Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ. Ұлы істер үндемей тындырылады
By maukazan On 3 Окт, 2012 At 05:19 ДП | Categorized As 2012, №3-4 (20-21) май-июнь | With 0 Comments

Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ,

Қазақстан Республикасының Украинадағы

Төтенше және Өкілетті елшісі

 

ҰЛЫ ІСТЕР ҮНДЕМЕЙ ТЫНДЫРЫЛАДЫ

 

«Ақиқат храмына аяқ басам десең, өз есебіңді есік алдына қалдыр» деген екен ұлылық. Қандай салмақты сөз!

Адам Алладан жақсылықты іштей тілейді, жар сала жариялап сұрамайды ғой. Сол сияқты, мына кезеңдік құбылысқа толы қысқа ғұмырда халқыңның мәңгілік игілігіне жарар сауапты бір іс бастасаң да — көптің көзіне түсіп, көрініп калу үшін емес, алақаныңа жүрегіңді жайып отырып, «ниетімді қабыл қыла гөр…» деп, құдайдан осы бастаған ісіңнің абыроймен аяқталуын ғана тілейсің. Себебі, таза ниет — несиеге берілмейді…

Мына жарық дүниеде төрт құбыласы түгел, мұрат-мақсатына жеткен мұңсыз адамды кездестірген емеспін. Нағыз адам — өзін қарыз адамдай сезінеді жер бетінде. Өйтпесе, өзін масыл ретінде көреді. Себебі өмірге келу де — сын, өмірден кету де — сын. Өмір — өзен болғанымен, адам ағын су емес қой, артына қарай алмай-тұғын. Артымызға бұрылып қарайықшы, ізіміз қалды ма екен? Қалмаса, өмірге келіп-кеткенімізден не қайыр?!.

Ал адамның артында қалатын ізі, ол — жасаған ісі. Іс те өз мақсатына карай бағаланады. Ол бағаны да өзің қоймайсың, қоятын өзгелер. Әділ бағаны беретін Уақыт пен Халық — қашанда қатесіз сыншы!

Сондықтан шығар, Ұлы істер үндемей тындырылады дейтініміз.

Алайда, менің үн қатып, бұл әңгімені қозғауымның өзіндік себебі бар.

Әрине, ақиқаттың жолы ауыр екенін білеміз. Көбіне-көп шындық кебісін кием дегенше, өтірік ауылды он айналып шығады. Оған да етіміз үйренген. Бірақ, ең қауіпті өтірік — сәл-пәл бұрмаланған шындық. Осыған байланысты, шырылдаған бір шындықтың бетін ашып, қазақтың атымтай-жомарт жеті Азаматының атын ардақтап, халыққа жеткізуді жөн санадым.

 

Ескерткіштер – ел еңсесі

 

«Өлі разы болмай, тірі байымас» деген. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен осынау салмақты сөздің байыбына барып, түп-төркінінен тағылым алған қазақ жұртының ата-бабалар аруағын ардақтап, қадір тұтатын қасиетін білеміз. Асылы, Алла-тағаланың халқымызға қарасып, қолдап, мейірім-шапағатын мол төгуі де нақ осы ниетіне берген қайырымы болар деген ой келеді кейде маған…

Мен де қазақтың бір қара баласы ретінде өзімнің өмір жолымда ұлтымыздың ұлы түлғаларының есімін қайта жаңғыртып, басын көтеріп, тарихи мұрасының сақталуына, сондай-ак, маңызды мәдени ескерткіштеріміздің корғалуына әрдайым назар аударып, жете көңіл бөліп, бұл іске бар пәрменім мен перзенттік парызымды қосып келе жатырмын.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып жүргенімде, сол тұстағы экономикалық жағдайлардың қиындығына қарамастан, халықты, кәсіпкерлерді жұмылдырып, Бәйдібек бабаның, Домалақ ананың, Бес ананың кесенелерін қалпына келтіріп, жаңғырту жұмыстарын ұйымдастыра алдық. Атқарылған істердің халық рухын көтергенін айтпағанның өзінде, идеологиялық тұрғыдан да мәні зор болды.

Айталық, бір сәт тоқсаныншы жылдардағы зауыт-фабрика тоқтап, бюджетке қаржы түспей, жалақы мен зейнетақы қолға тимей, жағдай біршама киындаған кезеңді еске түсіріп көрейікші. Осы тұста елдің ертеңге деген сенімін жоғалтпай, келер күндердің кемел жақсылығына үмітін оятып, бір мұраттың жолына топтастыра түсу қажет еді. Ал ата-баба рухына тағзым ету халыққа қашанда рухани күш берген. Осы мақсатпен кесенелерді қалпына келтіру, танымал тұлғалардьщ есімін жаңғырту сияқты сауапты істерді қолға алдық.

Әлі есімде, Бәйдібек баба мен Бес ананың кесенелерінің құрылысына кажетті қаражатты бүкіл ел болып жинағанбыз. Өзімнің рухани ағам Қуаныш Төлеметов екеуміз өнеге көрсетіп, корға бірінші болып 1000 доллардан каржы құйдық.

Сол жылдардың бағамымен бұл өте қомақты ақша болатын. Ал ақшасы жоқ адамдар малын салды. Сөйтіп, халық аянбай, қолдан келген көмегін қосты.

Құрылыстың бірінші кірпішін калау маған жүктелді. Кесене жобасын Ғабит Садырбаев жасады, ал құрылыс жұмысын менің әкемнің досы Сабыр Рахымұлы Адылов ағамыз басқарды. Айта кету керек, Сабыр Рахымұлы жиырма жылдан астам уақыт Ташкент қаласының бас сәулетшісі болған, көршілес Өзбекстан астанасының айрықша келбетін қалыптастыруға атсалысқан адам. Сөйтіп, Бәйдібек баба мен Бес ананың кесенесі бой түзеді.

Осы тұста Домалақ ана кесенесінің құрылысы да қатар жүріп жатты. Мұны қаржыландыруды оңтүстік өңіріне танымал кәсіпкер Алтынбек Төлепбеков өз мойнына алып, ал жобасын белгілі сәулеткер Сайын Назарбеков жасады.

Біз бұл жобаны ұзақ талқыладық. Себебі Маңғыстаудың ұлутасына катысты мәселенің сенімінен гөрі күдігі басым болды. Әрине, ол кезде мұның не екенін біз білген жоқпыз. Ұзак ойланып, ақылдасып, ақыры осы жобаға тоқталдық.

Сол бір өтпелі кезеңде халқымыз үшін атқарылған бұл жұмыстың маңызы аса зор болды. Мен осы объектілердің басы қасында жүрдім десем де болады. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанда осы екі кесенеге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы келіп, өз атынан құлпытас койды. Ал ашылу салтанатын біз караша айына жоспарладық. Бірақ ауыл ақсақалдары бұл рәсімді көктемге, яғни күн жылып, жер көктейтін мезгілге қалдыруды өтінді. Біз келісім бердік.

1997 жылғы 9 желтоқсанда мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі міндетін аткарудан босатылдым. Ал аталған кесенелер арада бір жарым жыл өткен соң, яғни 1999 жылдың көктемінде ғана ашылды.

 

*  *  *

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2007 жылғы 13 карашадағы Жарлығымен мен Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып, бірінші рет дипломатиялық жұмыска тағайындалдым. Елші болу — өте маңызды әрі жауапты жұмыс, оған орасан зор міндеттер жүктеледі. Өйткені елші — Қазақстан Президентінің өзге мемлекеттегі жеке өкілі.

Бағзы заманнан-ақ «Елдестірмек — елшіден, жауластырмақ — жаушыдан» екенін түсіне білген кемеңгер халқымыз дипломатиялық мәселеге ерекше мән берген.

Қазақстан мен Өзбекстан — қатар қонған бауырлас, туыс, достас мемлекеттер. Құдай қосып, тағдыр табыстырған көрші. Уакыт пен тарихтың талай-талай тезінен катар өткен қазақ пен өзбектің рухани тұтастығының тамыры тым тереңде жатыр…

Халқымыз:

«Сайрамда бар сансыз баб,

Түркістанда -Түмен баб,

Бабтың бабы — Арыстанбаб» -дегенде, осынау қазақ даласында мәңгілік тыныстаған өзбек бауырларымыздың бабаларының мүрделерін меңзесе керек. Ал өзбек жерінде қазақ ұлтынын ұлы тұлғалары — Төле би, Әйтеке би, Сейітқүл әулие, Ораз қажы, Жалаңтөс баһадүр, Ақша би сияқты асылдарымыз жерленген. Ал кезінде сопылық орденді басқарып, есімі ислам әлеміне әйгілі болған Бахауддин Нақышбанд бабаға мәңгілік мекен Бүұхарадан бұйырған.

Бахауддин демекші, ұрпақтан ұрпақка жеткен аңыздарға зер салсақ, сонау бір замандарда «Ісім оңға бассын» деп тілеген кез келген мұсылман баласы осы Бахауддин шейхтың дұғасына жүгінген екен. Оның «Бахауддин, бәле керден» деген сиқырлы сөздері бәле-жәледен, ауру-сырқаудан, тіл-көзден сақтауға септігі тиген. Адамдар Бахауддинді әулие түтып, ұзақ жолға шығарда одан бата алатын болыпты.

Кім біледі, аңыз артында ақиқат та жүреді ғой. Бұл жайында мынадай бір аңыз айтылады:

…Ерте, ерте, ертеде Бахауддин Нақышбанд мұсылманньщ бес парызының бірі — қажылық қарызын өтеу үшін Меккеге, Мединедегі Мұхаммед пайғамбар зиратына, басқа да қасиетті жерлерге баруды ұйғарады. Ол заманда Мекке-Мединеге маңдай түзеген жолаушы үшін дайын ұшақ, не болмаса пойыз қайдан болсын. Мұсылман қауымы қасиетті Кағбаға арып-ашып, жаяулап қана жеткен. Ал осы жолда жаны құрбан болса, оны да сауапты іске жорыған.

Бахауддин Нақышбанд та осындай алыс һәм ауыр сапарға аттанады. Қорасан мен Гератты, Бағдат пен Дамаскіні басып өтеді. Сол қажылық сапарынан Бұхараға үш жылдан соң ғана қайтып оралыпты.

…Бахауддин Нақышбанд ұзақ-ұзақ жол жүреді. Талай-талай асу-белдерден, талай-талай қашық елдерден өтеді. Аштық қысады, шөл қинайды. Сонда да алған мақсатынан таймай, алға қарай жүре береді, жүре береді …Сөйтіп, бір бейтаныс елге, бұрын-соңды атын естіп көрмеген үлкен шаһарға жетеді. Қаланың қақ ортасындағы қайнаған базарға тап болады. Әбден ашығады. Базарда мал сойып жатқан бір адамның жанына келіп, одан тамақ сұрайды. Қасапшы алыстан талып жеткен мүсәпір жолаушыны аяп, малдың шикі бауырының шетінен қанын сорғалатып кесіп береді. «Мұны қуырып берші» дейді оған Бахауддин Нақышбанд. Қасапшы бейтаныс жолаушының мына қылығына қайран қалады. Бірақ қуырып бермейді, әрине…

Міне, осы сәтте Бахауддин Нақышбанд қолындағы бауырды жоғары көтеріп, зеңгір көктегі қасиетті Күнге қайырыла одан «Мына бауырды қуырып берші!» деп өтінеді.

О, құдырет… со заматта көктегі Күн төмен қарай түсіп, от қызуымен бауырды қуыра, жеуге жарамды етіп, пісіріп береді. Бірақ қасиетті Күн қайтадан жоғары көтерілмей, сол төмендеген деңгейінде қалып қояды. Сөйтіп, Күн бір табан жерге жакындаған сон, осы төңірек түгел бұрынғыдан бетер кызып, ыстық өлкеге айналады. Аңызға қарағанда, бұл әлде Пәкістанның, әлде Үндістанның аумағы екен. Сол мезеттен бастап осы мекен нағыз ыстық аймақтарға айналыпты деседі.

Ал Бахауддин Нақышбанд болса әрі карай жол тартып, Меккеге де жетеді. Алайда, ол жеткенше мұндағы іздеп келген ғұлама адамы дүниеден өтіп те кеткен көрінеді. Бахауддин Нақышбанд онымен көзі тірісінде көрісе алмағанына қатты күйініп, марқұмның зираты басында қырық күн қайғыра аза тұтады. Қырық бірінші күні ғана орнынан тұрып, кетуге ыңғайланады. Сол сәтте оған бір елес аян беріп: «Қырқына шыдаған соң, қырық біріне де шыдауың керек еді. Бірақ олай болмады. Енді сенің бойыңа ажал қайтару құдіреті емес, бәле кайтару қасиеті қонады» деген дауыс жетеді. Атам қазақтың «Қырқына шыдаған, қырық біріне де шыдар» деген көне сөзінің түп-төркіні де осыдан шықса керек.

Міне, Бахауддин Нақышбандтың қасиетті есімі мен оның «Бахауддин, бәле керден» деген киелі сөздері ұрпақтар санасына осылай сіңіп, ғасырдан-ғасырға осылай жалғасқан.

Бұл аңызды маған анам әңгімелеп беріп еді. Ол кісі мұны бала кезінде әкесі Мадуаннан есітіпті. Әруағы риза болсын, халықтық шығармаларды өте көп білген нағашы атам Мадуанның көзі ашық, көңілі ояу, оқыған, жан-жақты білімді адам болғанын да айта кеткім келеді. Ол сонау бір қуғын-сүргін  жылдарында  Сейітқали  Меңдешев  сынды белгілі мемлекет қайраткерімен Норильскінің түрмесінде бірге отырған.

 

*  *  *

 

Осындай аңыздар мен тарихи болжамдардың жаңғырығы Самарқан облысы Заминск ауданының аумағында ұлы Дулат бабамыздың жерленгені жайлы жылы бір хабарды жеткізді.

2008 жылдың ерте көктемінде, студенттік кезден бергі үзеңгілес досым Қаражан екеуміз, бабаның бағзы зиратының орнын іздеп жолға шықтық. Ақсақалдар айтқан әр алуан әңгімелерді негізге ала, қолымызға картамызды ұстап,  аудан аумағындағы  барлық  зират-корымдарды аралап шықтық. Осы іздестіру барысында ежелгі Жібек жолына таяу тұста жерленген Шейіт баба зиратына тап болдық. Бұл шын мәнінде қасиетті жер екен. Жанына шипа, сырқатына дауа іздеп, жер-жерден жеткен орасан көп адамға жолықтық. Жұрттың айтуынша, Шейіт әулиенің зиратынан алған бір уыс топырақты денедегі жараға сепсе, жара лезде жазылып сала береді екен. Не де болса, мұның әлі де жұмбағы шешілмеген өз шындығы бар екені даусыз…

Өкінішке қарай, бұл сапарымызда Дулат бабаның зиратын таба алмадық. Жалпы баба зираты турасында әр түрлі болжамдар бар екені мәлім. Бір аңызда Дулат баба Бабырдың әскерімен қосылып, ұлы шайқаста қаза тауыпты, сөйтіп Кашмирде жерленген екен делінеді.

Ал Ташкенттен 550 шақырым жердегі Нұрата қаласы маңында әйгілі Әйтеке бидің сүйегі жатқаны жайлы жұртшылық арасында көп айтылып жүретін. Енді Алтынсары мен Қаражан үшеуміз Әйтеке бабаның зиратына барып, тәу етіп қайтуды ұйғардық.

Жолға Самарқан арқылы шықтық. Жолай Жалаңтөс баһадүр  жерленген жерге  әдейі  бұрылдық. Жалаңтөс бабамыздың 47 жыл бойы Самарқанның әмірі болғаны, Бұхара ханы Дінмұхаммедтен тәлім-тәрбие көргені, алғаш рет медреседен білім алғаны да бізге біршама белгілі болатын. Ол 1595-1598 жылдары Бағдатта оқып, кейін Бұхара хандығының саяси өміріне қызу араласқан. Сосын хан кеңесінің мүшесі, әскери істер бойынша кеңесші, уәзірдін ішкі мәселелер жөніндегі орынбасары болғанын да білеміз.

Содан кейін өмірінің соңына дейін Самарқанды билеген. Ол дәуірде Самарқан әлемдік ғылым орталықтарының бірі еді. Сол заманның Гарварды да, Оксфорды да, Кембриджі де Самаркан болатын. Регистанда үш медресе бар. Оның біреуін Әмір Темірдің немересі, ұлы астроном Ұлықбек салдырыпты. Ал «Шер-дор» — парсы тіліндегі «Арыстанды қақпа», «Тіллэ қари» — «Алтынмен апталған» сияқты ұлық медреселер Жалаңтөс баһадүр Самарқанды билеп тұрған кезеңде салынған. Ол ғасырларда түрік тілінің сөздік құрамының үштен екісі парсы сөздерінен тұрған ғой. Медреселердің парсыша аталуы да сондықтан шығар.

Батыр баба осы ғимараттарды жорық арасында жүріп тұрғызуына 40 жылдай уақыт жіберген. Қытай, Үндістан, Ираннан түсіп тұрған барлық алым-салықтарды түгел Самарқанның сәулеті үшін жұмсапты.

Жалаңтөс жас кезінде-ақ әскери әрі қолбасшылық талантын кеңінен танытып, батыр атағына ие болған. Жоңғарларға қарсы шайқастағы қаһармандық ерлігі үшін 1625 жылы «Аталық» құрметті атағын алған. 1640 жылы 30 мың әскерді басқарып, жоңғардың қалың қолын қиратса, 1643 жылы Орбұлақ шайкасы кезінде Жәңгір ханға көмекке келіп, жоңғар әскерінің тас-талқанын шығарған. Жалаңтөс парсылармен шайқасып, жеңіске жеткен Бұхара армиясына да қолбасшылық жасаған.

Кіші жүздің төбе биі атанған Әйтеке бидің атасы Ақша би — Жалаңтөс баһадүрмен бірге туған. Жалаңтөс Самарқанға әмірші болып тұрғанда, ағасы Ақшаны Қоқанға хан сайлатқан дейді. Сексенге қараған шағында қайтыс болған Жалаңтөс баһадүрдің сүйегі Самарқаннан жиырма шақырымдай қашықтағы Дағбит қыстағында өзі салдырған «Махтум-ағзам» қорымына қойылған.

 

*  *  *

 

Заманында ырысты елдің құтты мекені болып, қазақтың біртуар арыстарының сүйегі қалған көне шаһар Нұрата — Өзбекстанның Науайы облысындағы аудан орталығы. Ел аузында ежелгі Нұратаға қатысты айтылатын аңыздар аз емес. Солардың бірінде былай делінеді:

…Осыдан өте көп жылдар бұрын адамдар шөл далада адасып кетіпті… Таңдайлары кеуіп, әбден қаталап өлетіндей шамаға жеткен жерде алыстан бір нұрлы сәуле көрінгендей болады. Кеуделерінде үміт оты тұтанған олар соңғы күшін жиып, сол нұр төгілген жерге жетіп жығылады. Бұл — айнадай сәулеленген бұлағы бар қасиетті Нұратаның көне жұрты екен…

Кезінде Александр Македонский төрт ай жатып, осы бұлақтың шипалы суын ішіп емделген көрінеді. Нұратада оның тұрғызған қамалы да сақталған.

Тағы бір аңызда: Адамдардың шөлін басқан бұл бұлақтың пайда болуын Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы Әлидің есімімен байланыстырады. Халықтың шөлін қандырайын деген Әли жерді таяғымен түртіп қалғанда, кәусар бұлақтың көзі ашылыпты деседі.

Бұл бұлақтың пайда болуын құлап түскен метеоритпен байланыстыратын да аңыз бар.

…Осыдан 40 мың жыл бұрын аспаннан ағып түскен  метеориттің  құлаған  жерінен  бұлақтың мөлдір суы шапшып шығыпты. Жергілікті халық аспан денесінің жерге құлап түсуін «Алла бізге нұрын құйды» деп қабылдаған. Сөйтіп елді мекеннің аты Нұрата атаныпты. Сондай-ақ бұл киелі аймақтың атауы осында жерленген әулие Нұр атаның мазарына да қатысы бар көрінеді.

Қалай болғанда да, Нұрата — Науайы облысы аумағындағы әкімшілік, экономикалык, әрі мәдени орталық болуымен қатар, тағылымды тарихи-табиғи ескерткіштердің, қасиетті мазар-кесенелердің де мекені.

Чашма бұлақтың кісі көзін арбайтын нұр-сәулесі мен ерекше дәмі, судағы қасиетті балықтардың жұмбақ тіршілігі өз алдына бір хикая. Мәселен, Бұлақ суы құрамында алтын, күміс, бром, йод секілді пайдалы минералдар көп. Судың ерекше болуы да содан сияқты. Бұлақтағы қасиетті балықтар арнаны бойлай еркін жүзеді. Оларға ешкім тиіспейді де, ауламайды да. Бұл балықтардың миграциясын тексергенде, олардың жер астымен 100 шақырымдай жол жүретіні, негізінен су астындағы көк шөппен қоректенетіні, осы арқылы бұлақтың көзін аршып, тазалап отыратыны анықталған. Нұраталықтар ешуақытта бұл бұлақтан өлі балық көрмеген жұрт. Айтпақшы, кейбір жылдары осы бұлақ үстінен кемпірқосақ тәрізді нұр көтеріліп, ол біршама уакыт бойы сумен шағылысып тұратын көрінеді. Оны кез келген кісі көре алмаса керек, ал көрген жан сөзсіз бақытты болады екен!

Міне біз сол қасиетті Нұратаға келе жаттық. Түске таяу қалаға кірер ауыздағы қалың қорымға жеткенімізде, есіміз шыққандай аң-таң боп тұрып қалдық: Жер қайысқан қабірлер. Сейіткұл әулиенің көне кесенесінің қабырғалары үгітіліп, құлап жатыр. Әйгілі Әйтеке бабаның зиратына қалақтай тас қойылыпты. Біз даңқы жер жарған ұлы түлғаларымыздьщ сүйегі мәңгілік тыныс тапқан жер бесігіндегі мазарларын мүлде басқаша елестетіп едік. Олай болмай шықты… Қатты қынжылдык. Қаражанның көзіне жас үйірілді… Өйтпегенде ше?! Қаражан — Әйтеке бимен аталас, алты ата Әлімнің Төртқара руынан…

Осы бір өкінішті жайт бізге тап сол сәтте, қалай болғанда да, Әйтеке биге өз тұлғасына лайық етіп кесене тұрғызу міндетін жүктегендей болды. Осы мақсатпен бірден аудан орталығына аттанып, ондағы құрылыс материалдарының нарқымен танысуды бастадық.

Біз мәрмәр цехына бет алған бойда сонау 1997 жылы Ордабасыда қазақтың үш биіне арнап тұрғызылған стеланы қаптау үшін осы Нұратаның мәрмәрын алғызғанымыз есіме түсті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып жүрген кезімде, Ордабасыдағы қазіргі стеланы біз 1997 жылы екі ай ішінде көтеріп едік. Құрылысты өзінің таңдаулы мамандарымен бірге Феликс Михайлович Клугман атты азамат пен өзбек шеберлері, расын айтқанда, тегін салып беріп еді.

Жұмыс күндіз-түні үш ауысыммен жүргізілгені есімде. Жұмысшылар құрылыс басындағы шатырда тұрған-ды. Мәрмәр тақталарды қаламас бұрын, әуелі түр-түсіне қарай күндізгі жарықта іріктеп, жерге қаз-қатар тізіп қойып таңдайтынбыз. Мұны түн ішінде жасау мүмкін емес болатын. Өйткені прожектордың жарығымен шағылысып, мәрмәр тақталардың түсі өзгеріп кететін.

Клугман мырза бетон жұмыстарын стеланың көтерілуіне карай жүргізіп отырды. Сөйте тұра ол: «Мұндай құрылыс кем дегенде жарты жыл салынуы керек қой» деп, қынжылыс танытып та қоятын. Облыстың бас сәулетшісі Ғабит Садырбаев мырза мәрмәр тақталарды әкелу үшін Нұратаға өзі арнайы барып еді. Өйткені оларды іріктеу мен қалау жұмыстарының сапасына да өзі тікелей жауапты болды.

Құрылыс толық аяқталған кезде жұрттың бәрі таң қалысты. Себебі негізгі жұмыстар түн ішінде және өте қысқа мерзімде жүргізілгеніне қарамастан, жиырма сегіз метрлік стела негізгі білігінен ауытқымай, түп-түзу болып шыққаны абырой болды. Нұратаның мәрмәр тасының әсемдігі айрықша екен. Соның арқасында стеланың әр беті өзіндік өзгеше реңкімен көз тартып тұрды. Шын мәнінде, бұл ісімізді әруақтар колдады деп түйіндеуге болар деймін.

Еңселі ескерткіш көрнекті болып бой түзеді. Оны Қазакстан, Өзбекстан және Қырғызстан Президенттерінің катысуымен ашу жоспарланып еді. Сайып келгенде, ескерткішті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі келіп ашты. Нақ осы Ордабасыда казақтың үш жүзі мен Орта Азияның басқа да халықтары бірігіп, ортақ жау — жоңғарларға тойтарыс берген болатын. Сол себепті осынау тарихи орында зәулім ескерткіштің ашылуы — барлық халықтар үшін де мәні зор, ерекше оқиға ретінде есте қалды…

…Осы ой үстінде отырып, мен мәрмәр цехына қалай жеткенімізді де байқамай қалдым. Біз келгенде цех директоры жұмыста болмай шықты. Сырқаттанып, үйінде жатыр екен. Цехта оның ұлы Ұлықбекпен жүздестік. Ол бізді үйіне шақырды. Сөйтіп, сол жолы цех директоры Шады акамен және облыс имамы Сайд қажы Насреддин ишанмен бірінші рет таныстық.

Шады ака жаны жайсаң ғажап адам болып шықты. Түр-тұлғасы мен сымбаты баяғының батырларына ұқсас, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай иықты келген кісі еді. Өкінішке орай, осы 2010 жылғы 25 шілдеде жетпіске қараған шағында дүниеден озды.

Жаратушымыз да жақсы адамдарды бұл дүниеден ертерек алып кетеді деген осы шығар, бәлкім…

Сол кездесуде біздін мазар тұрғызсақ деген ойымызды Шады ака бір түрлі шүбәлана қабылдады. Бұлай етуінің өзіндік себептері де бар екен. Оның айтуынша, Әйтеке биге кесене көтермек ниетімен талай адам әрекеттеніп көріпті. Талай мәрте сан алуан қорлар құрылып, талай рет қаражат та жиналыпты. Тіпті осы Науайы облысының әкімі болған Әбдіхалық Айдарқұлов деген қазақ жігітінің өзі де кезінде бұл істен ештеңе өндіре алмағанын айтты…

Алайда әйгілі Әйтеке бидің кесенесін көру — жергілікті халықтын ежелгі арманы екенін де жасырған жок. Сайд кажының кезінде имам болған арғы бабасы Әйтеке бидің замандас досы болыпты. Қария 125 жыл жасап, өмірден өткен. Бірақ Әйтеке бабаның басы қарайғанын көру бақыты оған да бұйырмапты. «Бабам о дүниеге осы бір жалғыз-ақ арманымен аттанып еді» деп, Сайд қажы жабырқап қалды.

Әңгіме үстінде біраз жайттарға қанық болдық. Негізінен Төртқара руынан шыққан жергілікті қазақтар Әйтеке биге мазар салу мақсатында қорға жиналған қаражатқа зират жанынан 6 гектардай жерді ұзақ мерзімді жалға сатып алыпты. Үш мың жылдық тарихы бар бұл корымда дүниеден өткен өзбек, тәжік, қазақ, қарақалпақтың бәрі қатар жер-ленген. «Тіріде базарымыз, өлген соң мазарымыз ортақ халыкпыз» дейтініміз осы шығар..,

Сөз соңында, Сайд кажы мен Шады аканың біздерге сездірген сенімсіздігіне қарамастан, қайткенде де Әйтеке бабамызға қысқа мерзімде кесене тұрғызу үшін мүмкін болатын да, мүмкін болмайтын да әрекеттің бәрін жасаймыз деп нақ сол жерде уәде бердік. Біздін ойымызды дұрыс түсінген Сайд қажы қолын жайып, батасын беріп, сәттілік тіледі.

 

Ең қауіпті өтірік — сәл-пәл бұрмаланған шындық

 

…Алаш арыстары айтқандай, «Әумиін» деп кол жайып, «Әуіп» деп күш алып, «Алла» деп іске кіріспес бұрын, алдымен өз анаммен ақылдасқам, әрине. Көпті көрген кісі емес пе, бастапқыда біраз ойланды: «Ниетің дұрыс-ау, бірақ бұл кесенені тұрғызуға сендерден бұрын әрекет қылып, ештеңе тындыра алмай қалған кейбір кісілерден қызғаныш, не іштарлық туып жүрмес пе екен кейін? Біткен іске — қожа да көп, сыншы көп болады. Ал ақиқаттьщ жолы азап, айдауда жүрмейтін кезі жоқ. Сондықтан, жақсылық жасаймын деп жүріп, жау жинап алмасаң жарар еді… Қайдам, балам, ойлан…» деген алаңдаушылығын білдірді. Алайда, артынан, алған бетімізден қайтпайтынымызға әбден көзі жеткен соң, біздерге амалсыз « Іске сәт» деп, ақ батасын берді.

Менін анам, Жұпар Мадуанқызы -Төле бидің кіші ұлы Жоланның жетінші ұрпағы. Зейін-зердесі мықты, бірегей адам. Ал әжем, әкемнің шешесі Ұлту Байтасқызы — Орта жүздің, Қобыланды батыр шықкан Қара қыпшақ руының қызы болатын. Әжемнің анасы да Төле би тегінен, Жолан руының қызы екен. Сондықтан біздін отбасымызда әжемнің менің анама үнемі әзілдеп отыратын: «Төле бабама сенен гөрі мен бір ата жақынмын» деген сөздері көңілге әрдайым күншуағындай қуаныш тудырушы еді…

Көп ұзамай Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына келді жұмыс сапарымен. Мен Елбасымен Сарыағаш каласында жүздесіп, Нұрата жерінде Әйтеке биге кесене тұрғызу жобасы жайлы баяндадым. Мемлекет басшысы біздің жоспарымызды толық мақұлдап, құрылысты қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Ташкентте мен Өзбекстанның тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру және қорғау комитетінің төрағасы Равшанбек Мансұров мырзамен таныстым. Біз Елшіліктің кенесшісі Талғат Ыбырай екеуміз ол кісіге арнайы жолығып, кесене құрылысының жай-жапсарын егжей-тегжейлі кеңестік. Айта кетейін, Равшанбек Мансұров — терең тарихшы, ғалым-этнограф, шын мәніндегі мемлекетшіл адам. Ол кісінің Әйтеке бабаның кесенесін көруді көксеген мыңдаған жанның перзенттік тілегіне қол жеткізуге көп септігі тиді. Ал құрылыс аяқталған соң, «Сейітқұл баба — Әйтеке би» кешенін мемлекеттің қорғауына алынған нысандар тізіміне косты.

Равшанбек мырза жобаның есеп-қисап құжаттарын да жедел жасап берді. Осы арада басқа бір кедергі туындады. Өзбекстанның заңнамасы бойынша кесененің ұзыны мен ені екі жағынан да 6 метрден аспауға тиіс екен. Әдепкіде амалсыз келісуге тура келді. Дәл сол күндері Ташкентке Жетісай қаласы арқылы қадірлі ақсақалдарымыз Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков және Ақселеу Сейдімбеков келе қалды. Тура әуежайдың ішінде мен оларды болашақ кұрылыстың жобасымен таныстырдым. Әрі баталарын алдым.

 

*  *  *

 

Қалай болғанда да, мен осы іске кірісер алдындағы анамның алаңдаушылығын бір сәт те есімнен шығармай, қолға алып жатқан жұмысымызға іші жыли коймаған кейбіреулердің тарапынан жеткен қаңқу сөздерге мән бермеуге тырысып, алып-қашпа әңгімеден алшақ жүргім келді.

Сейітқұл әулие мен Әйтеке баба бейіті бір-бірінен 5 жарым метрдей алшақ жатыр. Осыны ескере келе, Равшанбек мырза Әйтеке бидің сүйегін Сейітқұл әулиеге жақындатып қайта жерлеуді ұсынды. Мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Қазақы жолмен келгенде, бұлай істеуге мүлде болмайтын еді. Ал ата жолымен қарасақ, бұл үшін бізді, соның ішінде осы тірлікке түрткі болып жүрген мендей Ұлы жүздің перзентін Кіші жүздің бірде-бір баласы кешірмесі анық-ты. Сондықтан мен оған бұл жағдайдан шығудың басқа жолын қарастырып көруді өтіндім. Ақыры онын шешуі табылды да. Біз кесенені екі камералы қылып соғуды ұйғардық. Осыған қатысты жергілікті республика басшылығы мен біздің арадағы қосымша келісім құжаттары мен жекелеген мәселелерді Мансұров мырзаның өзі ретке келтірді. Бұл бағытта менің байырғы досым, Өзбекстан Президентінің Іс басқарушысы болып істейтін Зелимхон Хайдаров мырзаның да зор қолдауы болғаны рас.

Осылайша принципті деген барлық түйінді мәселелер шешілген соң, Қаражан, Бернард және менің кіші ұлым Темір төртеуміз Нұратаға қарай жол тарттық.

Бейіт басында Сайд қажы құран оқыды, сөйтіп бір қара малды құрбандыққа шалып, етін жоқ-жітік жандарға таратып бердік. Сол жерде біз құрылыс жайында бұқаралық ақпарат құралдары түгілі, көлденең кісіге тіс жармауға, әр түрлі әңгімелер туындамас үшін жұмыс толық біткенше құпия ұстауға келісіп, қол алыстық. Ұлы істер үндемей тындырылады ғой. Біз де осы қағиданы ұстандық.

 

*  *  *

 

Енді ең басты нәрсеге тоқталайын. Әрине, ол — жобаны қаржыландыру мәселесі. Алдымен «Әйтеке би» қоғамдық қорының басшысы Жұмабек Мұқановқа телефон шалдық. «Қорда қанша ақша бар ?» деп сұрадық. Ол бізге «Қорда ақша жоқ, бірақ Әйтеке би туралы кітап шығаруды жоспарлап жатырмыз, соны сатып, кесене салуға ақша жинаймыз» дегенді айтты. Мен мұның өнімсіз тірлік екенін бірден түсіндім. Соңынан әлі іргесі де қаланбаған кесененің «Ашылу салтанатына арналған» шақыру билеті мен осы қор бастырған қағазының бағасы удай кымбат баспахана өнімдерін көріп көңілім құлазыды. Халықтан жиналған есіл ақшаның осылайша ессіз, жөн-жосықсыз жұмсалғаны қатты қынжылтты…

Бұдан кейін біз негізінен Әйтеке бидің ұрпақтары тұратын өңірлердегі алты облыстың әкіміне телефон соқтық. Олардың бәрі де әңгімені мұқият тыңдады. Қаржыландыру жайын ойластыруға уәде берді. Алайда арада екі апта өтсе де, нақты хабар түспеді. Біз де оларды қайта мазалай қойған жоқпыз. Қаражат жинаудың басқа жолдарын қарастыру қажеттігін түсіндік. Сөйтіп, Алтынсары, Қаражан үшеуміз не де болса жобаны қаржыландыруды әуелі өзімізден бастауды, сосын жақын достарымызды тартуды ұйғардық.

Осы бір күндері мен Шымкентте Жалаңтөс баһадүрдің бір ұрпағы Рахат есімді азаматпен таныстым. Ол аса жомарт жігіт болып шықты. Оған кесене құрылысының проблемасын айта бастағанымда-ақ мені бірден қолдап, мәселені шешуге екі күн мұрсат сұрады. Әрі сөзінде тұрды да! Тағы бірде Кіші жүз өңірінен шыққан, өзіме жақсы таныс екі жігітпен жүздесіп, оларға да осы проблеманың шетін жеткіздім. Ол екеуі де Шардарадағы «Әйтеке би» қорына екі мәрте 500 доллардан қаржы қосқандарын айтып, менің ұсынысымнан бас тартты.

Бұл үдеріске үлкен ұлым Асқар да қосылды. Ол Оңтүстік өңірін өркендетуге елеулі үлес қосқан, ел ағасы Шаһарбек Усмановтың ұлы, жас кәсіпкер Сұлтанмен сөйлесіпті. Беделі биік Шаһарбек ағамен біз баяғыдан бері дос едік. Араны суытпай Шәкеңе өзім телефон шалдым. Ақкөңіл ағамыз: «Мен қаржы қосу ғана емес, өздеріңмен бірге сол құрылыстың басы-қасында жүруге де дайынмын ғой», — деп, жүрегін жайып салды. Расында тура солай болды да! Тіпті кешен құрылысы түгел аяқталып біткен соң да, Шәкең сол жерден қосымша мұражай, мінарат құрылыстарын жалғастырьш, кешеннің таусылмайтын тірліктерін түгендеп, мазар маңынан жылдар бойы жылжымады.

Рахат бауырым мен Шәкеңнің келісімінен кейін көңіліміз орнына түсіп, келесі күндерге үміт оянды. Сөйтіп жүргенде Асқар хабарласып, каржыландыру ісіне қосылуға дайын Әйтеке бабаның тағы бір ұрпағы табылғанын жеткізді. Ол — елімізге белгілі кәсіпкер Есенәлі Байменов еді.

Өзбекстандағы бірнеше министрлікте вице-министр секілді лауазымды кызметтер істеп, ұзақ уақыт сол мемлекет үкіметінің агро-өнеркәсібі саласын басқарған, қазіргі «Ақ Ордасы» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ибадулла Қалыбеков ініміз де үлкен ықыласпен өз жарнасын қосты. Ал Қаражан туған інісі Бернардты іске тартты.

Енді біз ата жолымен келгенде, байырғы қазақтың үш жүзінің өкілдерінен бас құраған сегіз азамат болдық. Бәрімізге ортақ ұлы баба жолындағы сауапты істі бөлінбей-жарылмай бірге бастағалы тұрған, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған сегіз батырдай сезіндік… Бұлар: мен, Қаражан Сердалиев, Шаһарбек Усманов ағамыз, Рахат Байзақов, Алтынсары Үмбеталиев, Ибадулла Қалыбеков, Есенғали Байменов және Бернард Сердалиев болатын.

 

Шындық кебісін кием дегенше, өтірік он ауылды аралап өтеді…

 

…Кесене құрылысын бастап кетер күн де туды.

Енбек демалысын жарты жыл бұрын жоспарлап қойған едім. Мансұров мырзамен екі аптаға демалысқа барып келуге келісіп, жолға шығып кеттім.

Мен кеткен соң, екі-үш күннен кейін Равшанбек ака мамандарын ертіп, кесене салынатын жерді өлшеп-пішу үшін Нұратаға жетеді. …Тап сол уақытта Қазақстаннан тұтас бір делегация сау ете қалсын деңіз… Құрамында Өмірзақ Озғанбаев, Жұмабек Мұқановтар болған. Кейбірі тым көңілді көрінеді… Шыртылдатып суретке түсіп жатыр дейді…

Бір бәленің боларын іштей сезген Мансұров мырза сөзге келмей, кері бұрылып кете барады.

Арада бірнеше күн өткен соң, облыстық газетте Жұмабек Мұқановтың авторлығымен «Кесене құрылысын бастадык» деген жалған жарнамасымен қоса кесене басында түскен суреттері жарық көреді. Шындықты бұрмалап, мазақ ету мақсатында жазылған бұндай хабарлар сол тұста облыстық, республикалық басылым беттеріне жағалай жариялана бастайды. Мамандығы журналист Қаражан бауырым бұл қорлыққа шыдай алмай, жалған дақпыртты жоққа шығару үшін «Жас алаш» газеті арқылы шынайы әңгімені жеткізуге мәжбүр болады…

 

*  *  *

 

Демалыстан оралсам, құрылыс тоқтап қалған. Салып ұрып Равшанбек акаға жеттім. Оның еңсесі түсіп кеткен. Шамданып отыр. Менің алдыма газетке шықкан Мұқановтың мақаласын сырғыта салып, біздің «Құрылыс салынып біткенше ешкімге ешқандай ақпарат бермейміз» деген уәдемізде тұрмағанымызды есіме салды. Осыған сүйеніп, енді бұл жұмыстан бас тартпақ ойын жеткізді.

Қайтеміз, өтіріктің қақпайтын есігі, өтпейтін тесігі болмайды екен! Жалған атақ жамылғандар үшін кешірім сұрап, орнымнан тұрып кетуге тура келді…

Арада айға жуық уақыт өтті. Құрылыс тоқтап тұр. Намыс буып барады. Досқа — күлкі, дұшпанға — таба болмас үшін, Мансұров мырзаны қайта айналдырып, бетін бері бұруға күш салдым. Расында, оның осынша шамдануының жөні бар еді. Өйткені, ол «кесене көлеміне» байланысты өтінішімізді ескере отырып, оның артындағы барлық жауапкершілікті өз мойнына алған болатын.

Жалпы, Равшанбек мырза — менімен түйдей құрдас. Оның 115 жыл ғүмыр кешіп, дүниеден өткен атасы әйгілі палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың сенімді серігі болыпты. Жалпы Мансұров мырзаның жүзі жылы, жан дүниесі кең адам. Туысқандық тамырлары мен ұлтжандылық сезімі басым түсті ме екен, көп үзамай бірігіп, кесене құрылысына кірісіп те кеттік.

Ендігі мақсат — болашақ объектіні таза сумен қамтамасыз ету үшін скважина қазу. Мұны қаржыландыруды Алтынсары өз мойнына алды. Құдық қазу жұмысын жергілікті мамандар атқарды. Бұл істі Шады аканың баласы Ұлықбек мырза қадағалап отырды. Сөйтіп, қосалқы станция қойып, ауыз суды 136 метр тереңдіктен тартып шығардық. Қысқа мерзім ішінде Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегідей тереңнен қазып, жүзбелі іргетас орнаттық. Бұл рәсімді салтанатты жағдайда жасадық. Ал, алғашқы кірпішті қалау кұқығын құрметті ағамыз Шаһарбек Усманов мырзаға ұсындық.

Құдай қолдап, жұмыс қарқынмен жүрді. Жоба бойынша кесененің үзындығы 15 метр, ені 9 метр, ал биіктігі 11 метр болып шықты. Төбесін көркем майоликамен қапталған көгілдір күмбез көмкеріп тұрды. Ал күмбездің төменгі жағы сталакиттермен безендірілген. Жұмыстың бәрін аяқтап, көңілімізді бір демдеген тұста, басты кемістікті байқадық. Және ол — жай кемістік емес. Әрі жеңіл-желпі жұмыс та емес еді. Себебі, кесене жанында тұрып қараған адамға күмбездің сталакиттері мүлде көрінбей қалады екен. Оның жақсы көрінуі үшін кесенеден біршама жер кері шегініп барып қарау кажет. Бұған қатты қынжылдық. Құрылысшыларға да екі жұмыс болатын болды.

Қалай етсек те, енді тартынуға болмайтынын түсіндіріп, Равшанбек мырзаны тағы үгіттедім. Ол басын шайқай жүріп, қаптамаларды қайта қопартып, сталакиттерді тағы да 75 сантиметргс көтергізді. Енді қай жағынан қалай қарасаң да көгілдір күмбезіміз жарқырап көрінетіндей биікке жетті!

Кесене кабырғасы Әмір Темір заманындағы технология бойынша бірде-бір шегесіз, ешқандай арматурасыз қаланды. Қабырғаларының қалыңдығы 1,5 метрден 2,5 метрге дейін жетеді. Оюлы есіктері мен терезелері жаңғақ ағашынан жасалған. Майоликамен қапталған қасбет бөлігін Құраннан алынып жазылған қасиетті сөздер көркейтіп тұр. Оның әрбір тақтайшасы ХVІІІ ғасырдың үлгісімен қолдан ойылған. Тағы бір айтатын нәрсе, осы маңда, яғни Нұратаның айналасында карьерлер көп орналасқан. Онда көбіне өндірістік жарылыстар болып жатады. Соған сәйкес жер де сілкінбей тұрмайды. Мансұров мырза мұны да ескеріп, кесененің жер тербелісіне төзімділігін Рихтер шкаласы бойынша 10 баллға төтеп беретіндей етіп есептеген. Демек, бұл — кесенеміз, кұдай қаласа, мыңдаған жылдар бойы міз бакпай тұрады деген сөз!

Біз енді кесене еденін бетондауға кірістік. Сол аралықта Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігінен: «Әйтеке бабаның бас сүйегі Алматыдағы белгілі антрополог Оразақ Ысмағүловтың қолында» деген хабар түсті.

Мен дереу ғалыммен телефон аркылы сөйлесіп, зерттеу жұмысы аяқталған соң, бас сүйекті өз уақытында орнына қайтармағаны әрі ол жайында ешкімге ескертпегені — заңды өрескел бұзғандығы, ол үшін Өзбекстан тәртібіне сәйкес жауапқа тартылатындығы жайлы жеткіздім. Мұндайды күтпеген ғалым әжептеуір алаңдап, қателігін қазір түзеуге әзір екеңдігін мәлімдеді. Мен тездетіп өзімнің көмекшім Мейірхат Қасымбаевты бас сүйекті Нұратаға жеткізуге жұмсадым.

Сол күні Мансұров мырза өзінің барлық мамандарын жинап алып, оларға бас сүйекті мұсылманның салт-ғұрпымен қайта жерлеуді тапсырды. Сол бір тұста маған: «Егер Әйтеке бидің бас сүйегі жөніндегі хабар бізге жетпегенде… біздер еденді бетондап тастағанымызда, бас сүйек сыртта қалып қойғанда… соңы не болар еді?! Нағыз әруақты қорлаушылық болар еді ғой!» деген келеңсіз ой келді. Аллаға шүкір, бұл да болса Ұлы Жаратушының ниетімізді қабыл алып, әруақтардың қолдағаны шығар? Енді бабаларымыздың арманы орындалып, екі елдің ынтымағы арта бергей деп тіледім үнсіз…

Құлпытастарды Қазғанның мәрмар тастарынан жасаттық. Әмір Темірдің заманында бұл мәрмәр тастарды тек Ұлы Әміршінің Жарлығымен ғана пайдалануға рұксат етілген екен. Құл-ытастар Құран сүрелерімен көмкерілді. Еденге Бұхараның қалы кілемін төседік. Әйтеке би кесенесі салынып біткенде Сайд кажы Насреддин ақсақал нұраталық талай ұрпақтың, соның қатарында өз бабасының да ежелгі арманы орындалғанына балаша қуанды! Өйткені бұл өңірде мұнымен теңесетін кесене жоқ еді.

Кесенені бітірген соң, енді осы жерге тұтас бір кешен тұрғызуды ұйғардық. Яғни, кесене жанынан мешіт, мұражай, қонақ үйі, айван, асхана мен тахретхана салып, оны айналдыра кірпішпен қоршаған жөн болар деп келістік. Бірақ кешен құрылысын бастар кезде ойда жоқ жерден тағы бір мәселе туындап қалды. Ол мәселе: бұл жерді бір кезде «Әйтеке би» қоғамдык қоры ұзақ мерзімге жалға алған екен. Енді олар құрылыс жұмыстарына мейлінше кедергі келтіріп, болмайтын шарттарын қойып, бітіп қалған істің берекесін кетіруге тырысты. Амал жоқ, Мансұров мырза ымыраға көндіру максатымен жергілікті қазақ диаспорасының жетекшісін тездетіп Құрылыс Басқарушысының орынбасары етіп тағайындауына тура келді.

Мешіт құрылысын Атырау облысындағы достарымыз — Амангелді Барақатов, Орынғали Әлдекенов және Аманжан Рысқалиев мырзалар қаржыландырды. Олардың басын қосып, іске тартқан менің жақын досым, нағыз ұлтжанды азамат Мұхит Ізбанов мырза еді.

 

*  *  *

 

Сонымен, Сейітқұл әулие мен Әйтеке баба кешенінің қалған объектілерін қаржыландыруды Шаһарбек Усманов ағамыз, Қаражан, Рахат және Бернард бауырларым мойнына алды. Таңдаулы шеберлер шақыртылып, айванның ұстындары мен төбесі, мешіттің есік-терезелері жаңғақ ағашынан ойып орнатылды. Сегіз қырлы, алтын жалатқан хрусталь люстраны «Микон» фирмасы жасап берді.

Сырттан тәу етіп келушілердің түнеп шығуына, намаз оқуына қолайлы болуы үшін мешіттің еденін астынан жылытылатын етіп салдық. Жаңғақ ағаштары мыңдаған жылдар бойы мызғымай тұрсын деп, мешіт пен айванның дәл ортасына бассейн орнаттық. дәретханаға жылы су құбырын тартып, биде қойдық.

Кешеннің дуалын бүкіл биіктік бойымен қызыл кірпіштен қаладық. Бұл жұмысты Қазақстандағы белгілі меценат Мүсілімбай Дайырбеков мырза қаржыландырды. Мұражай мен қонақ үйі Шаһарбек Усманов мырзаның қаражатымен көтерілді. Тереңнен тартып шығарылған артезиан суы кешен аумағын көгалдандырып, абаттандыруға мүмкіндік берді.

Міне осылай, бар қиындық артта қалып, абыроймен жұмыс та бітті. Таза тілек пен биік парасат қашанда жеңіске жеткізері хақ. Себебі, Жаратқан Иеміздің өзі де пендесінің пейіліне қарап береді емес пе? Осыған шүкір дестік.

Шаһарбек аға және Қаражан үшеуміз апта сайын Нұратаға барып, құрылыс барысын қадағалап отырдық. Азанғы төртте шығып, бір мың екі жүз шақырымнан астам жол жүріп, түн ауа қайта оралатынбыз. Осы ретте Елшіліктегі «Мерседес» көлігін жүргізуші Әуелбекке ризашылығымды білдіре кеткім келеді. Ол ақ жүректі, өз міндетін мінсіз атқаратын азамат екен. Біз құрылысты аяқтап, көңілімізді бір демдеген кезімізде маған бұрылып: «Аға, біз Нұратаға барып-қайту үшін 60 мың километр жол жүріппіз. Бұл — Жер шарын түгел бір жарым рет айналып, саяхаттап шыққанмен бірдей қашықтық» деген еді жымиып.

 

Әйтеке би кешенін ашуға арнайы барған зиялыларды жарты жолдан

қайтарған дәу кім?..

 

Өкінішке қарай, менің Өзбекстандағы қызмет мерзімім бір жарым жылдан сәл астам уақытты қамтыды. Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалдым. Сондықтан өзіміздің күш-қуатымыз бен маңдай терімізді төгіп тұрғызған кешеннің салтанатты жағдайда ашылуын қаладық. Жергілікті халық та осыны мерекедей күтіп отырды.

Әйтеке би кешенінің ашылу рәсімін 31-нші шілдеге белгіледік. Ал 30-ншы шілдеде Төле бабаның қайта қалпына келтірілген кесенесін ашуды жоспарладық. Бұл салтанатты рәсімге Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Өмірбек Байгелді, Сәбит Оразбаев сынды ел ағаларын шақырдық. Олар шақыруымызды құп алып, Ташкентке келді де…

Өкінішке орай, 30-ы күнгі Төле бабаның асынан кейін, ертеңіне, Нұратаға аттанбақ болған кезімізде барлық жоспар нілдей бұзылды. Мырзатай ағамыз «Түнімен ауырып шықтым» деп, барудан бас тартты. Марқұм Акселеу мырзаның көңіл-күйі жап-жақсы сияқты еді, аяқ астынан Нұратаға жол жүрмейтінін жеткізді. Бар айтқаны: «Әулеттің үлкені едім, ертең ауылда ас берілетін, соған қатысуым керек» деді. Мен екі ағамызға да: «Ау, сіздер арнайы Әйтеке би кешенін ашуға келдіңіздер емес пе, енді бармай қалғандарыңыз қалай болады?» деп, ұзақ үгіттедім. Амал қанша, көндіре алмадым. Өмірбек ағамыз да аяқ астынан айныды. Ал Сәбит Оразбаев болса өзіне дәрігерлердің тіпті Ташкентке келуіне зорға рұқсат бергенін ескертіп, елге қайтуға қамдалды.

Ендігі бар үміт — Әбекеңде, Әбіш Кекілбаевта. Сол мезгілде құрметті ағамыз «Сарыағаш» шипажайында демалып жатқан кезі болатын. Әрі денсаулық жағдайы да шілденің мына ми қайнатар ыстығындағы алыс жолды көтере алмайтындай жағдайда еді.  Төле бабаның басына зорға келгенін түсіндіріп, Әбекең де Нұратаға баруға келісім бере қоймады…

Түсінсем бұйырмасын! Ардақты ағаларымыз ат басын тіреп келген мақсатты сапардан аяқ астынан бәрі бірдей неге бұлай бас тартты? Мұның астарында не құпия жатыр? Осы ой мені қатты мазалады…

Шындап келгенде, ұлтымыздың үш ірі тұлғасынның бірі болған Әйтеке бабаның басын қарайту барша қазақтың соңғы 20 жыл бойғы жүзеге аспай келе жатқан асыл арманы емес пе еді? Сол мұратқа жетіп, зәулім кесене бой көтергенде белін буып, алыстан жеткен ақсақалдарымыздың аяқ астынан бұлай бұлғаққа салып, бәрі бірдей кашқақтағанын халыққа қалай түсіндіреміз?

Ал қалың қауым ел ағаларын тағатсыздана күтіп отыр. Осы тұста көңілге бір күдік кіргенін де жасырғым келмейді. Меніңше, Ташкентке аман-есен жеткен ағаларымызға елден ықпалды біреу телефон шалып, Әйтеке бабаның басына аттап баспауын қатаң ескерткен тәрізді. Әйтпесе, бұл қадамды басқаша қалай түсінуге болады?..

Осы бір мезетте мен анамның: «Кесене тұрғызуға сендерден бұрын әрекет қылып, нәтиже шығара алмаған кісілер тарапынан қызғаныш, не іштарлык туып жүрсе ше..?» деп алаңдауының сырын ұққандай болдым. Сонда қалай, қызғаныш, бәсеке туады екен деп, әуелі әруақтың, қала берді қара халықтың алдындағы перзенттік парызымыздан бас тартуымыз қалды ма? Әрине, «тек жүрген, тоқ жүреді». Бірақ, кеудеде жаның барда, бойыңда қаның барда, намысыңды қамшыламай қалай омалып отырмақсың! Ондай тірілігің кімге керек?!.

Қалай болғанда да, Алланың көзі түзу болсын деп түйдім!

Енді маған бір ой келді. Ол ой — қалай болғанда да Әбіш ағамыздың осы іс-шараға қатысуын қамтамасыз ету еді. Елшіліктің кенесшісі Омар Нұржановқа: «Кешеннің ашылу салтанатына Кекілбаевтың қатысуы өте-мөте кажет, әйтпесе қарапайым халық бізді мүлде түсінбей қалады…» деп қатаң ескерттім. Ол Әбіш ағамызды үгіттеп, ұшақпен болса да әкелуге уәде етті.

 

Нұратаға нұр жауды…

 

31 шілде. Біз анам екеуміз таңғы салқынмен Нұратаға қарай жүріп кеттік. Ташкенттен Нұратаға дейін 550 шақырым жер. Шіліңгір шілденің күні күйіп түр. Қапырық ыстық. Жасы 80-нен асқан анам ұзақ жолдың ауыр соғарын сезсе де, кесененің ашылу рәсімін өз көзімен көруді қалады. Бір жағынан, осы істің басы-қасында жүрген ұлын да қолдағасы келді білем…

Осыдан үш күн бұрын ғана біздер Нұратада болып, кешеннің ашылуына арналған сценарийді әзірлеген кезімізде, ауа райы 45 градус болып күйіп тұр еді. Күн астында тұру мүлдем мүмкін емес-ті. Соған қарамастан мен митингіні кешеннің ортасындағы ашық алаңда өткізуді ұсындым.

Халықты айванға орналастырып, төралқа үшін күнқағар қалқан әзірлеуді ойластырдық. Шыдағанымызша күн астында болайық, шыдамай бара жатсақ, конақасы берілетін кафеге карай көшерміз деп те ұйғардық. Сол сәтте Құдай ауызыма салғандай: «Кесене ашылар күні әруақтардың өздері де қолдайды, көрерсіңдер, күн қоңыр салқын болады» деп, жұрттың көңілін жұбатып қойғанмын.

Біз кешенге сағат 11-ге таяу жеткенде, халық жиналып та қалған екен. Күн әдеттегідей күйдіріп тұр. Бұл рәсімге 500-дей адам жиналар деп ойлағанбыз, сөйтсек, қазірдің өзінде келген адам саны 2000-ға таяп қалған. Халық әлі ағылу үстінде…

Кенет қайдан шыққаны белгісіз, қою бұлт күннің көзін бүркеп, қоңыр салқын бола қалды. Баяу жел есті. Жиналған қауымның көңілі қош. Осы салқын сәтті пайдаланып, митингіні бастап жіберуге де болар еді, бірақ құрметті қонақты тосуға тура келетінін көпшілікке түсіндірдік.

Мәртебелі қонағымыз бір сағаттан соң жетті. Ал төбеміздегі әлгі алақандай ғана қою бұлт әлі де күннің көзін қалқалап, бізді қолдап тұрғандай көрінді.

Салтанатты жиынымызды аштық. Әбекеңдей шешен кісінің тарихты тереңнен қозғай, көсіле сөйлеген көсем сөзін жиналған жұрт сілтідей тына тыңдады. Абыз ағамызға ел ризашылығын танытты да. Сөз сөйлеп болған соң, Ташкентке ұшақпен жетіп алу үшін Әбекең Бұхараға аттанып кетті.

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.