Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы
Мұхтар Құл-Мұхаммед:
«АШАРШЫЛЫҚ – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕҢ ҚАСІРЕТТІ ОҚИҒА»
Ұлы тарихтың өне бойында, Ұлы далада өткен бір де бір соғыста қазақ дәл ашаршылық жылдарындағыдай қырылған емес! Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Қазақстандағы ашаршылық: халық трагедиясы және тарих сабақтары» атты халықаралық ғылыми жиында Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед осындай ащы шындықты ашық айтты. Мұхтар Абрарұлы сондықтан да ХХ ғасырдың басындағы сол нәубет жылдарды «Қазақстан тарихындағы ең қасіретті кезең» деп бағалады.
— Еуразиядай алып құрлықтың «жүрегінде» орналасқан, өз аумағына бес Францияны еркін сыйдыратын Қазақстанның арғы-бергі тарихында жан алысып, жан беріскен ұрыстар мен алмағайып оқиғалар аз болған жоқ! — деді қауымға қайырылған Мемлекеттік хатшы. — Бірақ солардың бірде-бірінде қазақ халқы, ашаршылық жылдары орын алғандай, аса зор адам шығынына ұшыраған жоқ! Сондықтан ашаршылық — қазақ тарихындағы ең қасіретті оқиға болды.
Кеңес билігі қазаққа жасаған сол қанқұйлы тірлігін, қанқұмар саясатын мойындамай кетті. Мұхтар Құл-Мұхаммед коммунистік идеология үстемдік еткен Кеңес Одағы сияқты тоталитарлық мемлекетте ашаршылық тақырыбы мүлдем зерттелмегендігін жеткізді. «Ақиқатын айтқанда, оны зерттеуге тыйым салынды! — деді ол, — сондықтан ашаршылық туралы шындық «ақтаңдақтар» ақиқаттары там-тұмдап ашыла бастаған өткен ғасырдың 80- жылдардың соңында ғана айтыла бастады». Жақында бір дерек жария етілді: сол зұлымдық саясат іске асырылар қарсаңында қазақ саны 7 миллион, өзбек ағайынның қатары 3 миллиондай болыпты. Енді қараңыз, қазіргі кезде «ала шапанды ағайындар» 30 миллионға жеткендігін жар салуда. Ал қазақ қасына еліміздегі өзге ұлттарды ерткеннің өзінде, 17 миллиондық межеге жете алмай келеді. Сосын қазақ өз көшбасшысына қосылып: «… 45-50 миллионға жетер ме едік?» деп аһ ұрмай қайтсін?!
Күні кеше елордада ашаршылық құрбандарына арналған монументтің ашылуы жайындағы хабарын еліміздегі коммерциялық бір телеарна «Великий джут» деп берді. Осы орайда Кеңестің солақай саясаты кесірінен қазақтың сол кезде бастан кешкенін жұтқа, яғни табиғи апатқа дейін төмендету, мән-маңызын кеміту әрекеттерінен сақ болған жөн сияқты (өйткені анықтама бойынша, «жұт — ауа райының аса қолайсыз құбылыстары (қуаңшылық, жерді көк мұз басуы, тағы да басқа) салдарынан белгілі бір аймақ тұрғындарының экономикалық күйзеліске ұшырауы»). Бұл ретте Мемлекеттік хатшы «ашаршылықты» «тоталитарлық жүйенің соғыссыз-ақ, қолдан жасаған ең үлкен, ең қасіретті гуманитарлық апаты» деп бағалауға шақырды. Ашаршылықтың Украина, Беларусь және Ресей Федерациясының Волга бойы, Орталық қара топырақты аймағы, Орал, Батыс Сібір мен Солтүстік Кавказ өлкелерін қамтығандығы алға тартылады. Алайда Мемлекеттік хатшы экономикалық тұрғыдан «ашаршылықтан ең көп зардап шеккен Қазақстан болғандығын», «ашаршылықта қазақтар ең көп қырылғандығын» ескертті.
— Ұжымдастыру науқаны халықтың ашу-ызасын туғызып, бүкіл Кеңес Одағы бойынша 6 мыңнан астам түрлі толқулар мен көтерілістерге ұласты, — деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. — Оның бәрі аса зор қаталдықпен, репрессивті машинаның күшімен басып жаншылды. 1933 жылы белең алған қуғын-сүргін біртіндеп, 1937-1938 жылдардағы сталиндік жаппай репрессияға жалғасты. Ашаршылық жылдары бас көтеріп, халықтың атынан пікір айтқан Алаш ардагерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, сондай-ақ Кеңес Одағының сол кездегі аса көрнекті қайраткерлері — Тұрар Рұсқұлов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов сияқты азаматтардың бәрі 37 жылдың репрессиясының құрбанына айналды.
Ұлттық киесі, қазақтың «алтын бесігі» — ауылдың шырқы бұзылды. «Күштеп ұжымдастыру ауыл шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесін талқандап, ел экономикасына, әсіресе, ауыл шаруашылығының мүлде тұралауына әкеп соқты. Міне, осы жоғарыда айтылғандарды саралай келіп, Кеңес Одағында 30-жылдары орын алған ашаршылық трагедиясына ешбір қарусыз, соғыссыз тоталитарлық жүйенің қолымен жасалған адамзат тарихының ХХ ғасырдағы ең үлкен, ең қасіретті гуманитарлық катастрофасы деп баға берген жөн» деп түйді мемлекеттік хатшы М.Құл-Мұхаммед. Өз сөзінде ол осынау жантүршіктірер ұлттық трагедияның себептері мен салдарларын жан-жақты зерттеп, зерделеуді ұсынды. Ол жиынға әлемнің 20-дан аса елінен жиналған ғалымдардың Қазақстандағы ашаршылық тақырыбына қатысты «ақтаңдақты» толтыруға үлес қосатындығына сенім білдірді. Бұл жерде кешегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерден ғалымдар қатысқанын айта кеткен абзал.
Әрине, ғалымдар зерттеп, біліп, жариялауы мүмкін, бірақ ол материалдар жастарға жетпесе, архивтер мен мемлекеттік кітапханаларда босқа сарғаймақ. Өйткені кітап сататын басқа орындар әдеттегідей, терең ойлы мұндай туындыларды елемей тастауы ғажап емес. Сондықтан бар үміт — мектеп пен жоғары оқу орындарында. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігінің басшылығы өзіне жүктелген міндетті түсінетіндей сыңай білдіріп қалды.
Жиын барысында сөз сөйлеген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «бүгінгі күннің басты мақсаты — тарихи әділдікті орнату» екендігін мәлімдеді. Оның аузынан «бүгінгі ұрпақ шындықты біліп, өткен тарихымыздан сабақ алсын» деген сөздер шықты. Ол да «Кеңес өкіметі кезінде тарихтың қайғылы бұл беттерін терең зерттеуге тыйым салынғандығын» алға тартты. Б.Жұмағұлов сол оқиғалардың жадыдан өшірілмеуі үшін тарихты жастарға, болашақ ұрпаққа жеткізу қажеттігін нықтады. Министрдің сөзі мен ісінің қаншалықты қабысатындығын, жаңа деректердің оқу бағдарламасынан қаншалықты кең орын алатындығын уақыт көрсетер.
Елдос СЕНБАЙ
«Айқын»
02.06.12.