Нұрғожа ОРАЗ. Көш басында — кемеңгер
By maukazan On 3 Окт, 2012 At 04:38 ДП | Categorized As 2012, №3-4 (20-21) май-июнь | With 0 Comments

Нұрғожа ОРАЗ,

ақын, Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері

 

КӨШ БАСЫНДА – КЕМЕҢГЕР

 

 

Ғасырдың бестен біріне жуығын артқа салдық. Осынау әр жылы бір ға­сырдың жүгін арқалаған өткен күндер­ге көз тастасақ, тарихи қысқа мерзімде тындырылған істерге таңдана таңдай қағамыз. Заманның ұлы көшіне ілескен еліміздің қадамы қарышты екеніне көз жеткізіп, төбеміз аспанға екі елі ғана тимей тұрғандай қуанамыз.

Аспан демекші, ел дамуы туралы ойлағанда, менің көз алдыма керемет бір сурет келеді. Көк аспанның төсін тіліп құстар қайтып барады. Кәдімгі қараша қаздар. Анда-санда әлгі сүйір лектің басында кетіп бара жатқан ата қаздың қаңқ еткен дауысы естіледі. Енді бір сәт осы көрініске ой жүгіртіп қарасақ, топтың көсемі көз қиығымен көріп, артына ілескендерді түгел шолып отыру үшін әлгіндей сүйірленген қатар тізеді екен. Ұзақ жолда қалғып кетіп сапты бұзбас үшін анда-санда көсемі дауыс беріп отырады екен. Жыл құстары күндіз де, түнде де ұшады. Желге, дауылға, қарлы жаңбырға да қарамайды, неше түрлі қиындықтарға кездеседі. Соның бәрінен өз үйірін аман алып өту үшін көсем қаз кеудесін оққа да тосады, отқа да түседі.

Біздің еліміз де өзінің жарқын болашағына қарай самғап келеді. Көш басында – Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Әрине, табиғаттың жоғарыда айтылған қиындығы тәрізді қоғамда да әрі тарт, бері тарт болмай тұрмайды. Қатар бұзатын қиғаш жандар да жоқ емес. Бірақ соның бәріне қарамастан ол халқының, елінің біртұтастығын, ынтымақ-бірлігін сақтай отырып, өзі мегзеген «Қазақстан-2030» бағытына тарта беруді парыз санайды. Әрдайым ел алдындағы сертіне берік.

Елбасы туралы сөз сабақтағанда, өткен күндер ойға оралады. Осындай бір ұмытылмас сәт – еліміздің аста­на­сының Алматыдан Ақмолаға көшірілуі еді. Сол тарихи оқиғаға өзімнің де куә болғанымды мақтаныш етемін.

…Ару қала – Алматыдан келген еліміздің Тұңғыш Президентін қарсы алуға жиналған жұртшылық өкілдері­нің қарасы тіпті қалың. Осындай ұлы оқиғаны – қарт тарихымыздың қыран жетер биігіне көтерілген, кейінгіге асыл аңыз болып жететін оқиғаны – жоғары дәрежеде, сән-салтанаты жарасқан той-думанға ұласқан оқиға етіп өткізуге дайындалған облыс, қала басшылары да әбігер. Халық қарашаның қытымыр суығы мен асау желін елер емес, шат­тыққа толы мыңдаған жүректердің жылуы айқын сезіледі.

Кешікпей салтанат та басталып кет­ті. Қазақ халқының мемлекеттігін қа­л­пы­на келтіріп, нығайтып, ел еңсесін көтеріп, бүгінгі бар әлем таныған дәре­жеге дейін жеткізіп берген ұлы астанамыз – Алматының қара ша­ңы­рақты әке­ліп Ақмолаға көтеріп жат­қаны қандай жарасымды. Бүгінде пайғамбар жасынан асқан біз қатарлы ұрпақ нешеме бір қиындықтарды, азап-қорлықтарды бастан кешіп, халқымыз­дың жас түлек­терінің жат мінезді болып бара жатқа­нына үрейленіп жүрген­де осындай бір ауызбен айтып жеткіз­гісіз бақытты шақты көреміз деп тіпті осыдан оншақты жыл бұрын ойлаған жоқ едік. Мәңгүрттік етек алып, ес кете бастаған шақта келіп басымызға орна­ған егемен­ елдігіміз аса зор қуанышқа бөлесе, бүгінгі шын бақыт осы емес пе! Сон­дықтан да жаңа елдің, жаңа астана­сының бой түзегенін көріп, құдайға тәубе дейміз! Көрген бейнеттің бәрі артта, өткенге салауат. Ендігі жерде – осы өзіміз куә болып отырған ұлы шын­дықты мәңгіге шаң баспаса, ғасыр­лар төсінде жарқырап көрініп, ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғаса берсе екен деген үлкендік тілек кеудемізді кернейді!

Біз сияқты үлкендердің көпшілігі, әлгі айтып отырған жүрекжарды қуа­ныш­тардың бойды кернеген тегеуріні болар – қасиетті қара шаңырақтан кем емес Елтаңбаның бейнесін көріп, әрбір естіген сайын жүрек толқытатын мем­ле­кетіміздің Әнұраны орындалып, қа­сиетті көк Туымыз желбіреп, жоға­ры көтеріле бастағанда, көз жастарына ие бола алмай қалды. Сол сәтте Қазақстан атты қайратты еліміздің қуат күшіндей гүрсілдеген зеңбірек дауысы салтанат сәнін биіктетумен бірге, қуа­ныштан босап бара жатқан біздің де бойымызды ширатып, аспанда желбіре­ген желек Туымызға қарап көз тіктік. Одан әрі бір топ ақсақал Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына бата беру, қаланың кілтін тапсыру, қастерлеп шапан жабу бақытына бөлендік. Сол ұлы парызды атқару үстінде біз табанымыз жер басып тұрғанмен рухани асқақтап, Нұрсұлтанымыздың даңқымен бірге аспандап кеткендей сезімге бөлендік. Мен бұл жерде астаналық айбынға ие болған қаланың қастерлі сәтін түгел суреттеуді парыз етпеймін, тек жеті ақсақалдан құралған өз тобымыздың атқарған абыройлы борышы тұсындағы сезім сәттерін ғана айтып отырмын. Иә, біздің тобымыздың Президентімізге бер­ген батасындағы аталық тілек – халық тілегі ұзағынан сүйсіндіріп, мәң­гілікке ұлассын!

Еліміздің сол бір бақытты шағына куә болып, жеті ақсақалдың інісі ретін­де салтанатты мемлекет ісіне қатысқа­нымды, Алматыдан Астанаға Прези­ден­ті­міздің өзі бас болып Мемлекеттік рәміздерді алып келгенде, Нұрсұлтан Әбішұлына қаланың кілтін тапсырып, иығына қамқа тон жауып, бата берген қариялар тобында болуымды өзіме аса зор мәртебе санаймын.

Сондағы халықтың қуанышында шек жоқ еді. Өйткені, олар қазақ хал­қының болашақтағы барар жолын, ен­дігі ел тағдырын аса сезімтал көреген­дік­пен болжаған Елбасының даналы­ғын жан-жүрегімен сезінген-ді. Онсыз да өткен тарихы аумалы-төкпелі болған халқымыз осыншама ұлан-асыр жерді, әлемде сирек кездесетін ұлы даланы жан алысып-жан берісіп қорғап жүріп қиындықтың қияметінен өтіп келгені белгілі. Ал әлем аласапыран болып, қоғамдық жаңа формацияға өтіп жатқан кезеңде алапат кең жерді сақтап тұру да оңайға түспесі белгілі. Өзге елдерде кішкене жерді қорғау үшін қаншама шайқас, қантөгіс болып жатыр. Біздің халқымызға Алла тағала сый­лық етіп Нұрсұлтандай айбарлы арысымызды берді. Соның қырағы көзі, алғыр ойы, ақылы бізді бейбіт күннің шуағына бөлеп келеді. Не көрсе де өз басы қиындықтың азабын шегіп, қиын­нан жол, қиядан сөз тауып елін, жерін, өзі сүйген халқын биіктерге бастауда.

Маған кейде мынау алып далаға орналасқан Қазақстан атты еліміз ұлы мұхитта, замана мұхитында желкенін көтерген орасан зор кемеге ұқсайды да, оның капитаны Нұрсұлтан болып көрі­неді. Ол кеменің штурвалында қас қақ­пай алға қарап, өзі көздеген жер жұма­ғы – болашақ, ғажайып тұрмысы бар – бай заманға бастап барады. Соны елес­тетемін де, «Я, сәт, я Тәңірі, осы да­­рабозыма ғұмыр бере көр, мақсаты­на, арманына жеткізе көр!» деп тілеймін.

Осы сезімім елімізде Президент сай­лауы өтер тұста тіпті күшейді. Со­ның айғағы іспетті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­­­ның Президенттікке кандидат­ты­ғын қолдау науқанына тікелей кірісіп, жа­сымның келіп қалғанына қарамас­тан, Қазақстан Республикасы Прези­дент­­ті­гіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың сенім білдірген адамы болып бар күш-қуа­тымды жұмсап еңбек еттім. Хал­қыма сөзімді ұғындыра қол соқтырдым. Бү­гінде сәтті аяқталған ұлан іске қуа­нып, Аллаға тәубе дейміз.

Уақыт – тұлпар! Көш екпіні күшті! Астананың арқа төсіне ту тіккеніне де он үш жыл толып қалыпты. Астананың тойы – Елбасының тойы.

Елдің елеңдеп күткен ересен тойы еңсені көтеріп есте қаларлықтай ерекше сән-салтанатымен құлпырып өтті. Артында аңызға айналатын асқақ көрі­ністер барша әлемді шарлап кетті. Осындай ел қуанышына бөленген Елба­сының есімін уәлі ауыздар сан рет қайталап – солардың әрқайсысы оның ұлы тұлғасының әр қырын сүйсіне атап көрсетіп жатты. Сырт елдердің сыпайы азаматтары байланыс хабарының мол мүмкіндігін пайдалана отырып, өз ойларын құрметке бөлеп жеткізді. Сол өзге елдердің ерекше тұлғалы ардагер­лері Оны қадірлейтін, қасиеттейтін сөздерін шын пейілдерімен арнаса, енді біраз елдердің Президенттері ұлы тойға өздері келіп арнайы қатынасты.

Иә, Оның атқарып жатқан ұлан ісі өлшеусіз, ерлікке толы. Сөйте тұра, Елбасымыз өзінің мүшелтойы қарсаңында жұртшылыққа жария етіп, бұл күнді дүркіретіп тойлаудың қажеті жоқ, артық сөз айтылмасын деп хабарлаған болатын. Әрине, бұл ел басқарып отыр­ған арда азаматтың кішіпейілділігі, ар­тық айтқан алып-қашпа сөз болмасын дегені. Сонысы дұрыс та шығар. Біз оған да сүйсіндік. Атқарған Алатаудай асқаралы жұмысын халық алдында қа­рыздар еткісі келмеген мейірімділігіне тәнті болдық.

Бірақ, сондай мақтаныш кеудені кернеп, жанартаудай атылып шыққалы отырған ел қуанышына ол айтқан ескерт­пе сөз бөгет бола алмады. Әркім өзінің жүрекжарды қуанышын газет, журнал, теледидар арқылы, әрқилы жиындардағы мінберлерде айтып жатты. Әр кеудеден атқылаған ризашылық қуанышты сезімді тоқтатар, тежер күш болмауы өмірдің өзі өріп берген жақсы­лықтың нышаны болса керек.

Сондай жұртшылық пікірінің біразы – еліміздің бас газеті – «Егемен Қа­зақ­стан» шығарған «Елбасы» атты кіта­бы­ның тұсаукесер жиынында айтылды. Қазір мен де сол жиында айтқан пікі­рімнің кейбіреуін қайталағым келеді. Шындық пен әділдіктің темірқазығы болып, басқа басылымдардың көшба­сын­да келе жатқан осы көсем газет сонау еге­мендік алған ересен жылымыздан бері қарай Елбасының сан қырлы қияме­тімен қоғам өміріне келіп жатқан әр- қилы жаңалықтарды айғақты деректермен көрсете отырып, ол туралы жазыл­ған алуан түрлі асыл ойлы мақа­лалар мен сұхбаттарды, әдеби-көркем туындылар мен өлеңдерді іріктеп алып, оқыр­манға көлемі зор кітап ұсынған екен.

Қарап отырсақ, сол кітаптағы тоғыс­қан ой-өрнектері – егемендік алғаннан бергі халқымыздың басынан кешіп жатқан 20 жылдық өмірінің тарихы іспетті. Мемлекетіміздің бүгінгі биікке жеткенге дейінгі арпалыспен өткен ұлы жолында болған оқиғаларды зерделей­мін деген ғалымдар әр жерден, әр деректен іздеп, уақытын кетіріп жатпай, осы кітап арқылы көп жайға қанығады.

Осы кітапты шолып отырғанда біздің халқымыздың бағына қарай, ел тізгінін ұстаған Елбасымыздың биік те бірегей бейнесі жасалғанын байқаймыз. Әр автор өзінің аңғарымындағы тапқан теңеулері арқылы халқымыздың асыл перзентінің бейнесін жасауға өз үлес­терін қосып отыр. Әрине, Нұрекеңнің мұндай құрметке лайық істері ұлан-асыр. Ол өзінен бұрынғы қоғамның құ­лап түсіп, күл болған орнына егемендік алған халқының мамыражай өмірде күн­көрісін орнатуды алдына мақсат етіп қойды. Сол ұлы шырағдан үнемі өзіне шақырып, күндіз-түні ойынан кетпей, маза бермеді. Ал оған жетудің жолы қандай – міне, Елбасын толған­дырған, ой тебіренісінен шығармай елі, халқы үшін қинаған – «түн ұйқысын төрт бөліп, түнде шошып оянған» асыл анадай мейірім мен қамқорлыққа толы ұлы арманға жету жолы болатын.

Сондай орасан зор арманды алдына қоя білген және сол жолға жетерліктей күш-қайратты бойынан таба білген Елбасымыздың құрыштай берік тұлға­сынан қазағымның бар болмыс-бітімін көргендей боламын. Олай дейтінім, 1991 жылы адам баласы тарихында бұрын-соңды болып көрмеген орасан қырғынмен орнатылған, әртүрлі ұлттар мен ұлыстардан жиналған құрандалы ел КСРО 70 жылдай өмір сүріп, ақыры екпіні қайтқан тұста әлсіреп, өзінің жал­ғандыққа толы өмірін тоқтатып, оның құрамына енген ежелгі іргелі елдер бөлек шығып жатты. Сол бөлек шық­қандардың біразы бойында қорда­ланып қалған ашу-ызаны бұрқ еткізіп жатса, оған қоса сол елдердің құра­мы­на КСРО еріксіз байлап берген этнос­тар өзара қырықпышақ болып, бөл­шек­теле басталды. Сондай жайды алдын-ала сезгендей біздің Нұрекең әліп­тің артын бағатын ұстамдылық, бай­сал­дылық, шыдамдылық қасиеттерінен айнымады.

Міне, тарихтың осындай тағдыры­мыз­ды тонаған тұсында келіп Елбасымыз егемендіктің Туын көтерген еді. Бұл тұста бұрын болып өткен әлемдегі қоғамдық қатынастардың біріне де ұқсамайтын жаңа формация – «нарық­тық экономика» ғаламшарды түгел орап алды. Одан бұлтарыс қалатын қаға-беріс өмір жоқ еді. Бұл мемлекеттік жүйеге қосылмағандар аяқасты тапталып қа­латын жағдайы көрініп тұрды. Сөйтіп енді Елбасы өзі қолына алған қиын­дығы мен күрделілігі қат-қабат мол елді болашақтың белгісіз бағытына алып жүруі керек еді. Алдында сайрап жатқан жол болмады. Соныдан соқпақ­ты жол салып, әлемде болып жатқан небір құбылыстарды салыстыра келіп, салғастыра келіп жаңадан өзіндік жол салуы қажет еді. Мыңдаған жылдар бойы өмірін көшпенділікпен өткізген, жортуылда аттан түспеген елдің қанын­да басқа халықтардан мүлдем бөлек ерекшеліктер бар еді. Солардың бәрін салғастыра айқын анықтай отырып, жаңалыққа ұмтылу анау-мынау адам­ның қолынан келе бермейтін күрмеуі қиын іс.

Осындай күрделілікті көрегендікпен жеңген Елбасымыз өзі бастап алып келе жатқан елдің соңына – жаңа жолдың, тарихта кездеспейтін ерекше жолдың, адам айтса нанғысыз күрделі жолдың жиырма жылдық үлгісін қалдырды. Бұл тұста жаңадан құрылып жатқан елде, яғни күл-талқан болып құлап түскен социализмнің ескі жұртының орнына жаңа елді аяғынан тік тұрғызу – нар­тәуе­келді берік ұстанған, ақыл-ойымен алған беттен қайтпайтын батыл да батыр әрі күш-қуатына сенген қайсар жандар ғана қаймықпай қолға алатын ұшы-қиыры жоқ сан салалы жұмыстар тұрды. Сондай қиын жолда сәттілік пен сәтсіздіктің белдесуі болатыны анық. Кейбір шайпау тілді ағайындар сәтті­лік­ті бойына дарытқанын сезінбей, сәт­сіздікті тілге тиек етіп, ел ішінде өсек­тің тамыздығы іспетті «дейді» сөздерді өрбітіп жүр. Бірақ еңсесі биік Елбасы солардың біріне де мән бермей, тіпті көңіл аудармай қалыс қалдырып келеді, сол парасаттылығы – жеңіс кілті.

Жоғарыда айтқандай, ол соныдан салған соқпақ жол өзге тағдырлас елдерге үлгі болды дедік қой, сол салын­ған жолдың бүгінгі айқын көрінісіндей күнделікті сөз қолданысымызда армандай алдағымызға бастарлық «Жол картасы» деген ерекше термин пайда болды. Бұл жол – кеңес кезінде «шеткі аймақ», «бұрынғы көшпелі, артта қалған ел», «мал шаруашылығы ғана дамыған ел» деп Қазақстанға индус­трия­­ны енгізбеген, фабрика, зауыттар жоқтың қасы болған біздің елге зор жаңалық әкелетін даңғылға айналып барады. «Жол картасы» аясында елді нақты индустрияландыру жобасы жал­ғасып жатыр. Әлемді тұмшалап тұрған дағдарыс кезінде мұндай ақылдың ке­нішін еркін пайдаланатын іске тәуекел ету тек қана біздің Елбасымыздың қо­лынан келетін ерлік іс екеніне көзіміз әбден жетті. Тіпті бір ғана мысал – бұрынғы соғыс қару-жарақтарын шыға­ратын, кейіннен жұмысы тоқтап қалған Петропавл қаласындағы оннан астам зауыттар бүгінгі ел қажетін өтейтіндей өнім шығаратын орындарға айналып, қайта жабдықталып жатыр. Бұрын Қа­зақстанның шикізат өнімдерін орталық­қа ғана таситын темір жол, тас жолдар болса, бүгінде еліміздің ішкі айналымына қажетті жолдар салынып, халық­тың қажетін өтеуде.

Сөйтіп Елбасы сонау алғашқы жылдарда соныдан сүрлеу жол салған ба­ғыты бүгінде әлемдегі дағдарысқа қара­мастан ұлы жолға, өзгелер өнеге тұта­тын айқын жолға айналды.

Біз жоғарыда айтқандай, Кеңес өкі­меті қираған тұста жұрттың ең соңынан егемендікті жариялаған елді Нұрекең бүгінде ТМД атанатын тағдырлас ел­дер­дің алдына шығарды. Сөйтіп, ежелден отырықшы болып келе жатқан сол елдердің алдына түсіп, өзгеге үлгі-өне­ге көрсетті. Қазір әлем таныған, өзге алпауыт елдер тең санасатын Қазақстан Республикасы Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты солай таниды, солай құрмет көрсетеді.

Әр елдің елдігін танытатын, ерте­ңіне жол ашатын, әрбір азаматына ер­кін өмір сүрер сенім беретін беріктіктің белгісі бар. Ол беріктік сол мемлекеттің болмысын айқындайтын, халқының құрамын берік ұстайтын, өзге жұртқа, шетелдерге айқын бейнесімен танылу­ға нақты сенім көрсететін заң жиын­тығы – Конституциясы.

Астана бүгін қалыпты өмірден өзгеше өзінің әсемдікпен безенген көр­кін бұрынғыдан да құлпырта түскен. Қала тұрғындары аспанға асқақтаған «Қазақ елі» монументі жаққа лек-легі­мен ағылуда. Алдарында сол айбынды ескерткіш пен Бейбітшілік және келі­сім сарайы арасындағы кең алқапты даң­ғыл жатыр. Монументтің арт жа­ғын­да айналасы атшаптырым жерді алып Тәу­елсіздік сарайы мен Музыка акаде­мия­сының көгілдір шынымен қапталған жаңа ғимараттары тұр. Бұл екі құрылыс та ерекшелігімен ешбір елде қайта­лан­байтын зәулім ғимараттар.

Әлгі кең даңғылдың батыс жағына шетелдік қонақтар мен қаланың құр­метті адамдары отыратын бірнеше бө­лікті сатыланған орындықтар қойыл­ған, стадиондағы жұрт жайғасатын жер тәрізді, мыңдаған жанға арналған ме­рекелік орын. Оның қарсысында даң­ғыл­дың монумент жақ шетінде әскери оркестрлер құрамы жайғасыпты, тың­даған адамның бойына жігер құятын екпінді әуендер ойналуда.

Елбасының қонақтарын ертіп, өзде­ріне арналған мінберге келіп жайға­суын асыға да ынтыға күткен жұрт бой­­ындағы қуанышты жасыра алма­ған­дай әлсін-әлсін қол соғып қояды. Иә, міне, тойдың тұтқасы, осынау ұлы өзге­ріс­тердің ұйытқысы – халқының сүйіс­пен­­шілігіне бөленген Нұрсұлтан Әбіш­ұлы да келіп, құрметті орнына жайғасты.

Бұл ұлы мереке Елбасының ұйға­ры­мымен Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 15 жылдығына ар­нал­ған еді. Мемлекеттің заң жиынты­ғын бұлай қадірлеп, қасиеттеудің де ерекше мәні зор.

Енді сол жайлы ойымызды жалғай­ық. Біздің халқымыздың асыл анасы – күнкөрісін дамытушы, еркіндікке сам­ға­тушы осы жарты әлемді алып жатқан ұлы дала. Осы далада бізге белгілі болғаны – сонау сақ заманынан бері, сақ пен ғұндардың қаны араласқаннан бері қаншама хандықтар мен ру одақ­тары болған мемлекеттер аттарын ауыс­тырып өтіп жатты.

Әлдебір әлжік білімсіздер қазақ елінде мемлекет болмаған деп қаса­ры­сады. Сондай адамды мен өз басым Астанадағы бір колледжде көрдім. Осы оқу орнының директоры бізді студенттермен кездесуге шақырды. Әңгіме барысында (абырой болғанда соның каби­нетінде болған келіссіз әңгіме еді) сө­зіміз тәуелсіздігімізге ауысты да, оның Конституциясы тілге ілікті. Директор­дың сондағы айтқаны әлгіндей, қазақ мемлекетсіз өмір сүріпті. Ол хандық мемлекеттік жүйені менсінбей, кеңес коммунистерінің айтқан сандырағын қай­талап тұр. Батыстық корольдік (мей­лі ол ұсақ болсын), герцогтік, княздік біртұтастықтар мемлекет те, ал оларды он орап алатын кеңістіктегі хандық бірлестік мемлекет емес. Барып тұрған сандырақ.

Қазақ хандығы 500 жылға созылды. Сол кезеңде ол қаншама басқыншы­ларға қарсы күресіп, бетін қайырды десеңізші! Сондай айбыны күшті мемлекет болмаса, оның басшысы болмаса, басқыншыларға қарсы күресті қалай атқарар еді!

Енді бірыңғай конституцияға ауыс­сақ, ол латын тілінде құрылыс деген мағынаны білдіреді. «Конституцияны мемлекеттің негізгі заңы ретінде жоғар­ғы өкімет органы немесе арнайы шақы­рылған Құрылтай жиналысы, ұлттық жиналыс қабылдайды». (ҚСЭ-сы, 5 том, 568-бет). Біздің бүгінгі конституциямызды әріден қозғасақ, «Ата Заң» деу орынды.

Еліміз егемендік алған жылдары өзге сыртқы елдер жеке мемлекет еке­німізді мойындау үшін тез арада Қа­зақ­стан Республикасының Конституциясын дүниеге келтіру керек болды. Сөй­тіп, Елбасы бірден осы аса маңыз­ды іспен айналысатын комиссияны құрды.

Бұл арада мен сол комиссия атқар­ған істерге тоқталып жатпаймын. Мақ­сатым – Қазақстан Республикасы Конс­титу­ция­сының қабылданғанына, хал­қы­мыздың қолына тигеніне 15 жыл толуы Астана қа­ласында қалай атап өткені жайлы әңгі­мелеу, бойды кернеген айбынды сәтте халық қалай шаттанғанын көзбен көр­генімізді қуанышпен паш ету.

Біздің қазақ өзінің өн бойына біткен өрлігіне қоса ұстамдылықтың, төзімді­ліктің, байсалдылықтың да иесі ғой. Сол қасиетімен неше бір қатыгез қас­тандыққа төтеп берді. Алла тағала сондай асыл қасиетіне орай қазаққа Нұр­сұлтан Әбішұлы сынды әлемдік дең­гей­дегі тұлғаны берді де, халқымызды құйындай ұйтқыған ескі мен жаңаның орын алмасуы кезінен, қоғамдық қаты­настардың қарбалас ауысуы кезеңінен елімізді аман-есен ешбір кеселге қақтырмай, соқтырмай алып шықты.

Кеңес кезінде бір тілді мемлекет жасауға талпынған режімнің тастап кеткен қиындығына қарамастан, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп Конститу­ция­мыздың арнайы бір бабына Елбасының өзі енгізуі батылдық та батырлық емес пе! Халқымыздың халықтығын сақтап қалу да осы айбынды бапта тұрған жоқ па! Қазір «Қазақ тілі» деп ұран салып жүргендер сол бапқа арқа сүйейді.

Құдайға шүкір, біз сол Ұлы Конс­ти­туцияның аясында мінекей 15 жыл өмір сүріп, Қазақстан Республикасы ТМД елдерінде, тіпті алыс шетелдерде тала­йы­ның алдына шықты. Әлі де елі­міз шарықтайтын мүмкіндіктер алда, өйт­ке­ні әлемді әбжыландай орап алған дағ­дарыс кезінен де сүрінбей өтіп келе­міз.

Астана

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.