Нұрсұлтан Назарбаев. Тарихты таразыға тартқанда, дана болуымыз қажет
By maukazan On 3 Окт, 2012 At 04:48 ДП | Categorized As 2012, №3-4 (20-21) май-июнь | With 0 Comments

Қазақстан Республикасының Президенті

Нұрсұлтан Назарбаев:

 

«ТАРИХТЫ ТАРАЗЫҒА ТАРТҚАНДА, ДАНА БОЛУЫМЫЗ ҚАЖЕТ»

 

Астанада тарихи әділеттілік қайта қалпына келтірілді. Қазақстан Көшбасшысы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні», кеше Қазақ елінің бас қаласында, елорданың тарихи бөлігіндегі Абай және Республика көшелерінің қиылысында, «Ашаршылық құрбандарына тағзым» монументалды сәулет-көркем композициясын салтанатты түрде ашты. Нұрсұлтан Назарбаев «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына мәңгілік тағзым» деп жазылған осы монументке гүл қойып, сол нәубет боздақтарының рухына тағзым етті. Бұл салтанатты рәсімге сондай-ақ Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары ІV съезінің делегация басшылары, елорда әкімі қатысты.

Жаһандық діни көшбасшы­лардың бұл шараға қатысуының символикалық мәні болды, ол «қазақ халқының осы азалы қай­ғысына әлемдік қоғамдас­тықтың ортақтасып отырған­дығын» білдір­гендей.

— Ардақты ағайын! — деді жи­нал­ған қала тұрғындары мен қонақ­тарына, Ел­басы. — Кешеден бері Астана — әлем жұрт­шылы­ғының назарында. Дәл осы күн­дері қазақ елі тағы да өзіне тән та­рихи мис­сиясын атқару үстінде. Осымен төр­­тінші мәрте дүние­-жүзі дәстүрлі дін­дерінің көш­басшылары екі күн бойы қазақ то­пырағында бас қо­суда. Олар адам­зат болашағының аса кө­кейкесті проб­ле­маларына ар­нал­ған құрылтайға жиналды. Осы­­лайша Астана әлемде бірлік пен та­­тулықтың артуына, тұрақ­ты­лық­тың ор­ны­ғуына ұйытқы болып ке­леді.

Енді, мінеки, сол әлемдік алқалы басқосумен қатар, тарихымызды түгендеп, тағы бір үлкен шара, ата-баба рухына ескерткіш ашудың рәсімі өтіп отыр. «Бүгін, бұл жерде, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы алапат ашаршылық құрбандарының рухына тағзым ретінде ескерткіш бой көтерді, — деді Мемлекет басшысы. — Кеңес Одағы аумағында 1932-1933 жылдары болған ашаршы­лық — адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Сол кезде Қазақстанды ғана емес, Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады» дей келе, Қазақстан Көшбасшысы «қазақтың сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халық» екендігіне екпін салды: «Тек 1932-1933 жылдары ең кемі бір жарым миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Мұны әлі де зерттеу керек, әрине. Аман қалған қандастарымыздың тағы 600 мыңнан астамы жан сауғалап, шет мемлекеттерге босып кетті. Сол жылдары нәубетке шарпылмаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ».

Н.Назарбаев «осының барлығының сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясаты қолдан жасағандығын» атап өте келе, миллиондаған құрбандардың құныкері кім екендігін білдіре кетті. Әрине, қылмыскер жүйенің мұрагері­нен кек алу үшін емес, өткеннен сабақ алу үшін! «Тарихты таразыға тартқанда, безбендегенде, дана болуымыз қажет, бұл тақырыптың саясилануына жол бермеу қажет, — деді Елбасы. — Ашар­шылықтың, депортациялардың және адамдардың жаппай қырылуының себе­бі — кеңес режимінің қатал саясаты еді. Ашаршылықтың алдындағы тәркілеу және ұжымдастыру науқандары талай дәуірден бері қапысыз қалыптасқан көшпелі қазақтың шаруашылығын шайқап, тіршілік қалыбын бұзды. Соның салдарынан қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына 1970 жылдары әрең қол жеткізді. Осындай нәубеттердің қайталанбауы үшін тарихқа жіті көзбен қарап, өткенді ұмытпауымыз қажет. Халықтың қасіретті сәттері әрдайым елдің жадында болуы тиіс. Бұл ретте тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған ашаршылық ешқашан ұмытылмақ емес».

Өкінішке қарай, қазақтың басын өсірмей тастаған сол ашаршылық туралы там-тұм ғана білімі бар тұтас ұрпақ өсті. Қазақ осындай ескерткішті ұзақ күтті. Бұл жай қашалған тас емес, оның тәрбиелік маңызы өте зор. Мәселен, қазақстандық жастар «Бәйтерек» монументінің бой көтеруінің арқасында, қазақтың самұрық жайлы аңызын жақсы біліп алды.

— Сондықтан да біз, Астананың қақ төрінде «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» орнатып отырмыз! — деді осы орайда кеше Президент. — Бұл біріншіден, ашаршылықта құрбан болған миллиондардың рухына бүгінгі буыннан тағзым. Екіншіден, келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағылым. Біз айтамыз, Ұлы Отан соғысы кезінде, Ақтабан шұбырынды кезінде де қаншама адам қырылды деп. Бірақ дәл мынандай нәубетті қазақ ешқашан басынан кешірген жоқ! Санақ бойынша, халқымыздың жартысына жуығы қырылды. Соның ішінде ел ертеңі — бүлдіршін балалар ең бірінші болып құрбан болды. Егер олай болмаған кезде, халқымыздың саны қанша болатын еді?! — деп аһ ұра, күрсіне сөйледі Қазақстан Көшбасшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мәні терең сөз айтты. Бұл ескерткіш Қазақ елін мекен еткен өзге ұлттарға да ой салуы қажет. «Репрессиялардың басты айыптысы — қатыгез тоталитарлық жүйе, — деді Мемлекет басшысы. — Сонымен бірге біз өзіміздің ортақ тарихымыздың басқа жағын да ұмытпауға тиіспіз. Басына түскен қаншама қиындықтарға қарамастан, қазақ халқының қонақжайлылығы­ның арқасында ғана барлық депорта­цияланғандар Қазақстанда жаңа өмірге қол жеткізді. Олардың ұрпақтары бүгінде біздің отандастарымыз». Осыдан кейін Елбасы бірлік пен келісімнің құндылығына тоқталды: «Біз бейбітшілік пен жасампаздық жолында бірге, күшті де тәуелсіз Қазақстанды тұрғызудамыз. 20 жыл табысты, тәуелсіз дамуымыз осының айғағы».

Бірақ қол жеткенге малданып, бос марқаю, арқаны кеңге салу — орынсыз. «Бүгінде әлемде экономикалық дағдарыс жалғасуда, — деді осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев. — Ол әлеуметтік құндылықтар дағдарысына ұласуда. Көптеген елдерде жұмысшыларды жаппай қысқарту жүруде. Жалақылар мен зейнетақылар қысқартылып, кәсіпорындар жабылуда. Азық-түлік тапшылығы артуда, басқа тауарларға деген баға шарықтап өсуде. Осыларға керісінше, Қазақстан орнықты және жүйелі дамуда. Біз бұл дағдарыстарды еңсердік». Осы тұста Қазақстан Көшбасшысы Үдемелі индустрияландыру бағдарламасына тоқтала кетті. «Біздің басты мақсат — барша қазақстандықтардың ауқатты болуы. Біздің осынау барлық жетістіктеріміздің негізі — бейбітшілік пен тұрақтылық. Бұл — біздің болашақтағы табыстарымыздың басты шарты! Тұрақтылық, бейбітшілік, бірлік — елдің гүлденуінің, баюының, әр қазақстандық отбасының дәулетінің сенімді кепілдері. Біз оларды көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Мұны әрдайым есте сақтап, ұрпаққа табыстауымыз қажет» деді Мемлекет басшысы.

Қазір де халықтың басын өсіру мәселесі күн тәртібінде тұр. «Біз болашаққа бет бұрған халықпыз, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын өткен жылы ғана атап өттік, — деді Н.Назарбаев. — Кеңес өкіметі билікке келген алғашқы кезде, Қазақстаннан көшіп кеткен халық көп болды. Сол кезде халқымыздың саны 4 миллионға дейін азайып кетті. Осы жылдар ішінде нәубет салдарынан және басқа жағдаймен кеткен 1 миллион қандасымызды елімізге қайтардық. Бүгінде халқымыздың әл-ауқаты жақсарып, бала туу деңгейі өсіп, халық саны жылдан-жылға өсіп келе жатыр». Денсаулық сақтау мәселесіне мемлекет көңіл бөлгелі бері бала тууға қабілетті жастағы аналар өлімі күрт азайғандығы айтылды. Жас сәбилердің шетінеу оқиғасы сиреп келеді екен. «Адамның өмір сүру жасы ұзарды. Тек соңғы 4 жылдың ішінде қазақ халқының жалпы өмір сүру жасы 65-тен 70 жасқа жақындады. Бұл үлкен табыс болып саналады. Халық басы біртіндеп, 1,5-2 пайызға өсіп келе жатыр. Қазірдің өзінде 17 миллионға жақын халқымыз бар. Менің алға қойған мақсатым — жуық арада халық санын 20 миллионға жеткізу! Бұл қол жеткізуге болатын жағдай» деп шегеледі шенеуніктерге қарата, Президент.

— Алдымызда әлі де істейтін ша­руа­мыз көп. Өткенге тағзым етіп, бабаларымызды еске алып отыруымыз керек. Елдің бірлігі, татулығы сақталып, көп ұлтты халқымыз бір-бірімен түсінісуі керек. Қазақ жерінде өтіп жатқан ауқымды іс-шаралар дүние жүзіне белгілі. Өздеріңіз білесіздер, ЕҚЫҰ-ның ең үлкен жиыны да осы жерде өтті. Міне, енді Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші съезін өткізіп жатырмыз. Мұның барлығын «елімізді бүкіл дүниежүзі білсін» деп жасап жатырмыз.

Сонымен қатар Елбасы бейбітшілікке, татулыққа бағытталған, ядролық қаруға қарсы бастамалардың, маңызды іс-шаралардың барлығы қазақтың жерінен шығып жатқандығын еске салды. Мақ­танса, қазақ мақтансын! Рухтанса, қазақ рухтансын! Тәубе айтар халық болса, ол — қазақ болсын!

— Өткенге тағзым етіп, бабаларымызды еске алып, екі білегімізді сыбанып, алға қадам басып, жастарымызды тәрбиелеп, еңбекқор, елді сүйетін, жерді сүйетін патриот халық болып өсе берейік. Аман-сау болыңыздар, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — деді Қазақстан Көшбасшысы.

Елбасы ашқан монументтің ком­позициясы негізінен екі мазмұндық бөлімге негізделген. Оның негізгі идеясы көкке қол жайған, Тәңірден жалбарына жәрдем сұраған «Әйел-Ана», аштықтан бұратылған бала бейнелерімен сомдалады. Сәулеттік бейнелердің авторы — Валерий Пирожков. Ол бұл бейнелерді бекер таңдамапты. Қазақ халқының ұғымында Әйел-Ана — отбасының ұйытқысы, ұрпақ жалғастырушы. Анасының қалқасына тығылып, тіршіліктен қорған іздеген аш-жалаңаш, арып-ашқан бала Кеңестік тоталитарлық жүйедегі елдің ертеңіне алаңдаушылықты бейнелейтіндей.

Композициялық мүсіндер орналасқан дөңгелек жер — «ошақ» бейнесіндегі шеңбердің ішінде, Ана мен бала бейнелерімен бірге, әдетте қазақ халқының ескі қорымдарында орнатылатын балбал тас мүсіндері қойылған. Осылайша, Жоба авторы — аштыққа ұрынып, құрбан болған о дүниелік жандар мен тірі қалғандар арасындағы байланыстың ешқашанда үзілмейтін құдіретін көрсеткісі келген.

Сәулеттік композицияның артқы қапталына тұрғызылған қабырға «Қа­сі­рет керегесі» деп аталады. Авторы – Орал Әлібаев. Көшпенділер үшін «Кере­ге» — ошақтың орны, отбасының тұғыры ұғымдарын білдірген. Керегенің Әйел-Ана мен бала мүсіндерімен бірге тұрғызылуы — аштық пен қасірет қырғыны қанша қысса да, ата-ана мейірінен нәр алған халық рухының сағы сынбаған қайсарлығын білдіреді.

Монумент 0,175 гектар жер аумағына қойылған. 21х21 шаршы метр көлемдегі платформа үстінде орнатылған «Әйел-Ана» образындағы ескерткіштің биікті­гі — 4,4 метр. Басқа сәулеттік мүсіндер 1,2 және 2,5 метр болып келеді. Сәулеттік композицияның артқы қапталына тұрғызылған «Қасірет керегесі» қабыр­ғасының биіктігі — 5 метр, жалпы ұзын­дығы — 23 метр.

 

Айхан ШӘРІП

 

«Айқын»

01.06.12

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.