Профессор Есберген Алауханов:
«БҰЛ ҚҰЛАТУ ЕМЕС, ҚУАТТЫ АРТТЫРУ»
Еліміздегі әрбір адам өзінің жеке қауіпсіздігі мен тіршілік тыныштығы үшін құқық қорғау органдарын арқау етеді. Заңдылықты сақтап, қара қылды қақ жарады, сөйтіп құқымызды қорғайды деп сенеді. Алайда, сөйтіп сенген құқық қорғау органдарының өзі сыбайлас жемқорлыққа бейім тұрады екен. Қылмысты ашу түгіл оны жасыру көп. Сонда мұндай органдардың не қажеті бар деген ой келеді. Сондықтан да Президент Н.Назарбаев Жолдауында: «Маңызды мәселе – құқық қорғау және арнаулы органдарды сапалы кадрлық жаңарту және олардың бүкіл жеке құрамын аттестаттаудан өткізу міндетін қоямын», деп атап көрсетті. Осыған орай Елбасының құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау туралы Жарлығы да шықты. Енді бұл аттестаттаудан не
күтуге болады? Кезектен тыс аттестаттаудан өткен құқық қорғау қызметкерлерінен ертеңгі күні қандай нәтиже шықпақ? Міне, осындай және тағы басқа көптеген сауалдарға байланысты заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алаухановқа жолығып, әңгімелескен едік.
– Есберген Оразұлы, Президенттің Жарлығынасәйкес барлық құқық қорғау органдарының жеке құрамынан 110 мыңға жуық адаматтестаттаудан өтеді. Бұл аз сан емес. Сонда құқық қорғау қызметкерлерін жаппай кезектен тыс аттестаттаудан өткізуге не мәжбүр етті деп ойлайсыз?
– Құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби дайындық деңгейін тексеру бүгінгі күндегі ең өзекті мәселе деп білемін. Қазіргі күнде құқық қорғау органдары мамандарының моральдық-адамгершілік жауапкершіліктері төмен деген пікір жиі айтылатын болды, әсіресе қарапайым халық тарапынан арыз-шағым көп көрінеді. Осыған орай халықтың құқық қорғау органдарының мамандарына деген сенімін қалпына келтіру қазіргі таңда ең қажетті мәселе. Міне, жаппай кезектен тыс аттестаттаудан өткізудің сыры да осында жатса керек.
Ал шын мәнінде құқық қорғау органдарының беделі – бұл мемлекеттің беделі деп түсінуіміз қажет, әр азамат осынау салмақты терең сезінген жағдайда ғана ісіміз түзеледі деп ойлаймын. Мұны ерте ойлап және Елбасының тапсырмасына сәйкес құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестаттау мәселесін бірінші болып қолға алған Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Р.Түсіпбековтің жаңашылдығына риза боласыз. Өйткені, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін абыройлы борыш тек моральдық-адамгершілік қасиеттері жоғары азаматтардың мойнына жүктелуі тиіс.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын Үкімет үш кезеңде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл аттестаттауды ұйымдастыруда біржақтылыққа, тамыр-таныстыққа жол бермеу жолы деп ойлайсыз ба?
– Әрине, Елбасымыздың бастамасын Үкімет үш кезеңде өткізуді жоспарлағаны да өте құптарлық іс. Өйткені, Мемлекет басшысының осы тапсырмасын іске асыру жолдары туралы мәселені Үкімет бекітті.
Құқық қорғау органдары басшыларын, өңірлік және аумақтық мамандарды кезекпен тексерістен өткізу бұл істің жоғары нәтижеге қол жеткізетініне кепілдік береді.
Үкімет отырысында Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин айтқандай, «Кезектен тыс аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу барысында формальдылыққа, біржақтылыққа, тамыр-таныстыққа жол бермеу аса маңызды», деп білемін.
Осыған орай бұл саралау, таразылау барысында әділеттілікті басшылыққа ала отырып, кәсіби мамандар құқының тапталмауына, жеке мүдделерінің ескерілуіне бірінші кезекте мән берілуі керек деп есептеймін, осылайша еліміздің құқық қорғау салаларын сапалық жағынан жаңаруына қол жеткізуге тиіспіз. Сонымен қатар, кәсіби және ұйымдастырушылық қабілетімен танылған азаматтарды даралап көрсетіп, оларға әділетті баға беріп, жоғары лауазымға қол жеткізулеріне демеу жасауымыз қажет.
Елімізде жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны баршамызға аян, осынау аттестаттау барысында арнаулы мемлекет қызметкерлерінің арасында келеңсіздікке жол берген мамандарды да анықтап, оларды өз ортамыздан аластату керектігі күн тәртібіндегі мәселе деп білем.
– Елбасы Жолдауында құқық қорғау органдарын сапалы кадрлық жаңартумен қатар, олардың ақшалай ризығын арттыру мен әлеуметтік қолдаудың дестесін ұлғайту мәселесіне де ерекше мән берді.
– Иә, бұл өте дұрыс іс болды. Мемлекет басшысының: «Құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің ақшалай ризығын арттыру мен қолдаудың әлеуметтік дестесін кеңейту, сондай-ақ олардың техникалық жарақтандырылуы мәселелері қаралуға тиіс», деп көрсетуі қазіргі таңдағы құқық қорғау органдарының әлеуметтік жағдайымен санасу қажеттігін көрсетеді.
Шын мәнінде мемлекет қызметкерлерінен жоғары деңгейдегі жұмысты талап ету үшін, олардың материалдық жағдайын әрқашанда есепке алып, тек осындай жағдайда ғана табысқа қол жеткізілетінін ұмытпауымыз керек.
Экономистердің есептеуінше, мемлекет тарапынан көп шығындар кадрлардың кәсіби біліктілігінің төмендігінен және мекеме басшыларының сауатты да білімді мамандарды таңдай білмеуінен болады екен. Бұл орайда ұлттық комиссия құрылып, білікті басшыларды іріктеу жөнінде Үкімет басшысына және Елбасына ұсыныс-кепілдемелер жасалынса, құптарлық жәйт.
– Қазіргі кезеңде құқық қорғау органдарына қызметке алынып жатқан және жұмыс істеп жүрген мамандардың кейбірі екінші заң білімін алып, тамыр-таныс арқылы қызметке ілігіп жатқандар. Осы арада заңды сұрақ туады: неліктен олар бірінші мамандығы бойынша қызмет атқармай, екінші мамандық бойынша жұмыс істеуге тырысады?
– Иә, өте дұрыс айтасыз. Бұл заңды және қазіргі таңдағы нағыз өткір сұрақ болып тұр. Өйткені, әлдебіреулер жасы 35-40 жеткенде екінші мамандықты игеру үшін құқық қорғау органдарына келіп, жаңадан қызмет жолын бастайды. Енді оған сол қызмет арқылы кәсіпқой дәрежеге жетуге, яғни жаңа мамандыққа машықтанғанша қаншама уақыт өтеді. Әп-сәтте ол құқық қорғау органының білікті де кәсіпқой маманы болып шыға ала ма? Ойды ой туғызады дегендей, сіздің сұрағыңызға орай осы жағын терең талдап, таразыға тартар жан бар ма екен?
Ал енді арнайы ведомстволық оқу орындарын бітірген кәсіпқой кадрларды түрлі себептермен жүйеден, қызметтен қууға дайынбыз. Осы кадрларды оқытуға мемлекеттің қаншама қаржысы кеткендігін еске алуымыз қажет. Басынан бастап бұл кадрларды қандай жоғары оқу орындарында кімдер оқытты, қызметке келгенде алғашқы тәлімгері кім болды және басшылары кімдер, неге солардан біз жауапкершілікті талап етпейміз? Міне, осы мәселеге нақты жауап табылса ғана біз құқық қорғау қызметкерлерінің сапасы жайында айта аламыз.
– Бұл сіз айтқандай тек жоо оқытушыларына ғана емес, сонымен қатар қызмет орындарындағы басшылыққа да үлкен сын ғой.
– Әрине, осыған орай бір мысал келтірейін. Мен алғашқыда сот жүйесіне сот мәжілісінің хатшысы болып орналасқанымда, аудандық соттың төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері атағы бар бір үлкен азамат болатын. Сол кісі жұмыстың көптігіне қарамастан, әрбір кадрмен уақыт тауып, жеке әңгімелесіп, қызмет барысына талдау жасап, оңды бағдар беріп отыратын. Міне, осындай тәжірибелер ұдайы назарда болуы қажет деп ойлаймын. Ал қазір қарап отырсаңыз, барлық қалаларда жоғары оқу орындарында заң факультеттері ашылған. Бұл факультеттерде оқытушы-профессорлар кадрларының құрамы нашар, оқытушылардың көпшілігі арнайы дайындықтан өтпеген, педагогикалық тәжірибелері төмен, ғылыми-педагогикалық еңбектері немесе жарияланымдары жоқтың қасы, сондықтан ғылым мен білім саласында кездейсоқ адамдар да кездесетіндігі жасырын емес.
Оны айтасыз, тіпті шынына келгенде дәріс беріп жүрген пәндері бойынша оқу бағдарламасына сай тиісті дәрістердің тезистерін де дайындай алмайтын оқытушылардың бар екеніне күмән келтірмеймін.
Мен өзім практикалық қызметте 20 жылдан аса құқық қорғау органдарында қызмет істей жүріп, осы салада көптеген білімді, тәжірибелі азаматтарды көрдім. Неге біз осындай білікті мамандарды жоғары оқу орындарына шеберлік сыныптарын өткізуге көбірек тартпаймыз? Ал біз мұндай мақсатқа азаматтарды шақырғанда әдетте, қолы бос, тайыз адамдарды маман деп шақырып жатамыз. Өтірік емес, бұл жағдайлар өмірде жиі кездесіп жатады.
– Ол неліктен деп ойлайсыз?
– Ең басты кемшілік, жоғары тұрған басшылар кадрларды іріктеуде ол адамның кәсіби біліміне, тәжірибесіне және іскерлігіне көңіл бөлмей, керісінше, өзіме жақын адам, мені сатпайды деген қағидатпен іріктейді. Ал сонда тамыр-танысы жоқ білімді адамдар қайда қалады? Ары таза адамдар басшыларға жағымпаздық жолмен қадам жасай алмайды, сондықтан бұл кадрлар баяу өседі, соңынан ол адамның тазалығына, кәсіби шеберлігіне басшылықтың көзі жеткен кезеңде өздері де қызмет шеңберінен тыс қалады. Ал бұған кім кінәлі?
– Әрине, қызметке тамыр-таныстықпен келген, өзімнен білікті жан қоластымда болмасын дейтін және осы арқылы өз мүддесін мемлекеттік мүддеден жоғары қоятын тоғышарлар кінәлі. Олардың өресі өркениеттілік өнімін игеруге қашан жете қояр екен?
– Сондықтан да біз қызмет саласында біреуге қиянат жасамау үшін адамды және қызметкерді тек қана кәсіби шеберлігі мен адамгершілік қасиетіне сай бағалай білуге үйренгеніміз абзал. Әйтпесе, төмендегі қызметкер кейде бір жаңашылдық танытып, жаңа бастама жасап жатса, газет-журналдарда жақсы ойлары жарияланса, оған қызғанышпен қарайтын адамдар тобы пайда бола қалады. Міне, осы кезеңде адал басшылар әділ бағасын беріп, дұрыс бағдар жасай білсе, ол кадрлардың бағы дер кезінде ашылар еді. Өкінішке орай бізде субъективтік жағдайлар басым түсіп жатады.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестаттау кезінде Елбасы айтқан 5 жылдық ротация талаптары да ескерілуі қажет. Өйткені, қазіргі таңда құқық қорғау органдары басшыларының қызмет еткен орындарына екінші рет қайта келу үрдісі белең алып отыр. Ал бұл мәселенің бұлай өрбуі нұсқаудың дұрыс орындалмауы деп есептеймін.
– Сонымен аталған кезектен тыс аттестаттауды өткізудің мақсаты не дер едіңіз?
– Аттестаттауды өткізу ережесіне сәйкес аттестаттау комиссиялары құрылады, комиссияның құрамына Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, жұртшылықтың, партиялардың, БАҚ өкілдерінің кіруі де құптарлық іс. Бұл бағыттағы тексерістен өткен адамдар туралы жұртшылық пікірін білу үшін Президенттің ресми сайтында арнайы айдардың ашылуы да бұл бастаманың жария түрде әрі ашық пішінде өтетініне кепілдік береді деп ойлаймыз.
Ал аттестаттауды өткізудегі басты мақсат – барлық мамандарды жаппай құлату емес, керісінше, олардың білмегендерін білуге ұмтылдырып, жұмысқа деген құлшыныстарын күшейту, сөйтіп құқық қорғау қуатын арттыру. Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин атап өткендей, аталған мерзім ішінде бүкіл жаңартылған тетіктер сапаласып болатындай, барлық деңгейлер мен аумақтарда кадрлар кәсіби тұрғыда орнығатындай, жеке құрамның мінез-құлқында өзгерістер орын алатындай «өтпелі кезең» қажет. Өйткені, барымызды бағалай білмесек, кім бізге жақсы маманын берер дейсіз. Сондықтан бұл саралауды үлкен жауапкершілікпен өткізу қажет деп білеміз.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұл еліміздегі тәртіптің кепілі, бұл салада білімді, мәдениетті, көпшіл, халыққа қамқор, қиындыққа шыдамды, темірдей тәртіпке төзе білетін халық сақшысы ғана қалуы қажет.
– Салиқалы да салмақты әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ
«Егемен Қазақстан» газеті
18.04.2012