Ел болу үшін бостандық сүйгіш қасиет керек
By maukazan On 11 Окт, 2012 At 09:53 ДП | Categorized As 2012, №3-4 (20-21) май-июнь | With 0 Comments

Экономика ғылымдарының докторы, ҚР дипломатиялық

қызметінің еңбек сіңірген қызметкері

Сайлау Батыршаұлы:

«ЕЛ БОЛУ ҮШІН БОСТАНДЫҚ СҮЙГІШ ҚАСИЕТ КЕРЕК!»

Ел жайлы:

«ЕЭП-ке  кіруге  ерте!»

«1990 жылдан бастап Сыртқы істер министрінің 1-ші орынбасары міндетін атқарушы болып, Қазақстанның тәуелсіздік алуына тікелей атсалыстым. Мен өз басымның пайдасын іздеп, байлықты қуған адам емеспін, өмір бойы өз халқыма, дербес мемлекетіме қызмет етуді мақсат етемін. Осылайша Қазақстанның бүгінгі халықаралық деңгейде беделі жоғары, өз орны, салмағы бар елге айналуына үлес қосып, экономикасы мен мәдениетінің дамуына еңбек етіп келемін. Биліктің жақсы, үлкен істерін құптаймын, жетістіктерін қолдаймын. Ал келіспеген жағдайда өз пікірлерімді үнемі ашық айтамын. Бұл — халықтың болашағын, мемлекеттің мүддесін ойлағандықтан. Сол себепті, билік болсын, басқа қоғамдық ұйымдар болсын, ашық та, іштей болса да, менің пікіріммен санасуға мәжбүр. Мен өз мамандығымды жақсы игерген адаммын. Конституцияның, мемлекет заңдарының шеңберінде жұмыс істеймін. Түбінде сөзің дұрыс шығып жатса, үкімет, қоғам қолдап, айтқаныңа құлақ асады.

Мәселен, мен Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістікке кіруі ерте деп санаймын. Себебі, біз әлі өз шекарамызды, өндірісімізді, кеденімізді толық бекіте алғанымыз жоқ. Сол секілді, батыстың жаһандану идеологиясы мен гендерлік саясат, бір жынысты некеге тұру секілді өз іңдеттерін қазаққа сіңіріп жатқанына да қарсымын. Әлһамдулилла, біз қазақпыз, мұсылманбыз.

1990 жылғы Тәуелсіздік туралы Декларация 1991 жылы Тәуелсіздік жариялаудың алдындағы үлкен мағыналы документ болды. Онда былай деп жазылған: «Бір мемлекеттік егемендік туралы декларация қазақ ұлтының болашағы үшін қабылданып отыр». Өкінішке қарай, кейінгі 1995 жылғы қабылданған Конституцияда қазақ ұлты, қазақ мемлекеті деп айтылмаған, оның орнына «қазақстандық халық», «қазақстандық мемлекет» деп өзгертіліп жіберген.

Сыртқы істер министрлігінің дипломаты болып қызмет етуімнің арқасында талай жерді, мемлекетті көрдім. Кішкентай ғана екі-үш жүз мың халқы бар мемлекеттерде де болдым. Соларда жұмыс істедім. Олар да мемлекет болып отыр. Демек, мемлекет болу үшін міндетті түрде ондаған миллион халық болуы, автомобиль, самолет, трактор шығару шарт емес.

Ең бастысы – бостандық сүйгіш қасиет, айқын бағыт, ұстанар жол, идеология және мықты сенім қажет. Сондықтан мен Ресейсіз қалай күн көрем деп қорыққан адам емеспін».

Дін жайлы:

«Халық зайырлы болмайды!»

Астанадағы Еуразия университетінің профессоры Сәкең бір күні дәріске келсе, студенттердің қолдарына кішкене парақша ұстап отырғанын көреді. Қағаздың бір жағы -күнтізбе, екінші жағында — Рим папасының суреті, католиктердің мейрам күндері, т.б. жазылған. Сосын ол әлгі парақшаларды жинап алып, ректорға барады да: «Енді Еуразия университеті католицизмнің орталығына айнала ма?» деп мәселе қояды. Шошып кеткен ректор дереу университетте мұндай діни қағаздарды таратуға тыйым салады.

Кейін студенттерден: «Ислам дінінің қүндылықтары туралы не білесіңдер? Ол қашан пайда бодды? Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) қай кезде өмір сүрді? Қандай діни мерекелеріміз бар?» деп сұраса, білмейтіндері көп екен. Ал өз дінін білмейтін адамның басқа дінге кіріп кетуі оп-оңай.

«Мысалы, кәпірлер Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға көп қысым көрсетті, қасиетті Меккеден Мәдина қаласына көшуге мәжбүр етті. Кейін мұсылмандар күшейген соң, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккені қайтадан алғанда, өзіне қысым көрсеткендерге кеңдікпен қарап, тиіскен жоқ. Бұған қайран қалған бұрынғы кәпірлер де осыдан кейін ислам дінін қабылдап, мұсылман болды. Міне, бұл исламның адамгершілікті, инабаттылықты, мейірімділікті жақтайтындығының көрінісі. Ислам — ол нағыз гуманизм діні.

Ал иаһуди дінін тек еврейлер ұстанады, басқа халықтар, елдер оны қабылдамады. Өйткені, олар «құдайдың алдындағы ең сүйікті халық тек еврейлер» деп, өздерін басқалардан жоғары қояды. Исламда барлық ұлттар, барлық адамдар Алла-Тағалла алдында тең. Сондықтан да ислам дінін тек араб емес, басқа да көптеген халықтар, тіпті бүгінгі күні Еуропа, Америка жеріндегі халықтар арасында да қабылдап жатқандар көп.

Ресей Үкіметі, ақпарат құралдары православиені төбесіне көтеріп отыр. Қазір православиенің «Спас» деген телеарнасы бүкіл ТМД аймағына тарап жұмыс істеуде. Бірде кезіндегі Ресей патриархы Алексий II Ресейдің бұрынғы президенті В. Путинді қабылдап тұрып: «Если не было бы православия, тогда не было бы и русского народа, и Российского государства!» дегенін жақсы білесіздер. Сонда сол жерге жиналған орыстың ығай мен сығайлары дінбасының бір сөзіне бас шұлғысты, президент В. Путин оның қолын сүйді. Міне, олардағы діннің рөлі! Мұндай істі басқа елдердің басшылары да ұстанады. Себебі, мемлекеттің тұрақтылығын, тыныштығын және бірлігін нығайтудың негізі — бір дін.

Ал біздегі бұқаралық ақпарат құралдары болса дінді насихаттауға құлықты емес. Айтатын уәждері: «Біз зайырлы мемлекетпіз». Көп адамдар зайырлы мемлекет дегенді дінсіз мемлекет деп түсінеді. Бұл жерде мемлекеттік құрылым ғана зайырлы, яғни елді басқаруға дін араластырылмайды деген сөз. Бірақ, халық зайырлы болмайды! Сондықтан да, мұсылман мемлекеттері, христиан мемлекеттері, т.б. деп аталады.

Тәуелсіздік келгелі сәнге айналған тәңіршілдік идеясын көтеріп, өршітіп отырған да қазақтар емес, бұл да шекараның ар жағынан әдейі ұйымдастырылған арандатушылық, ұлтты бұзушылық. әрекет. Әлемде жүріп жатқан Батыстың иедологиялық үстемдікке жету күресінің бір тармағы осы: түркі халықтарын бұрынғы тәңіршілдік наным-сеніміне шақырып, Исламды арабтың діні деп, іштей іріту.

Осыдан 5 жылдай бұрын Алматыда Орта Азиядағы, Қазақстандағы және Алтайдағы тәңіршілдік тақырыбына арналған үлкен халықаралық конференция өткізілді. Көптеген шетелдерден арнайы қонақтар шақырылып, жоғары деңгейде өткен бұл жиынды кім ұйымдастырды дейсіз ғой? Қазақстандағы Францияның елшілігі! Бар ақшасын төлеп, қонақ үйін дайындап, түгелдей демеушілігін сол жасады. Ал оған тәңіршілдік неге керек бола қалды? Неге соншама қаражатын шашты? Конференцияның бас ұйымдастырушылары – еліміздегі белгілі тәңіршілдер Әуесхан Қодар мен Мұрат Әуезов болды. Кейін бірнеше рет Мұрат Әуезовтың өзімен сөйлесейін деп, кездесуге шақырдым. «Сенің әкең мұсылман, бабаң мұсылман. Енді тәңіршіл болып не көрінді?» деп ашық әңгімеге тартайын десем, кездескісі келмейді.

Тіл жайлы:

«Күрес тоқтамайды!»

 

Қазақстан Коммунистік партиясын Д. Қонаев басқарған сол тұста Алматыдағы  жалғыз қазақ мектебі жабылды. Бүкіл билік, зиялы қауым тұратын қазақтың астанасы ана тілінде оқытатын мектепсіз қалды.

Кейін ақын Шона Смаханұлы бастаған зиялы қауым өкілдері партияға, басқару органдарына, талай жерге хат жазып, әупірімдеп жүріп С. Киров атындағы №12 қазақ орта мектебін ашуға қол жеткізді. Оның өзінде қазақ мектебі демей, В.И. Лениннің үзеңгілес серіктерінің бірі – С.М. Кировтың аты өшіп қалатын болды деп, соның арқасында бұл іс жүзеге асады.  Осы топтың жұмысына мен де белсене араластым. 1986 жылғы көтерілістен кейін МҚК (КГБ) Ш. Смаханұлының және менің соңымнан шам алып түсті. Оған «Ұлтшылсың, қазақ мектебін аштырдың, жастар көтерілісі содан болып жатыр» деп айып тағып, апта сайын тергеуге шақырып, ақыры, қайран ақын, миына қан кетіп, қайтыс болды.

Жалпы, әлемнің барлық дерлік елдерінде мектептер 100 пайыз өз мемлекеттік тілінде оқытады. Мен өзім Астана қалалық «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы ретінде қазақ мектептерін көбейтуге атсалысудамын. Біз барлық басшылар балаларын өз ана тілінде оқытуы керек деп есептейміз. Бірақ, депутаттарымыз, министрлеріміз, әкімдеріміздің көбінің балалары орыс мектептерінде оқиды. Алматы мен Астанада әлі де орыс мектептерінің саны қазақ мектептерінен көп.

Кезінде «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» 2010 жылға дейін қазақстандықтардың бәрі қазақша сөйлейді деген жоспар болатын. Бірақ, ол орындалған жоқ. Содан кейін дәл осындай 2011-2020 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды. Алайда, көпшілік қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар бұл бағдарламаны қабылдаған жоқ.

Астана мен Алматы қалаларындағы белгілі тұлғалар және қоғамдық ұйым өкілдері тіл үйренуді 32 жылға созбай, тездетуін талап етіп, газеттерге үңдеу жарияладық. Егер тіл мәселесі бүгінгідей билік тарапынан сөз жүзінде қала берсе, 2020 жылы да Қазақстан азаматтарының бәрі қазақша сөйлемейді. М. Шаханов бастаған «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы және жұртшылық ана тіліміз шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанша, күресін тоқтатпайды.

Өмірзақ АҚЖІГІТ

 

«Жас қазақ үні» газеті

 

Редакция  мәліметі:

Сайлау Батыршаұлы — Қазақстанның тәуелсіздігі, тіліміз бен дініміздің жандануы жолында зор еңбек сіңірген ұлт жанашырларының бірі. Экономика ғылымдарының докторы, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері. Ташкент мемлекеттік университетін жене КСРО Сыртқы істер министрлігінің жоғары дипломатиялық мектебін бітірген. Сирияда Дамаск университетінде оқыған.

Кеңес Одағы уақытында шетелдік елшіліктерде қызмет атқарған санаулы қазақ азаматтарының бірі. Қазақ КСР-і Сыртқы істер министрлігінің 1-хатшысы, КСРО-ның Алжирдегі елшілігінің 3-хатшысы, КСРО-ның Конго Халық Республикасындағы елшілігінің 2-ші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ҚР-ның Египет Араб Республикасы, Израильдегі елшіліктерінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. Бүгінде Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі және Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Астана қалалық «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы.

«Дипломатия тек сыртқы емес…», «Мысырдағы Мәмлүк сәулет өнерінің тарихы» сынды басқа да кітаптар мен көптеген мақалалардың авторы. 

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.