Құқықтық педагогиканың қалыптасуы — сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізі
By maukazan On 20 Ноя, 2012 At 04:54 ПП | Categorized As 2012, №3-4 (20-21) май-июнь | With 0 Comments

Б. А. Тойлыбаев,

п.ғ.д., профессор, қаржы полициясының подполковнигі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Әлеуметтік экономикалық жаңару – Қазақстан дамуы­ның басты бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында он ауқымды мәселеге көңіл бөлгендігі белгілі.

Оның ішінде барлық бағытқа қатысы бар алтыншы бағыт, ол – «Парақорларды анықтау және сотқа тарту жеткіліксіз. Жаңа құқықтық тетіктерді, ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалану, жұртшылықты жемқорлық тәртіп бұзушылықты ескерту мен алдын алуға кеңінен тарту» [1].

Бұл дегеніміз – қылмыспен күрестің дәстүрлі жүйесінен басқа да жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді жетілдіруді және қолданысқа ендірудің қажеттілігі. Себебі қылмыстың қай түрі болмасын, тек құқық қорғау органдары, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы, қаржы полициясы ғана емес, қоғам болып күрескенде ғана алға қойған мақсат оңтайланатыны белгілі.

Әдетте біз заң бұзылғанда немесе жемқорлыққа қатысы бар болғанда анықтап жазаға тартамыз. Ал оның не себептен қылмысқа барғандығына, оның шығу тегіне және қоғамдағы әлеуметтік жағдайларына жете мән бермей, бір жақты қараймыз. Бәрімізге белгілі, заң ақиқаттың соңғы нүктесі, адамдар заңды орындау керек, оны талқылауға болмайды, бірақ сол заңды бұзып отырған қоғамда қаншалықты құқықтық сана, құқықтық мәдениет қалыптасқаны бүгінде өзекті мәселе болып отыр.

Заң қоғамдағы азаматтар мен мемлекеттің және сол қоғамдағы адамдардың қарым-қатынасын реттеуге бағытталса, онда құқықтық мәдениет оның әлеуметтік шекарасын айқындайды.

Заң ғылымында құқықтық қабілет­тілік деген анықтама бар, ол қай қоғам болмасын азаматтардың қарым-қатынасы барысында заңды бұзбауы, заңда көрсе­тілген нормаларды сақтай отырып өзінің әлеуметтік, рухани және экономикалық қажеттілігін өтей білуі қабілеті десек, онда қай қоғам болмасын құқыққа деген азаматтардың әлеуметтік сұранысын, мемлекет жағынан қанағаттандыруға

тиісті. Ал құқыққа деген сұраныстың шекарасы тікелей құқықтық сананың қалыптасу деңгейіне  байланысты.

Сондықтан бүгінгі біз көтеріп отырған өзекті мәселенің шешіміне құқықтық сауаттылық, құқықтық мәдениеттілікке тәрбиелеу арқылы қол жеткізуге болады.

Яғни мемлекет азаматтардың талабын қанағаттандыратын заңды ұсына отырып, заңды бұзбау үшін өз құқығын білуге және өзгенің құқығын таптамауға тәрбиелеу – бүгінгі күні көкейкесті мәселе.

Біз көтеріп отырған өзекті мәселеге байланысты әлеуметтану саласындағы ғалымдардың ойларын сараласақ, Ж.Л. Бержельдің «Социология заңгерлерге олардың зерттеу жұмыстарына және шығаратын заңдарға бағыт көрсетеді, өйткені қоғамдағы болып жатқан өзгерістер мен қарым-қатынасты реттеуге қажетті заңдарды қай бағытта қалай дамытуын, олардың қаншалықты қоғамдағы қатынасты реттей алатынын көрсетіп отырады» [2] деген ғылыми теориялық пікірі бүгінде құқық бұзушылықты болдырмау және қылмыспен күресте оның алдын алудағы шығарылатын заңдар қоғамның әлеуметтік жағдайын ескере отырып қабылданғанда ғана табысты болатынын көрсетіп отыр.

Дәл осы мәселеге байланысты зерттеулер көрсеткендей, 1930 жылдары АҚШ-та болған экономикалық дағдарыс әлеуметтік құқықтың дамуына алып келді. Яғни бүгінгі еліміздегі қылмыспен күрес, оның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді жолы – ол әлеуметтік құқықтық тұрғыдан зерттеулер және оны іске асырудағы құқықтық тәрбие, құқықтық  педагогика болмақ.

Себебі бүгінгі қылмысқа қарсы күрес бір жақты жүргізілуде тек құқық қорғау органдарының үлесінде және олардың міндетіне әлеуметтік құқықтық зерттеулер мен құқықтық тәрбие қамтылмайды.

2007 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстандағы қоғамдық бірлестіктермен кездескен кездегі сөзінде: «Қазақстандықтарды заңды сыйлауға, оны орындауға тәрбиелеу керек. Себебі адам заңды бұзбаған жағдайда ғана ерікті болады. Ал ол заңды бұзғаннан бастап мемлекеттің қарсыласы болып табылады, сондықтан да ол жауапқа, жазаға тартылады. Өйткені заң – біздің мемлекетіміздің негізі», — деп көрсетті [3]. Бұдан біз көтеріп отырған өзекті меселе –  құқықтық тәрбие – құқықтық сана мен құқықтық мәдениет қалыптасқан қоғамда ғана болатыны белгілі болды. Яғни алға қойған мақсатқа жету үшін жоғары оқу орындарында заңгер мамандарын дайындауда құқықтық педагогиканы мамандық ретінде енгізу қажеттілігі туындап  отыр. Бұл, біздің ойымызша, ХХІ ғасыр талабы деп ұғынуымыз керек.

Өкінішке орай, бүгінгі заңгер мамандардың құқықтық тәрбиесі мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру барысында біз дайындап жатқан заң саласындағы мамандар бұл мәселелерді шешуге толығымен бағытталмаған.

Себебі біздің дайындап жатқан заңгер мамандарымыз білімді, сауатты, заңды жақсы білгенімен, олар әлеуметтік жағдайларды ескере отырып, қоғамда құқықтық тәрбиені, құқықтық идеологияны жүзеге асыру методикасын біле бермейді. Олар тек құқық бұзушылық немесе қылмыс жасалғанда ғана өздеріне заңмен бекітіп берілген, қызметтік міндетіне сай күштеу және мәжбүрлеу шараларын қолданады.

Яғни құқық бұзушылықтың алдын алудың және оны болдырмаудың жолы бұқарамен құқықтық мәдениетті қалыптастыруда мақсатты құқықтық тәрбие жүргізу дағдысы қалыптаспаған. Өйткені Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарына халықты құқықтық мәдениеттілікке тәрбиелеу міндеті кірмейді. Мысалы, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары туралы заңында «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары — бұл құқық нормаларын, тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің, қоғамдық немесе басқа да бірлестіктердің заңды құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, өздеріне жүктелген міндеттерді қамтамасыз ету мақсатында, өздеріне заңмен жүктелген мәжбүрлеу шараларын  қолдануға бағытталған, арнайы мемлекеттік өкілеттіктерді жүзеге асыратын билік тармағы» [4] деп көрсетілген.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының жағдайындағы құқықтық мемлекет болу үшін құқықтық мәдениет, құқықтық сана қалыптастыру мәселесі және оған жетудің жолдары аса қажет.  Өйткені дәл қазіргі мезетте бұл шараны қолға алмау мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізеді. Мысалы, Қазақстанда құқықтық мәдениет, құқықтық сана туралы қарапайым халық түсінбейді. Тіпті олар өзінің  конституциялық құқықтары мен  міндеттерін де жете біле бермейді.

Оған дәлел ретінде 2007 жылғы елімізде жүргізілген (легализация) жылжымайтын мүлікті заңдастыруға қатысты мәселені жатқызуға болады. Одан байқағанымыз, халықтың заңнан хабары жоқтығы, оларды бос әуре сарсаңға салуға, сонымен қатар Қазақстанда өз мерзімінде заңдастыру мәселесінің дұрыс  шешім таппауына негізгі себеп болды және оның кері әсері бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Тіпті, біздің пікірімізше, сыбайластық жемқорлықтың жүзеге асырылуының да бір жолы — осы  қарапайым халықтың құқықтық сауатсыз болуы, құқықтық қаблетсіз болуына байланысты.

Себебі  кейбір белгілі бір өкілеттіктерді жүзеге асырып отырған тұлғаларға осы тиімді. Заңды білметін халықты басқару олар үшін оңай, себебі заңнан сауатсыз халық оған көнгіш және құқықтық қаблетсіз келеді.

Біздің пікірімізше, тіптен қылмыстың жасалуына да халықтың заңды білмеуі, құқықтық мәдениетінің дамымауы бірден бір себеп болып отыр. Оған мысал ретінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің 11.02.2012 жылғы шынайы мәліметіне жүгінсек, тіркелген қылмыстың саны 57 пайызға, ал ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері 30 және 19 пайызға артқан. Нақты деректерге келсек, 2010 жылғы қаңтар айында тіркелген 9029 қылмыс тіркелсе, ал биылғы жылы 19302 қылмыс тіркелген екен, яғни қылмыс саны 10 мыңға артқан. Кәсіпкерлерді заңсыз тексерудің 670 оқиғасы, 770-тен астам лауазымды қызметкерлер жауапқа тартылғаны мәлім болды.

Бұл мәліметтен қоғамада қылмысты болдырмау шараларының әдістері артқан сайын, қылмыстың саны көбейгені байқалады..

Яғни жоғарыдағы айтылған өзекті мәселелерді шешудің жолдарын қарастыра отырып, біз мынадай ұсыныз жасаймыз.

Біріншіден,  жоғары оқу орындарындағы  дайындап жатқан заңгер-мамандардың оқу бағдарламасына өзгерістер қажет.  Студенттер мен тыңдаушыларға, заңгер мамандығымен қатар,  құқық тәрбие дағдысын қалыптасыру бағытында құқықтық педагогиканы терең игеруі қажетті. Өйткені адаммен тікелей қарым-қатынаста жұмыс атқаратын заңгерлер алдымен педагог, психолог, сонан соң заңгер екенін естен шығармауы тиісті. Екіншіден, мемлекетімізде қарпайым халыққа конституциялық құқығын қорғай білуге, оларды бұзбауға тәрбиелеу, құқықтарын, міндеттерін түсіндіру үшін қосымша заңгер-педагогтар қажетті. Заң бұқара халықтың мұң-мұқтажына, тұрмыс-тіршілігіне, өсіп-өнуіне дұрыс әсер етуі тиіс. Міне, осындай жағдайда құқықтық мемлекетте заңға деген сенім және оны қорғау пайда болады. Сондықтан да осы туралы Г.К. Варданянц айтқан пікір өте орынды деп есептейміз: « Құқық өзінің генезисінде, өзінің негізін қалайтын екі бағытты құрайды. Азаматтық қоғамның құқыққа деген сұранысы және оған қатысты құқықтық мемлекет тарапынан жасалынған құқықтық ұсыныс; ал  мәдениетт  бұл процесстің іске асырудың шекарасы: яғыный құқықтық сұраныстың шекарасы құқықтық мәдениет болады,  құқықтық мәдениетің қалыптасуы, қоғамда биліктік үстемдіктен қорғаудың негізі механизмі» [5] деп көрсетеді. Яғни, Г.К. Варданянц ойы, біздің ойымызға негіз бола алады. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру арқылы ғана, еліміздегі заңдылықты сақтауды, адамдар арасындағы дұрыс қарым қатынасты қалыптастыра аламыз.

Заңгер педагог ғалым Е.О. Алаухановтың бастамасымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Құқықтық журналистиканың даму бағыты» атты жиын өткізіп болашақта журналистер заңды білуге міндетті дей келе,журналистер дайындау барысында  заңды игеруді оқу процессіне енгізуі,  біздің көтеріп отырған өзекті мәселенің қажеттілігіне арқау бола түсті.

Құқықтық мәдениет, адамның өз құқығын қорғау үшін қашан, қайда шағымдануға болатындығын көрсетсе, ал, заң мәдениеті оны қалай іске асыруға болатынын айтады.

Үшіншіден, Қазақстанда жергілікті ауыл әкімшілігінің халқының санына байланысты, халықпен құқықтық тәрбие жүргізетін «педагог-заңгер» штаттын ашу қажет және  мемлекеттік бюджеттен оның еңбек ақысын қарастыру керек. Өйткені аталған заңгер құқықтық мәдениет қалыптастыру мақсатымен ауыл халқымен тығыз жұмыс жасайды. Оларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, заң саласында болып жатқан өзгерістерді оларға жеткізеді, сонымен қатар жоспарлы құқықтық тәрбиелік шараларын өткізу жүктеледі.

Н.Ә. Назарбаев 2006 жылдың 1-қыркүйегінде Республика Парламентіндегі үшінші сесиясында сөйлеген сөзінде: «Мемлекетті басқаруды жақсарту үшін, Қазақстан дамыған елу елдің қатарына кіру мақсатында, аса маңызды заңдарды қабылдау керек» деді.  Сонда ол өз сөзінде алға қойған мақсатқа жетудің бір жолы ретінде 19 ғасырда өмір сүрген Герман канслері Отто фон Бисмарктің бір сөзін жақсы келтірген болатын: «Қауқарсыз заңдар мен қарымды шенеуніктер арқылы елді басқаруға мүмкін болар еді-ау, алайды қауқарсыз шенеуніктермен ешқандай заң да көмектесе алмайды» [6]. Осы сөзінен-ақ Елбасы жоғарыда мемлекет басқарып отырған ел адамдарына, халықты құқықтық мәдениетке тәрбиелеу қажет екендігін айтып отыр.  Ойымызды қортындылай келе, қай сала болмасын, заңгер-педагог, педагог-заңгерлер қажет, бұл – бүгінгі өмір талабы. Оны қолға алу – еліміздегі құқықтық мәдениетті, заңдылықты сақтаудың негізі жолы. Құқық бұзылғаннан соң жазаға тарту адамды мемлекетке қарсы қойғанмен тең. Ал заң бұзылып, құқық сақталмаған соң жазалаудың өзі кеш.

Қорыта келе, құқықтық мемлекет ол қоғамдағы қарым-қатынас заң шеңберінде орындалуы деп түсінсек, оны жүзеге асыру заңгер-педагогтердің үлесінде.

 

Әдебиеттер:

 

1. Назарбаев Н. Әлеуметтік-экономикалық жаңару — Қазақстанның дамуының басты бағыты: Қазақстан халқына жолдауы. – Астана, 2012.

2. Бержель Ж.Л. Общая терия права. — М., 2000. — С. 293.

3. Ертісбаев Е. Казахстан и Назарбаев: логика перемен. – Астана: Елорда, 2001. – С. 535-536.

4. Сулейменов Г.Ж., Түсіпбеков Р.Т. Правоохранительные органы Республики Казахстан: Курс лекций. — Алматы, 2003. – С. 9.

5. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және ақпараттар орталығының 2000-2007 жылдар аралығындағы мәліметтері.

6. Варданянц Г.К. Социологическая теория права: Монография. — М.: Академический Проект, 2007. – 439 с.

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.