыстылықтың алдын алуға бағытталған арнаулы мақсаттарға жалпы әлеуметтік деңгейде қол жеткізу үшін экономиканы дамытуға, халықтың материалдық қажеттілігін қанағаттандыруға, қала халқының демографиялық құрылымын теңдестіруге, көші-қон процестерін реттеуге, демократияны дамытуға және халықтың қоғамдық белсенділігін арттыруға, білім мен мәдениетті көтеруге, т.б. бағытталған шаралар жүргізілуі тиіс.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылықтың алдын алу шаралары жалпы қылмыстылықпен күресуге бағытталған шаралармен қамтылады. Бірақ, кәмелетке толмағандарға алдын ала ықпал жасау шараларының бірқатар ерекшеліктері бар.

Криминологтар кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылықтың алдын алу шараларының ішінен жалпы әлеуметтік және әлеуметтік-криминологиялық алдын алу шараларын; кәмелетке толмағанның жеке басының қалыптасуына теріс ықпал ететін мән-жайлардан арылу үшін ерте баста жүргізілетін сақтандыру шараларын; кәмелетке толмағанның нақты қылмыс жасауына әкеп соққан мән-жайлардан арылу, қайталап қылмыс жасаудан сақтандыру шараларын; жалпы және жеке дара шараларды бөліп алады.

Бұл «топтардың» барлығының ақырғы мақсаты да, міндеті де кәмелетке толмағанның дұрыс тәрбие алуына қажетті жағдай жасау, оларды қылмысқа итермелейтін адамдарды анықтап, олардың әлеуметтік көзқарасын өзгертуге тиісті шара қолдану.

Жастардың өзінше еңбекке және қоғамдық-саяси өмірге аяқ басар шағында әлеуметтік, экономикалық және басқа жағдайларды жақсарту шаралары, мемлекеттік жастар саясатын қаржы, заң және ұйымдық жағынан қамтамасыз ету жастар арасындағы қылмыстылықтың алдын алудың негізін құрайды.

Айта келгенде, мәдениеттілікті жан-жақты дамыту, саяси сауаттылық, өнегелі тұрмыс, еңбекқорлық, заңды білу қоғамды жаңғыртудың, оны өркениетті етудің маңызды шарты ретінде қылмыстылықтың барлық түрінің алдын алудың қажетті негізі болып табылады.

Криминологиялық әдебиеттерде кейбір ғалымдар қылмыс жасаудың себептерін және оларға мүмкіндік тудыратын жағдайларды жоюға бағытталған қызметті арнайы алдын алу шараларына жатқызады.

Ал басқа біреулер арнайы алдын алу шараларын арнайы-криминологиялық және қылмыстық-құқықтық сақтандыру деп екі жүйеге бөледі.

Арнайы алдын алу шаралары криминогендік факторларды ықпалсыз етуге ғана, қылмыс жасай алатын немесе жасап қалған адамдарды түзетуге ғана бағытталған шараларды қамтиды.

Нарықтық қатынасқа көшуге, халық шаруашылығының әр түрлі саласында жекешелендіру жүргізуге байланысты заңдарға біршама толықтырулар мен өзгертулер енгізу қажет болды, олар Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы мамыр айындағы секциясында енгізілді.

Бұл нормаларда штат санының қысқаруына байланысты, кәсіпорынның, мекеменің және ұйымның қайта құрылуына немесе таратылуына байланысты босап қалған қызметкерлерді құқықтық қорғаудың қосымша шаралары көзделген, олардың құқықтық жағдайы нақтырақ қарастырылған, еңбекпен қамтитын мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттері анықталған[10].

Мемлекеттік, жеке және дара сауданың тауар айналымын күшейту, тауар ассортиментінің құрылымын жақсарту үшін, соның нәтижесінде тауар тапшылығын жеңу мақсатында мемлекет көптеген шараларды жүзеге асырды.

Мынандай шаралар жүзеге асырылуы керек:

1.Жас адамдардың әлеуметтік, экономикалық және басқадай жағдайларын жақсартуға, олардың өз бетімен еңбекке және қоғамдық-саяси өмірге араласуы үшін мемлекеттік жастар саясатын қаржымен, заңмен қамтамасыз етуге шаралар қарастырып, оны жүзеге асыру.

2.Оқу орындарында «Мемлекет және құқық негіздері» және «Құқықтану» пәндерін оқытудың сапасын жақсарту. Оқылатын сағат санын 60-қа дейін көбейтіп, курс аяғында емтихан алуды қарастыру.

3.Пайдақорлық-зорлық қылмыстарының алдын алуды жалпы қоғамдық деңгейде қарастырғанда Қазақстан үшін өзекті проблема — адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешу қажет. Нарықтық қатынастарға көшу жұмыссыздар санының көбеюіне әкеліп соқты. Сондықтан да «Еңбек туралы» Заңның негізінде Қазақстан халқын еңбекпен қамтамасыз етудің 2004-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын жасау керек. Бұл бағдарлама халықты еңбекпен қамтамасыз етудің облыстық, қалалық және аудандық бағдарламалары негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

Ол үшін әр түрлі мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің және қоғамдық ұйымдардың өзара тығыз байланыста болуы шарт.

Мемлекеттік бағдарлама 4 бөлімнен тұруға тиіс: а) көрсетілген кезеңде республиканың еңбек рыногында қалыптасқан жағдай; б) еңбек рыногын болжау; в) еңбекпен қамтамасыз ету, жұмыссыздар санын азайту және жұмыссыздарға әлеуметтік қолдау көрсету шаралары; г) 2004-2010 жылдардағы еңбекпен қамтамасыз ету қоры.

4. Республиканың ірі қалаларында құқық бұзушылықтан алдын алудың кешенді шаралары жасалуға, онда қаланың экономикалық, әлеуметтік, географиялық және басқа ерекшеліктері ескерілуге тиіс.

Мұндай шаралар қаланы әлеуметтік дамытудың 2005 жылға арналған жоспарына кіруі керек. Онда қылмыстылықпен күрестің негізгі проблемаларын жан-жақты қамтитын нақты шаралар және күрестің озық тәжірибелері көрініс табады.

Құқықтық тәртіпті қорғау шаралары тар мағынада емес (халық жасақшыларын құру, маскүнемдермен күрес, жатақханаларда тәртіп орнату, т.б. ), оларды кең әлеуметтік ауқымда жүзеге асыру қарастырылады, мысалы, халықтың көші-қонын реттеу, қоғамға көндіктіру процесін басқару, қаланың инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысу, халықты қоғамдық тәртіпті қорғауға жұмылдыру, т.б.

5. Заңды жалпыға бірдей оқытуды және заңға тәрбиелеуді ұйымдастыру. Кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың, оқитын жастардың және басқа да азаматтардың құқықтық оқу жүйесін құру.

Халық арасында заңды жан-жақты насихаттау, атап айтқанда, жасалған қылмыс үшін жазаланбай қалу мүмкін еместігіне көз жеткізу, адамды қастерлеуге, оның жеке басын сыйлауға баулу, заңды, қоғамдық тәртіпті бұзуға болмайтындығын санаға жеткізу. Бұл тұрғыдан алғанда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор.

 


 

 

 

 

Әдебиет:

1        Чезаре Бекария. О преступлениях и наказаниях. — Москва, 1926. – 251 с.

2        Аванесов Г.А. Криминология и социальная профилактика. — Москва,  1980. — 152 с.

3        Келина С.Г., Кудрявцев В.Н. Принципы советского уголовного право. — Москва, 1988. — 185 с.

4        Портнов И.П. Профилактика преступлений в милицейской практике // Государство и право. 1995. — № 10. – С. 12-15.

5        Бородин С.В. Контроль над преступностью в демократическом обществе // Государство и право.1993. — № 10. — С. 59-68.

6        Аманов Х. Криминология. Ашхабад, 1991. – 239с.

7        Кудрявцев В.Н. Криминологическое значение потребностей // Советское государство и право. – 1973. — № 7. — С. 88-96.

8        Шапочников А.С. К вопросу о классификации мер предупреждения преступности // Вопросы борьбы с преступностью. Изд. 17. — Москва,  1972. — 199 с.

9        Караев Т.Э. Проблемы изучения преступности в современных условиях.–Баку, 1992. — 194 с.

10    Блувштейн Ю.Д. и др. Профилактика преступлений. Минск, 1986. — 209 с.

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.