Профессор Есберген АЛАУХАНОВ: «Бұл құлату емес, қуатты арттыру»
By maukazan On 19 Фев, 2013 At 04:27 ПП | Categorized As 2013, Журналдың әр саны | With 0 Comments

Еліміздегі әрбір адам өзінің жеке қауіпсіздігі мен тіршілік тыныштығы үшін құқық қорғау органдарын арқау етеді. Заңдылықты сақтап, қара қылды қақ жарады, сөйтіп құқымызды қорғайды деп сенеді. Алайда, сөйтіп сенген құқық қорғау органдарының өзі сыбайлас жемқорлыққа бейім тұрады екен. Қылмысты ашу түгіл оны жасыру көп. Сонда мұндай органдардың не қажеті бар деген ой келеді. Сондықтан да Президент Н.Назарбаев Жолдауында: «Ма­ңыз­ды мәселе – құқық қорғау және арнаулы органдарды сапалы кадрлық жа­ңарту және олардың бүкіл жеке құрамын аттестаттаудан өткізу міндетін қоя­мын», деп атап көрсетті. Осыған орай Елбасының құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау туралы Жарлығы да шықты. Енді бұл аттестаттаудан не күтуге болады? Кезектен тыс аттестаттаудан өткен құқық қорғау қызметкерлерінен ертеңгі күні қандай нәтиже шықпақ? Міне, осындай және тағы басқа көптеген сауалдарға байланысты заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алаухановқа жолығып, әңгімелескен едік.

Алауханов-Есберген-Оразович– Есберген Ораз­ұлы, Президенттің Жар­лы­ғы­насәйкес барлық құ­қық қорғау орган­да­ры­ның жеке құрамы­нан 110 мыңға жуық адаматтестаттаудан өте­ді. Бұл аз сан емес. Сонда құ­қық қорғау қызмет­кер­лерін жаппай кезектен тыс аттестаттаудан өт­кізуге не мәжбүр етті деп ой­лайсыз?

– Құқық қорғау жүйе­сі қызметкерлерінің кәсі­би дайындық дең­гейін тексеру бүгінгі күндегі ең өзекті мәселе деп білемін. Қазіргі күнде құқық қор­ғау органдары мамандарының мо­раль­дық-адамгершілік жауапкершіліктері тө­мен деген пікір жиі айтылатын болды, әсі­ре­се қарапайым халық тарапынан арыз-ша­ғым көп көрінеді. Осыған орай ха­лық­тың құқық қорғау органдарының ма­мандарына деген сенімін қалпына келтіру қазіргі таңда ең қажетті мәселе. Міне, жаппай кезектен тыс аттестаттаудан өткізудің сыры да осында жатса керек.

Ал шын мәнінде құқық қорғау ор­гандарының беделі – бұл мемлекеттің бе­делі деп түсінуіміз қажет, әр азамат осы­нау салмақты терең сезінген жағ­дай­да ғана ісіміз түзеледі деп ойлаймын. Мұ­ны ерте ойлап және Елбасының тап­сырма­сына сәйкес құқық қорғау орган­да­ры қызметкерлерін аттестаттау мә­се­лесін бірінші болып қолға алған Эко­но­микалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Р.Түсіп­бековтің жаңашыл­ды­ғы­на риза боласыз. Өйткені, мем­ле­кеті­міз­дің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қам­та­масыз ететін абы­ройлы борыш тек мо­раль­дық-адамгер­шілік қасиеттері жо­ға­ры азаматтардың мойнына жүктелуі тиіс.

– Мемлекет басшысының тап­сыр­ма­сын Үкімет үш кезеңде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл аттестаттауды ұйым­дас­ты­руда біржақтылыққа, та­мыр-таныс­тық­қа жол бермеу жолы деп ойлайсыз ба?

– Әрине, Елбасымыздың бастамасын Үкімет үш кезеңде өткізуді жоспар­ла­ға­ны да өте құптарлық іс. Өйткені, Мемлекет басшысының осы тапсырмасын іске асыру жолдары туралы мәселені Үкімет бекітті.

Құқық қорғау органдары бас­шы­ла­рын, өңірлік және аумақтық маман­дар­ды кезекпен тексерістен өткізу бұл істің жоғары нәтижеге қол жеткізетініне кепілдік береді.

Үкімет отырысында Президент Әкім­шілігінің Басшысы А.Мусин айт­қан­дай, «Кезектен тыс аттестаттауды ұй­ым­дастыру және өткізу барысында фор­мальдылыққа, біржақтылыққа, тамыр-таныстыққа жол бермеу аса маңызды», деп білемін.

Осыған орай бұл саралау, таразылау барысында әділеттілікті басшылыққа ала отырып, кәсіби мамандар құқының тап­тал­мауына, жеке мүдделерінің ескерілуіне бірінші кезекте мән берілуі керек деп есептеймін, осылайша еліміздің құқық қорғау салаларын сапалық жағынан жа­ңаруына қол жеткізуге тиіспіз. Сонымен қатар, кәсіби және ұйымдастырушылық қабілетімен танылған азаматтарды даралап көрсетіп, оларға әділетті баға беріп, жоғары лауазымға қол жеткізулеріне демеу жасауымыз қажет.

Елімізде жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны бар­ша­мызға аян, осынау аттестаттау барысында арнаулы мемлекет қызметкерлерінің ара­сын­да келеңсіздікке жол берген маман­дарды да анықтап, оларды өз ортамыздан аластату керектігі күн тәртібіндегі мәселе деп білем.

– Елбасы Жолдауында құқық қор­ғау органдарын сапалы кадрлық жа­ңар­тумен қатар, олардың ақшалай ри­зы­ғын арттыру мен әлеуметтік қол­дау­дың дестесін ұлғайту мәселесіне де ерекше мән берді.

– Иә, бұл өте дұрыс іс болды. Мемлекет басшысының: «Құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің ақшалай ризығын арт­тыру мен қолдаудың әлеуметтік дестесін кеңейту, сондай-ақ олардың техникалық жарақтандырылуы мәселе­ле­рі қаралуға тиіс», деп көрсетуі қазіргі таңдағы құ­қық қорғау орган­да­ры­ның әлеуметтік жағ­дайы­­мен санасу қажет­тігін көр­сетеді.

Шын мәнінде мемлекет қызметкерлерінен жоғары деңгейдегі жұмысты талап ету үшін, олардың мате­риал­дық жағдайын әрқа­шан­да есепке алып, тек осындай жағдайда ғана табысқа қол жеткізілетінін ұмытпауымыз керек.

Экономистердің есептеуінше, мемлекет тарапы­нан көп шығындар кадр­лар­дың кәсіби біліктілігі­нің тө­мендігінен және мекеме басшыларының сау­ат­ты да білімді маман­дар­ды таңдай білмеуінен бо­ла­ды екен. Бұл орайда ұлттық комиссия құ­рылып, білікті басшыларды іріктеу жө­нінде Үкімет басшысына және Елбасына ұсыныс-кепіл­демелер жасалынса, құптар­лық жәйт.

– Қазіргі кезеңде құқық қорғау ор­ган­дарына қызметке алынып жатқан және жұмыс істеп жүрген мамандардың кейбірі екінші заң білімін алып, тамыр-таныс арқылы қызметке ілігіп жат­қан­дар. Осы арада заңды сұрақ туады: неліктен олар бірінші мамандығы бой­ын­ша қызмет атқармай, екінші мамандық бойынша жұмыс істеуге тырысады?

– Иә, өте дұрыс айтасыз. Бұл заңды және қазіргі таңдағы нағыз өткір сұрақ болып тұр. Өйткені, әлдебіреулер жасы 35-40 жеткенде екінші мамандықты игеру үшін құқық қорғау органдарына келіп, жаңадан қызмет жолын бастайды. Енді оған сол қызмет арқылы кәсіпқой дәрежеге жетуге, яғни жаңа мамандыққа машықтан­ған­ша қаншама уа­қыт өтеді. Әп-сәтте ол құқық қорғау ор­га­нының білікті де кәсіпқой маманы болып шыға ала ма? Ойды ой туғызады дегендей, сіздің сұрағыңызға орай осы жағын терең талдап, таразыға тартар жан бар ма екен?

Ал енді арнайы ведомстволық оқу орындарын бітірген кәсіпқой кадрларды түрлі себептермен жүйеден, қызметтен қууға дайынбыз. Осы кадрларды оқытуға мемлекеттің қаншама қаржысы кеткендігін еске алуымыз қажет. Басынан бастап бұл кадрларды қандай жоғары оқу орындарын­да кімдер оқытты, қызметке келгенде ал­ғаш­қы тәлімгері кім болды және басшы­ла­ры кімдер, неге солардан біз жауапкершілікті талап етпейміз? Міне, осы мәселеге нақты жауап табылса ғана біз құқық қорғау қызметкерлерінің сапасы жайында айта аламыз.

– Бұл сіз айтқандай тек жоо оқыту­шы­ларына ғана емес, сонымен қатар қыз­мет орындарындағы басшылыққа да үлкен сын ғой.

– Әрине, осыған орай бір мысал келтірейін. Мен алғашқыда сот жүйесіне сот мәжілісінің хатшысы болып орналас­қа­ным­да, аудандық соттың төрағасы Қазақ­станның еңбек сіңірген заңгері атағы бар бір үлкен азамат болатын. Сол кісі жұ­мыс­тың көптігіне қарамастан, әрбір кадрмен уақыт тауып, жеке әңгіме­ле­сіп, қызмет барысына талдау жасап, оңды бағдар беріп отыратын. Міне, осындай тә­жірибелер ұдайы назарда болуы қажет деп ойлаймын. Ал қазір қарап отырсаңыз, бар­лық қала­ларда жоғары оқу орындарында заң факультеттері ашылған. Бұл факультеттерде оқытушы-профессорлар кадр­лары­ның құ­рамы нашар, оқыту­шы­лар­дың көпшілігі ар­найы дайындықтан өт­пе­ген, педаго­ги­ка­лық тәжірибелері төмен, ғылыми-педаго­гикалық еңбектері немесе жарияланым­дары жоқтың қасы, сондықтан ғылым мен білім саласында кездейсоқ адамдар да кездесетіндігі жасырын емес.

Оны айтасыз, тіпті шынына келгенде дәріс беріп жүрген пәндері бойынша оқу бағдарламасына сай тиісті дәрістердің тезистерін де дайындай алмайтын оқытушы­лардың бар екеніне күмән келтірмеймін.

Мен өзім практикалық қызметте 20 жылдан аса құқық қорғау органдарында қызмет істей жүріп, осы салада көптеген білімді, тәжірибелі азаматтарды көрдім. Неге біз осындай білікті мамандарды жоға­ры оқу орындарына шеберлік сыныптарын өткізуге көбірек тартпаймыз? Ал біз мұн­дай мақсатқа азаматтарды шақырғанда әдетте, қолы бос, тайыз адамдарды маман деп шақырып жатамыз. Өтірік емес, бұл жағдайлар өмірде жиі кездесіп жатады.

– Ол неліктен деп ойлайсыз?

– Ең басты кемшілік, жоғары тұрған басшылар кадрларды іріктеуде ол адам­ның кәсіби біліміне, тәжірибесіне және іскерлігіне көңіл бөлмей, керісінше, өзіме жақын адам, мені сатпайды деген қағидатпен іріктейді. Ал сонда тамыр-та­нысы жоқ білімді адамдар қайда қалады? Ары таза адамдар басшыларға жағым­паз­дық жолмен қадам жасай алмайды, сон­дық­тан бұл кадрлар баяу өседі, соңынан ол адамның тазалығына, кәсіби шеберлігіне басшылықтың көзі жеткен кезеңде өздері де қызмет шеңберінен тыс қалады. Ал бұған кім кінәлі?

– Әрине, қызметке тамыр-таныс­тық­пен келген, өзімнен білікті жан қоластымда болмасын дейтін және осы арқылы өз мүддесін мемлекеттік мүд­де­ден жоғары қоятын тоғышарлар кі­нә­лі. Олардың өресі өркениеттілік өні­мін игеруге қашан жете қояр екен?

– Сондықтан да біз қызмет саласында біреуге қиянат жасамау үшін адамды және қызметкерді тек қана кәсіби шеберлігі мен адамгершілік қасиетіне сай бағалай білуге үйренгеніміз абзал. Әйт­пе­се, төмендегі қызметкер кейде бір жаңа­шылдық танытып, жаңа бастама жасап жатса, газет-журналдарда жақсы ойлары жарияланса, оған қызғанышпен қарайтын адамдар тобы пайда бола қалады. Міне, осы кезеңде адал басшылар әділ бағасын беріп, дұрыс бағдар жасай білсе, ол кадр­лардың бағы дер кезінде ашылар еді. Өкі­ніш­ке орай бізде субъективтік жағд­айлар басым түсіп жатады.

Құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерін аттестаттау кезінде Елбасы айтқан 5 жылдық ротация талаптары да ескерілуі қажет. Өйткені, қазіргі таңда құқық қорғау органдары басшыларының қызмет еткен орындарына екінші рет қайта келу үрдісі белең алып отыр. Ал бұл мәселенің бұлай өрбуі нұсқаудың дұрыс орын­далмауы деп есептеймін.

– Сонымен аталған кезектен тыс ат­тестаттауды өткізудің мақсаты не дер едіңіз?

– Аттестаттауды өткізу ережесіне сәйкес аттестаттау комиссиялары құры­ла­ды, комиссияның құрамына Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, жұртшы­лық­тың, партиялардың, БАҚ өкілдерінің кіруі де құптарлық іс. Бұл бағыттағы тексерістен өткен адамдар туралы жұртшылық пікірін білу үшін Президенттің ресми сай­тында арнайы айдардың ашылуы да бұл бастаманың жария түрде әрі ашық пішінде өтетініне кепілдік береді деп ойлаймыз.

Ал аттестаттауды өткізудегі басты мақсат – барлық мамандарды жаппай құлату емес, керісінше, олардың білмегендерін білуге ұмтылдырып, жұмысқа деген құлшыныстарын күшейту, сөйтіп құқық қорғау қуатын арттыру. Президент Әкім­ші­лігінің Басшысы Аслан Мусин атап өт­кендей, аталған мерзім ішінде бүкіл жа­ңар­тылған тетіктер сапаласып болатын­дай, барлық деңгейлер мен аумақтарда кадрлар кәсіби тұрғыда орнығатындай, жеке құрамның мінез-құлқында өзгеріс­тер орын алатындай «өтпелі кезең» қа­жет. Өйткені, барымызды бағалай білмесек, кім бізге жақсы маманын берер дейсіз. Сондықтан бұл саралауды үлкен жауап­кершілікпен өткізу қажет деп білеміз.

Құқық қорғау органдарының қызмет­кер­лері бұл еліміздегі тәртіптің кепілі, бұл салада білімді, мәдениетті, көпшіл, халыққа қамқор, қиындыққа шыдамды, темірдей тәртіпке төзе білетін халық сақ­шысы ғана қалуы қажет.

– Салиқалы да салмақты әңгімеңіз­ге рахмет.

Әңгімелескен  Александр ТАСБОЛАТОВ.

Алматы.

Біліктілік сынға түседі

Адам құқығын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, жалпы тыныш та бейбіт өмірді қамтамасыз етуде құқық қоғау органдары қызметінің орны ерекше. Бұл осы салалардағы қызметкерлердің адамгершілігі жоғары, кәсіби біліктілігі мықты, келеңсіз қылықтардан ада азамат болуын талап етеді. Шыны керек, әлі де «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, қолы да, ары да таза емес, өз міндетіне салақ қарайтын қыз­мет­керлердің кездесіп қалатынын өмір­де көріп жүрміз. «Көп тұрса, су да са­си­ды» дегендей, кадрлардың өзінің кәсіби біліктілігін көтермей тоңмойынданып кетуі тек өзіне ғана емес, қоғамға да зиян­ды. Соның ішінде адам тағдыры­мен байланысты құқық қорғау сала­сын­да тәртіп пен реттілік, кәсіби біліктілік алдыңғы орында болуы қажет-ақ.

Бұл бағытта Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың «Қазақстан Республикасы құ­қық қорғау органдарының қызмет­кер­лерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жарлығы күн тәрті­бін­де­гі өзекті мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етеді деп күтілуде. Мұның өзі өмірдің даму процесіндегі құқық қорғау органдарының қаншалықты маңызға ие екенін де көрсетеді. Адал жолдан тай­ып, арсыз қы­лық­тарға баратындарға, қыз­мет мәде­ние­ті төмен дөрекілерге құқық қорғау сала­сында орын жоқ. Аттестаттау осындай қоғамға дендеп кеткен келеңсіздіктермен күресетін құ­қық қорғау қызметкерлерінің қатарын таза­лау­ға ықпал етері даусыз. Жарлық мәні­нен тағы бір аңғарғанымыз, бұл жолғы аттестаттаудың жөні бөлек. Құқық қорғау органдарының қызмет­кер­лерінің ел заңнамаларын білуі, дене шы­нық­ты­ру, жауынгерлік және қыз­мет­тік даяр­лығы, денсаулығы сарапқа са­лы­на­ды. Шынын айтқанда, әріптес­тері­мізден үл­кен жауапкершілікті талап етеді. Сон­дық­тан да «қапыда қалдық» деген болмас үшін дайындық жұмыс­та­ры­на ай­рық­ша мән берілуде. Бұл ба­ғыт­та біліктілікке, моральдық-психология­лық қа­сиет­терге, бүгінгі таңдағы биік талап­тарға сәйкестікке басымдық берілетін болады. Комиссия мүшелерінің ауызекі әңгімелесуден кейін барып шешім шы­ғаруы да ағаттықтарға жол бер­меудің қамы. Қызметтік борышын сана­лық­пен орындауға төселген, өзін ұдайы жетілдіріп отыратын қызметкерлерге бұл көп қиындық тудырмасы анық.

Сонымен бірге, бұл бұрынан келең­сіз көріністерге ұрынып жүргендерге үл­кен сын болары сөзсіз. Аттестаттау – құ­қық қорғау саласының кадрлық әлеуе­тін арттыратын бірден-бір тиімді шара. Бұл үрдіс құқық қорғау қыз­мет­керлерінің ұдайы жинақы да ширақ жү­руіне ықпал етеді, рухани дамуға алғы­шарт жасайды, еліміздегі өзгерістерді қа­дағалап отыруға тәрбиелейді деп ойлаймын.

Қазір департаментте кадрларды аттес­тат­тауға дайындық жұмыстары басталып кетті. Қанша қызметкер аттестаттаудан өте­­тіні нақтылануда. Басқа да бұған қа­тыс­ты шаруаларды тиянақтап жатырмыз. Қыз­меткерлерді аттестат­тау­дан өткізу кадр­ларды тағы бір іріктеп алуға мүм­кін­дік береді. Бізде ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Тәлім­гер­лік те тәжірибеге енгізілген. Жас полиция қызметкерлерінің қыз­мет­тік міндеттерін терең сезінуі үшін бір­қа­тар ұйым­дастыру шаралары жүзеге асы­ры­лу­да. Со­ның өзінде да ара-тұра болса да қыз­меттік міндетіне салақ қараушылар төбе көрсетіп қалады. Сондықтан аттеста­ттау­дың қайтарымды болатынына сенімдіміз.

Бағдар ӘБУОВ, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті кадрлық жұмыс басқармасының бастығы, полиция майоры.

Ақтөбе.

 

Кәсіби шеберлік артады

Заңдылықты қадағалау органында отыз жылдан бері еңбек етіп келемін. Қай жерде жұмыс істесем де, қолымнан келгенше жастарды демеп, жәрдемдесуге ұмтылып отыра­мын. Оларды көргенде өзімнің жастық шағым, алғашқы еңбекке араласуым, ақылшы ағалардың көмегі есіме түседі. Біздің кемшін соққан тұстарымызды тә­жірибенің аз­ды­ғына балап, әлі-ақ шеберлігі кемелденген маманға айналасыңдар деп бола­ша­ғымызға үміт артатын. Мұны тәптіш­теп айтып отырғаным, Елбасымыз Н.На­зар­баевтың «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы құ­қық қорғау органдарының қыз­мет­кер­ле­рін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу ту­ралы» Жарлығы қазіргі заманғы құқық қор­ғау жүйесін құруға арналған кадрлық әлеуетті қалыптастырумен бірге, жас ма­мандардың кәсіби шеберлігін сын тезінен өткізудің бір құралы дер едім. Жарлық шық­қалы Жоғары аттестаттау комиссия­сы туралы ереже, оның құрамы, кезектен тыс аттестаттауды өткізу жөніндегі қағи­да және басқа да атқарылатын іс-шаралар бекітіліп, жергілікті жерлерде де ұйым­дас­тыру жұмыстары қызу басталып кетті. Біздің мекемедегі 40-қа жуық қызмет­кер­­дің үштен біріне жуығы жастар. Қай-қай­сысы болсын жоғары оқу орнында ал­ған білімін тәжірибемен ұштап, кәсіптік деңгейін көтергісі, маман ретінде ысы­лып-төселгісі келеді. Бүгінде тек заң­нама­ны жетік білу, жоғары сауаттылық жеткіліксіз екенін үнемі айтып, жақсы ұла­ғат­тарды бойларына сіңіруге ты­рысамыз. Пре­зидентіміз талап етіп отырғандай, қа­зақ­стандық құқық қорғау қызметкерінің адамгершілік бет-бейнесін қалып­тас­ты­ра­тын биік мәртебеге, халық сеніміне, ыс­тық ықыласына ие болу мұраты бәрі­міз­дің асқақ парызымызға айналса дейміз.

Бүгінге дейін негізінен қызметкердің сауат­тылығы мен жұмысы сараланып қана келсе, енді осы бір қасаң түсінік тү­бе­гейлі өзгеріске ұшырап, мамандық кешенді түрде бағаланбақ. Құқық қорғау ор­ган­дарының қызметкерлерін аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясы туралы Ереже мен қағи­да­ла­рын­да «қызметкерлердің өздеріне жүк­тел­ген міндеттерді орындау қабілеті және олардың жұмыстарының нәтижелері, тео­рия­лық білімдері мен практикалық дағды­лары­ның деңгейі, логикалық ойлау қабі­ле­тіне сай компьютерлік тестілеу өткізу, дене шынықтыру, жауынгерлік және қыз­меттік даярлық бойынша белгіленген нормативтерді тапсыру, психологиялық ор­нық­тылығын тексеру» секілді негізгі өл­шем­дердің белгіленуі жоғарыдағы сөзі­міз­ге айғақ болса керек. Елбасының тап­сыр­масымен Президент Әкімшілігі Бас­шы­сы Аслан Мусиннің төрағалығымен аталмыш Жарлыққа байланысты өткен кеңесте де аттестаттаудың басты мақ­сат­тары нақтыланып, үш кезеңді қамтитын ауқымды міндеттер белгіленді.

Жасыратыны жоқ, арамызда кездейсоқ жүрген құқық қорғау қызметкерлері бар­шылық. Енді кәсіби біліктілігі төмен, тап­сырылған іске жүрдім-бардым қарайтын ондай жандарға тосқауыл қойылады. Алды­мызда халық мүддесінен гөрі қара­қан басының пайдасын көбірек ойлайтын қызметкерлерден заңды түрде арылу, қатарымызды мемлекетшіл, адал, таза ойлы мамандармен толықтыру мақсаты тұр. Күнделікті жұмыс барысында қыл­мыс­ты жасырып қалушылық секілді ке­леңсіз әдеттермен ара-тұра болса да кездесіп қаламыз. Қылмысты жасырған қыз­меткер жемқорлық әрекетке бейім деген сөз. Сол сияқты қылмыстық істің алдын ала тергеу, тексеру қорытындылары әлі де қанағаттандыра бермейді. Оның басты себептерінің бірі тергеушінің біліксіздігіне келіп тіреледі. Өз ісіне немқұрайды қарау салдарынан адамдардың тағдыры басқаша шешіліп, соның салдарынан құқық қорғау органдарына деген сенімсіздік туындап жатады.

Аттестаттау – бәрімізге сын, ертеңгі күнімізге үлкен сабақ. Ол құқық қорғау саласының жұмысын жетілдіріп, сапалық жаңартуға жол ашары анық.

Қонысбек ЫБЫРАЕВ, Петропавл қаласының прокуроры, аға әділет кеңесшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы.

 

Мамандар іріктеледі

Бәрімізге белгілі сыбай­лас жемқорлық қоғамдағы аса қауіпті әлеуметтік дерт­тің бірі болып саналады. Біз­дің елімізде сы­байлас жем­қорлықтың көрі­ніс­терінің ал­дын алуға және оған жол бермеу үшін қоғам­ның тұ­рақ­тылығына аса қауіп төн­діретін жүйелі жем­қор­лық фактілерін анықтау және жо­лын кесу үшін көп­теген жұ­мыстар жүргізілуде. Осын­дай іс-шаралардың ба­сында Елбасымыз Н.На­зар­баевтың тікелей бастама­сы­мен құ­рыл­ған Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жем­қорлыққа қар­сы күрес агент­тігінің (қар­жы полиция­сы) рөлі ерек­ше екендігін атап өткеніміз жөн. Біздің елімізде осы салада қол жеткен жетістіктеріміз аз емес.

Бұған сыбайлас жем­қор­лық­пен күрестің нәтижелі жүруі бойынша еліміз ТМД елдерінің алдында келе жат­қандығы дәлел бола алады. Бір­ақ әлі де болса қоғамы­мыз­да келеңсіз жағдай­лар­дың орын алып отыр­ған­ды­ғын мойындауымыз қажет.

Қазақстан соңғы жылда­ры сыбайлас жемқорлықпен күресте әлемдік деңгейдегі бе­делді рейтингілік агент­тік­тердің сараптамасы бойынша елеулі сатыға көтеріліп отыр.

Сондықтан да Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан хал­қы­на арнаған биылғы Жол­дау­ында сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрестің тоқта­май­тындығын, оны бұрын­ғы­дан да күшейте түсу қажет екендігін атап өтті.

Елбасының тапсырмасы бойынша қаржы полиция­сы­ның қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа және «көлең­ке­лі» экономикаға қарсы тұру арқылы еліміздің экономи­ка­лық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтар мен кә­сіпкерлердің заңды құқық­тары­ мен мүдделерін қорғау үшін аянбай еңбек етуде. Сонымен қатар, қоғамда орын алып отырған экстремистік және лаңкестік ұйымдардың қыз­метін қаржыландырып отыр­ған шетелдік және ел ішіндегі қаржылық арна­лар­ды жою үшін де жүйелі түр­де жұмыс жасалуда. Сон­дық­тан да болар, қаржы полицейлеріне біліктілігі мен білімділігі жағынан, сондай-ақ қыз­меттегі тазалығы жағы­нан қойылатын талап та жоғары.

Енді Елбасымыз Н.Ә.На­зар­баевтың «Қазақстан Рес­пуб­ликасы құқық қорғау ор­ган­дарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өт­кізу туралы» Жарлығы шық­­­ты. Осы Жарлық бой­ынша барлық құқық қорғау ор­гандарының жеке құрамы­нан 110 мыңнан астам қыз­меткер кезектен тыс аттестаттаудан өтетін болады.

Аттестаттаудың мақсаты – құқық қорғау жүйесі қыз­меткерлерінің кәсіби дайын­дық деңгейін және олардың қазіргі заман талаптарына сәй­кестігін анықтау, құқық қорғау органдарында моральдік-адамгершілік қасиеттері төмен және жемқорлық әре­кеті арқылы жалпы мемле­кеттің беделін түсіретін біліксіз қызметкерлерден тазарту болып табылады.

Бұл кезектен тыс аттестаттау – саяси, экономика­лық және демократиялық ре­формаларды алдыңғы қатар­ға қойып отырған Қазақ­стан­ның дамуындағы сапалы бе­лес­тердің бірі. Сондықтан да біз кезектен тыс аттес­та­т­таудың нәтижесінде қаржы полициясының құрамы білікті, адал, өз елінің пат­риоты, өз мамандығын сүйе­тін қыз­меткерлермен сапалы түрде жаңаратындығына сенімдіміз.

Жаңабай БЕКІШЕВ, Қаржы полициясы органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Қызылорда.

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.