Ислам – адамзаттың асыл тәжі
By maukazan On 1 Июн, 2012 At 03:05 ПП | Categorized As 2012, №2 (19) март-апрель | With 0 Comments

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх

Әбсаттар қажы Дербісәлі:

 

«ИСЛАМ – АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛ ТӘЖІ»

 

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі қарсаңында

 

– Қадірлі хазірет! Өзіңізге белгілі, кеңес кезінде қазақтың мәдениетіне, әдебиетіне, салт-дәстүріне, тіліне, ділі мен дініне қиянат жа­салды. Оған тарих куә. «Құдайсыздар қоғамы» дегенге дейін құрғызған сол заманда да талай зұлматты бастан кешкен ата-бабаларымыз тағдыр тезіне төзіп, сабыр сақтап, сенімдеріне селкеу түсірген емес. Енді егемен ел атанып, етек-жеңімізді жинап, еңсемізді тіктедік. Осы ретте Исламды қабылдап қана қоймай, асыл дінімізді байыта түскен бабалары­мыздың рухани мұрасын зерделеу, түгендеу, оны әлемге паш ету игілікті ісі өзінен-өзі сұранып тұрғандай.

– Дұрыс айтасыз. Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзақ-сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, келе-

шегіне болжам жасайды. Бүгінде әлемнің төрттен бірін құрайтын мұсылман жұртшылығының да алтын әріптермен жазуға тұрарлық өзіндік жарқын тарихы бар. Иә, дінмен, иманмен, сеніммен біте қайнасып жатқан тарих қашанда сәулелі, нұрлы болары сөзсіз.

Тарихтың әу басы әлемді түнектен жарыққа жетелеген пайғамбарлардан бастау алады. Адамзат баласы ең асыл қасиеттерді, барша ізгі құн­ды­лықтарды пайғамбарлардан үйренді. Мәсе­лен, өз ағаттығы үшін Алла Тағаладан кешірім тілеп, тәубеге келуді мұсылмандар сонау Адам (ғ.с.) атамыздан үйренді. Дұшпандары тарапынан отқа тасталып жатса да, қасқайып тұрып: «Хасбуналла» (медет тілерім бір Алла) дейтін қас жүрек турашылдықты Алла Тағаланың досы Ибраһимнің (ғ.с.) тәлімінен алды. Өз еңбегімен һәм маңдай терімен күн көруді Дәуіт (ғ.с.) пай­ғамбардан, қиын-қыстау, ауыртпашылықтарға сабыр етуді Аййуб (ғ.с.) пайғамбардан, ар-на­мыс­ты бәрінен жоғары қоюды және әр мә­селені даналық және хикметпен шешуді Жүсіп (ғ.с.) пайғамбардан үйренді. Ендеше, бүкіл жақсылық атаулының ең алғашқы насихатшылары пайғам­барлар болған. Олардың өмірі ғибратты үлгі-өнегеге толы. Осынау рухани әлемнің керуенін ғаламның рақым нұры, адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) тәмамдады. Соңғы Пайғамбардың (с.ғ.с.) Алла құзырындағы, пай­ғам­барлар арасындағы, екі дүние жұртындағы орны, әрине, зор. Алла елшісі (с.ғ.с.) барша пайғамбарлардың ерекшеліктері мен қасиеттерін бойына жинай білген пайғамбарлар сұлтаны һәм ақырғы елші. «Мұхаммед» (с.ғ.с.) деген есімді естігеннің өзінде ақиқат әлеміне бойлай білген қаншама адамның көзі сүйіспеншілік жасына, көңілі шаттық сезіміне бөленіп, ғаламат бір күй кешеді. Ең соңғы дін ретінде одан бұрынғы замандардағы жақсылықтардың бәрін бір бойына жинаған Ислам – адамзаттың асыл тәжі.

Қазақ елінің тарихына да Ислам шежі­ре­сін­дегі мәртебелі, ұлы тұлғалар қатыссыз деуге құ­қы­мыз жоқ. Өзімізді һәм ата-бабаларымызды мұ­сылман санасақ, онда осы тарихқа да ортақ­пыз деген сөз. Бүгінге дейін қазақтың тарихы біраз жазылды, зерттеліп, зерделенді. Қатпар-қатпар тарихымыздың қойнауын ақтарсақ, руха­ния­тымыздың, дініміздің, мінез-құлқымыздың, дүниеге көзқарасымыздың да өз жолы болғанын аңғарамыз. Бүгінде бабаларымыздың діни жолы мен ұстанған бағыты қандай болған, асыл діннің даңғыл тарихына қай ғасырда қосылдық деген секілді сұрақтардың жауабы әр қазақты қызықтырса керек. Дүниені жайлаған жаһандану дәуірінде бұрын көз көріп, құлақ естімеген  түрлі дін атын жамылғандар елімізге келіп жат­қан­да мұны зерделеу айтарлықтай маңызды. Зер­делеп те жатырмыз. 2006 жылы мен және еліміздің бір топ ғалымдары Шам жұртының астанасы Дамаскіде Әбу Насыр әл-Фараби ба­бамыздың зиратына зиярат жасадық. Ғылымның сан түрлі саласын меңгерген бабамыздың рухына Қасиетті Құран аяттарын бағыштадым. Қазір Дамаск қаласында ғұламаның кесенесі салынып, аз-Заһир Бейбарыс бабамыздың медресесі мен кітапханасы қайта жөнделіп жатыр. Жуырда бұлардың бәрі бітеді деген хабар бар.

– Сіз жақында бізді тағы бір мақтаныш тұтар тұлғамызбен таныстырдыңыз. Маған телефон шалғаныңызда Тараздан шыққан ірі ғалымның еңбегін жариялағаныңызды, ол жайында арнайы кітап жазғаныңызды айтып едіңіз. Жаңа әңгімеміз басталарда ол кі­тапты сыйладыңыз да. Осы адамның тағды­ры, еңбегі жөнінде оқырмандарға да айтып берсеңіз деймін.

– 2002 жылы Каирде өткен дәстүрлі Ислам конференциясына қатыстым. Сонда мені осы елдегі елшіміз Асқар Мусинов Насрулла ат-Тарази деген кісімен таныстырды. Ұзын бойлы, ат жақты адам екен. Араб, парсы, қазақ, өзбек тілдерінде еркін сөйлейді. Қасында баласы бар. Аты – Мүбарак. Ол 1922 жылы Таразда парасатты, білімдар кісі Әбу Насыр Мүбашшир ат-Таразидің (1896-1977) отбасында дүниеге келген. Әкесі Әбу Насыр Кеңес өкіметін қолда­ма­ған. Сол үшін бірнеше рет абақтыға да жатып шы­ғады. Ақырында отбасымен Ауғанстанға қо­ныс аударады. Ол жерде де тыныштық болмаған соң, Пәкстанға асады, ақырында Египетке тұ­рақ­тайды. 1977 жылы Әбу Насыр Мүбашшир ақ­сақал Каирде дүниеден өткен. Насрулла Ауғанстанда орта мектепті тәмамдаған соң, Кабул университетінің парсы тілі мен әдебиеті бөлімін бітіреді. Насрулла ағамыз араб, парсы, ежелгі түрік, шағатай тілдері ғана емес, сондай-ақ түркі халықтарының тарихы мен әдебиетінің, жазба жәдігерліктерінің білгірі боп шықты. Мен Тараздың тарихы, осы шаһардан шыққан ғұ­ла­ма­лар мен дарынды перзенттері жайлы жазған мақалаларымда Насрулла ақсақал туралы айтуды, оны насихаттауды да ұмытқан емеспін. Каирде 2011 жылы болған бүлікке дейін Египетке барған тағы бір сапарымда Насрулла аға ұрпақтарының жерлесіміз мұрасының бір бө­лігін Өзбекстанға, тағы бір бөлігін Қа­зақ­стан мұрағатына өткізгенін естіп, сүй­сіндім.

– «Хибатулла ат-Тарази и его духовное наследие» деген кітабыңыз орысша шы­ғыпты.

– Оның жайы былай. Мұндай тұлғалар жайында бүкіл мұсылман әлемі, ең алдымен, түркі жұрты білуге тиіс. Тек қазақша жазсаңыз татар, башқұрт, өзбек, қырғыз сияқты ағайындарымыз хабардар болмай қалады. Сондықтан орысша да шығардым.

Ақырғы елші аманаты

 

– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі жайында, оның көркем мінезі туралы өз аузы­ңыз­дан естісек деп едік. Бір қарағанда, Пай­ғам­барымыз туралы әңгімелеңізші деудің өзі артық  та сияқты. Бәріміз бұл жөнінде білуге тиіс­піз ғой. Әйтсе де, қазірше дәл олай емес. Газет оқырмандары арасында мұндай әңгі­ме­ні қажет ететіндер де табылатыны талассыз.

– Әуелі Мұхаммед пайғамбарымызды (с.ғ.с.) неге соңғы пайғамбар дейтінімізді түсіндірейін. Һижрадан (622 жыл һижра жыл санауының бас­тауы) 4600 жыл бұрын Ад тайпасына жіберіл­ген Һуд (ғ.с.), һижрадан шамамен 4400 жыл бұрын Самуд тайпасына жіберілген Салих (ғ.с.), һижрадан шамамен 3400 жыл бұрын Мадиян жұртына жіберілген Шұғайб (ғ.с.) және һижра­дан шамамен 3800 жыл бұрын Меккедегі Журхум тайпасына жіберілген Исмайыл (ғ.с.) және т.б. хазірет Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейінгі араб жұр­ты­на жіберілген пайғамбарлар қатарын құрады.

Алланың соңғы елшісі, ардақты Пайғам­бары­мыз (с.ғ.с.) араб елінің экономикалық және діни орталығы саналған Мекке қаласында 571 жылы дүниеге келді. Бұл қаланың тұрғындары егіншілікпен де, қол өнерімен де, бау-бақша өсірумен де шұғылданбайтын. Олар солтүстік жағынан Шам, Ирак, Мысыр қалаларынан, ал оңтүстігінен Үндістан, Қытай, Шығыс Африка елдерінен келетін үлкен-үлкен сауда керуен­дері­нің күтімімен айналысатын. Халықтың дені не­гізінен осы іске ден қоятын. Меккедегі ең бе­делді әрі бай саналатын Құрайыш тайпасы сауда экспедицияларын ұйымдастырып, басқаратын. Сондай-ақ, өсімқорлық та бұл тайпаның кәсібі болды. Өйткені, Хижаздың көшпелі тайпалары көбіне-көп қарыз астында езіліп, одан құтылу үшін өсіммен ақша алатын.

Құрайыш тайпасы Араб түбегіндегі өзге тай­палардың бірі ғана болғанымен, экономикалық жағдайы жағынан өзгелерден көш ілгері-тін. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы тайпаның Һашим руынан шықты. Әкесі шағын дәулетті Абдулла деген кісі еді. Ол өмірден ерте озып, алты жасында анасы Әминадан да айырылып, жетім қалды. Сөйтіп, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көкесі Әбу Тәлібтің қамқорлығында өсті. Оның қолында жүріп, қой да бақты. Ер жете келе сауда керуендеріне қосылды. Құран Кәрімде Алла тағала Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбары­мыз­ды бүкіл ғаламға рақым нұры әрі ақиқат дінді жеткізуші етіп жібергені жайлы: «(Мұхаммед с.ғ.с.) «Ей, адам баласы! Мен барлығыңа Алла­ның елшісімін. Ол сондай, Алла жер мен көктің иелігі оған тән. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Аллаға және Алла­ның сөздеріне сенген, жіберілген оқымаған Пайғамбарға иман келтіріңдер. Және оған ері­ңдер, әрине, тура жол табасыңдар!», («Ағраф» сүресі, 158-аят ) дейді.

Бұған дейінгі сан мыңдаған пайғамбарлар­дың арасында бір қауымға ғана емес, бүкіл адамзат пен жындарға жіберілген ақырзаман пайғамбары хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) алар орны ерекше. Алла тағала: “Сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік”, — деп, оған өзгеше ілтипат танытты. Сондықтан Алланың соңғы ел­шісі (с.ғ.с.) қасиетті Құран Кәрімді барша адамзат баласына түсіндіріп, насихаттады. Өмірінің соңына дейін осы міндетті қалтқысыз атқарды. Мүбарак Құран болса, жер бетіне өзінен бұрын түскен қасиетті кітаптар мен парақтардың (сухуф) мазмұнын толықтай қамтыды. Оларда бе­рілген діни үкімдерді бекіте келді және алдыңғы кітаптардың үкімін жойған соңғы түскен қасиетті кітап болды.

Ұлы өркениетке қадам

 

– Бүгінде Батыстың мүйізі қарағайдай кейбір ғалымдары Исламды мойындап қана қоймай, Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әкелген асыл дінімізді қабылдауда. Оның тек Алла Елшісі ғана емес, данагөй дипломат, ұлы ұстаз, әділетті басшы, мейірімді әке, көр­кем мінезге ие жан екені жайлы парасатты пікірлер паш етілуде. Екі дүние сардары тас жүректерді жібітті, халықты қараңғылықтан құтқарды. Оның ізін басқан сахабалардың да есімі тарихта алтын әріптермен жазылды. Осы ретте Исламды төрткүл дүниеге тарат­қан саңлақ сахабалар жайлы әңгімелеп берсеңіз.

– VII ғасыр алғашында араб қоғамы, кейін­нен бүкіл адамзат үшін ұлы өркениет пен мәде­ниеттің нұрлы бастауына айналды. Араб түбе­гінде аса қуатты діни мемлекеттің орнауы жер-жаһанның тынысына бұрын-соңды болмаған жаңа леп алып келді. Бұл елдің бұрыннан табынып келген жалған құдайлары мен пұттарын тас­тап, мұсылмандықты қабылдап, жалғыз Алла тағалаға ғана құлшылық етуінің игі әсері еді. Адамдардың дүниеге, бүкіл жаратылыстарға деген көзқарасы өзгерді. Ұлы Жаратушыға деген сенім біртіндеп адамгершілік қасиеттермен де толықты. Ислам қоғамдық қатынастарға ықпал етіп, жалпақ жұрттың әлеуметтік мәселелерін де оп-оңай шеше бастады. Бір-бірімен шабысып-қырқысып жатқан араб ру-тайпаларының бір тудың астына бірігуі халықтың көсегесін көгер­тіп, мерейін асырды. Ислам діні адамдарды жаңа құқықтық қарым-қатынасқа шақырып, жаңа сенімнің кеңінен жайылуына жағдай тудырды. Жаңа дін келуінен он жыл өтпей жатып арабтардың ұлан-асыр жерді бағындырған даңқы жан-жаққа жайыла түсті. Ал хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың қауымы ақиқат дінді жаю жолындағы күрестің маңызын жан-тәнімен қабылдап, оны табиғи мінездеріне айналдыра білді. Сөйтіп, Ислам діні Азия мен Африка халықтарының арасында, Еуропаның бір бөлігінде, жалпы Үндістаннан Испанияға дейінгі ұлан-ғайыр далада кеңінен жайылды. Үш құрлықтың тұрғындарынан құралған көпте­ген халықтар бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бірігіп, рухани-саяси күшке айналды. Сол кезде әлемді дүр сілкіндіріп тұрған екі алып империя Иран мен Византия да мұсылмандардың ығына жығылды.

Анығырақ айтар болсақ, Әбу Бәкір (р.а.) ха­лифалығы кезінде (632-634 ж.) зекет бермейтін тайпалар тәртіпке келді. Қасиетті Құран Кәрім кітап болып жинақталды. Хазіреті Омар (р.а) кезінде (634-644 ж.) Ирак, Иран, Шам және Мысыр елдеріне Ислам діні орнады. Хазіреті Османның (р.а.) дәуірінде (644-656 ж.) алғашқы Ислам теңіз флоты құрылды. Кипр азат етілді. Бірақ үшінші халифа кезінде билікке қарсы шығушылар бой көтеріп, хазірет Әлидің (р.а) дәуірінде тіпті күшейіп кетті. Бұл мұсыл­мандардың бөліне бастауына себеп болып, Исламның жайылуына кері әсерін тигізді.

Умеядтар (Амауилер) дәуірінде (661-750) Ислам діні қайта қанат жайды. Солтүстік Африка толығымен Исламды қабылдап, Испанияға Ислам туы тігілді. Хорасан мен Мауараннаһр аймақтары жаңа дінге өтті.

Аббасилердің билігі кезеңінде Ислам дінінің таралу қарқыны бәсеңдеді. Дегенмен, бұл дәуір­де Исламды өркениет жолымен жаюға, ілім-білім мен өнерге, әдебиетке көбірек көңіл бөлін­ді. Түріктер мен парсылар (Иран) секілді халқы араб емес өлкелерге бұл дәуірде белгіленген міндеттер жүктелді.

Түркі әлемінің діни тарихына келсек, бұл жұрттың өте көп сенім түрлерін басынан өткіз­генін көреміз. Бірақ мұнда бәрінен де Көктәңір­ге сыйыну тараған. Кейбір шетелдік тарихшылар түркілер тарихын Исламға дейінгі және Исламнан кейінгі деп бөле қарастырады.

Аббасилер дәуірінде түрік-арабн қақтығыс­тары айтарлықтай орын алған жоқ. Ал 751 жылы қытайлар мен Аббас әскері арасындағы Талас (Атлах) шайқасында қарлұқтардың мұсылмандарды жақтауы аббасилердің жеңісіне сеп болғаны тарихтан мәлім. Аталмыш шайқастан соң бірте-бірте түркі араб қарым-қатынастары жақсара берді. Орта Азия біртіндеп мұсылман еліне айналды.

Сунниттер және шииттер

 

– Жасырсақ та, жасырмасақ та дәл қазір ислам әлемінде тұтас бірлік жоқ екені рас. Әрине, басы ашық нәрсе: күллі мұсыл­манның Құраны бір, Пай­ғам­бары да бір. Алайда, Ислам тарихынан бастау алған мұсылман­дар­дың сунниттер және шииттер деген атаумен қос топқа бө­лінуі туралы түрлі пікір бар. Тіпті одан саяси астар іздей­тіндер де табылып жатады. Осы оқиғаның тарихына тоқ­та­лып, ара жігін ажыратып берсеңіз.

– Мәселені тым олай етіп қоюға болмайды. Өйтіп айтса­ңыз, христиан дініндегілерде де тұтастық жоқтығын қосып айту керек. Ана жылы дүниеден өт­кен Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің әлемнің жүзден астам елін араласа да, Ресей жеріне та­банын тигізе алмағанын бәрі­міз білеміз. Діни соғыстар  мұ­сылмандардан гөрі христиандар тарихында көбірек екенін білесіз.

Енді біздегі бөлінушілікке байланысты айтайын. Таби­ғин­дер (сахабаларға ерушілер) дәуі­рінде мұсылмандар арасында пікір қайшылықтары да кездеспей қалмады. Сүннетті ұс­тану жолынан байқамай адас­қандар да кездесті. «Әһли сунна уа жамаға» (сүннет пен жамағат иелері) жолынан бағыты тайып кеткен Харижилер (бөлініп шығушылар) шиалар секілді бағыттарға бөлінушіліктер осы кезеңге тән.

– «Шиа» деген не?

– «Шиа» «партия», «жақтаушылар», «тараптас болу» деген мағыналарды білдіреді. Сондықтан үшінші халифа хазіреті Османның (656 ж.) шаһид етілуінен кейінгі ішкі жанжалдар кезінде хазіреті Әлиді халифалыққа лайық көріп, әсіре жақтаушылар «Шиа-и Әли» (Әлидің жақтастары) деп аталды. Шиа бағытының тарихы осылай басталған. Хазіреті Әли жиырма жылдан астам өзінен бұрынғы үш халифаға бой ұсынып, олардың билігі бойынша өмір сүрді. Түсінген жанға бұл да біраз жайттан хабар берсе керек.

Жалпы алғанда, шиа бағытының пайда болуына хазіреті Әлиге деген шектен тыс махаббат жол ашты. Дәлірек айтсақ, бұрынғы екі үлкен мемлекеттердің бірі сасандықтар мұрагері иран­дықтар арабтардың өздеріне билік жүргізуін іштей қаламады. Нәтижесінде Әлиді жақсы көру деген желеумен арабтардан бөлініп, өздерінше діни бағыт қалыптастырды. Бірақ бұл діни бағыт толық салтанат құра алмады.

– Жаңа «шектен тыс махаббат» деп қал­дыңыз. Дінге келгенде де сондай бола ма?

– Неге болмасын? Әбден болады. Абай айт­қандай, не нәрсе де мөлшерінен аспауы керек.

Бүгінгі таңда әлемдегі мұсылмандардың шамамен 90 пайызы Исламның сунниттік бағы­тын ұстанады. «Суннит» араб тіліндегі «Әһлу сунна уәл-жамағат» (Сүннет пен жамағат иелері) тіркесінен алынған. Негізінде, сүннет («сунна») деп ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолын айтамыз. Исламның алғаш пайда болған кезіндегі саңлақ сахабалар, олардың соңынан ерген табиғиндер (ерушілер) және табиғиндерге ілесушілер осы суниттік бағытта болды. Олардан кейінгі ғұламалар «халафи садықиин» (кейінгі шыншылдар) деп аталды. Олар да сунниттердің жолын ұстанды. Қысқасы, суннизм – сонау VII ғасырдан бүгінге дейін алтын тіндей үзілмей жалғасып келе жатқан ислам жолы. Сунниттер төрт әділ халифаның заңды билігін мойындайды, алты негізгі хадис (Бухари, Муслим, Тирмизи, Әбу Дауд, Нәсаи, Ибн Мәжа) жинақтарына күмән келтірмейді, сенім тіректері жағынан имам Матуриди, Әшғари мектептерін басшылыққа және төрт құқық мектебінің (мәзһабына) біріне тиесілі болады. Қазақ халқы да сан ғасырлардан бері осы сүнниттік жолдың ішіндегі Ханафи мәзһабын ұстанып келеді.

Исламдағы төрт мәзһаб

 

– Мәзһаб дегеннен шығады, шариғат алауыздыққа жол бермейтінін өзіңіз ақпарат құралдары арқылы, түрлі  конференцияларда, алқалы жиындарда, жұма намаздарында айтып та, жазып та жүрсіз. «Бөлінгенді бөрі жей­тінін» жиі қозғайсыз. Исламның төрт құ­қықтық мектебін (мәзһабын) ұстанушылар арасында түрлі сипатта құлшылығын орындайтындар аракідік кездесіп жатады. Мәзһаб деген не? Оны ұстанудың маңыздылығы қандай? Шынын айтқанда, осы шамалас сұрақты сізге төрт жыл бұрынғы сұхбатта да қойғанмын. Қайталай айтсаңыз артық болмайды. Одан бергі уақытта мәзһаб мәселесі бұрынғысынан да өткірленіп кеткен сияқты да әсер қалдырады. 

– Мәзһаб – жол, мектеп, бағыт деген ма­ғынаны білдіреді. Шариғат тұрғысынан алғанда, арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен Ислам ғұ­ламаларының көзқарастар жиынтығын мәзһаб дейміз. Мұсылмандар өміріндегі намаз, ораза, зекет, қажылық сынды діни іс-амалдардың бар­лығы мәзһаб ғұламалары анықтаған үкімдерге сай атқарылады.

Исламның алғашқы дәуірінде мұсылмандар арасында діни қайшылықтар бола қоймады. Өйткені, хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбары­мыз қасиетті Құран және өзінің даналығымен мәселенің шешімін айтып, дер кезінде алауыз­дықтың алдын ала білді. Уақыт өте мұсылман­дардың саны көбейе түсті, жаңа мәселелер туындай бастады. Өйткені, өмір мен тіршілік үнемі өзгеріп, өркендеп, жаңарып, дамып отырды. Мұндай жағдайда, сахабалар өз білімдеріне сүйеніп, шариғат шеңберінде ондай өзекті мәселелерді шешіп отырды. Кейінірек Ислам діні өзге халықтар, ұлыстар арасына тарады. Олар араб тілін де, дінін де біле бермейтін. Діни үгіт-насихат пен тағылым істерін оларға жеткізу сахабалар үшін оңай емес-ті. Бұл ретте сахабалар ислам дінін бүге-шігесіне дейін үйренемін дегендерге ұстаздық етті. Сол ұстаздар қатарына хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың ұлық төрт халифасын, сондай-ақ Абдулла ибн Масъуд (590-653), Абдулла ибн Омар (612-692), Абдулла ибн Аббас (619-687), Абдулла ибн Әмр ибн Ас (615-684), Зәйд ибн Сәбит (615-665) және хазіреті Айша (613-678) (р.а.) анамызды жатқызуға болады. Олар өз заманының дара әрі дана адамдары еді. Абдулла ибн Аббастың (р.а.) үйі «білім ордасы» атанған. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз оларға: «Сахабаларым аспандағы жолшы жұлдыздар іспетті. Оларға ілессеңдер, хақ жолын табасыңдар»,  деп жо­ғары бағасын берген.

Сахабалар кезінде түрлі діни көзқарастар пайда болды. Уақыт өте фиқһ (мұсылман заңы) саласы бойынша Мүбәрак Құран аяттарын дұрыс талдау және хадистерді зерттеу арқылы шариғатты дамытып, жалған мектептерге  қарсы күресуші, олардың қателіктерін паш етуші Әбу Ханифа (699-767), имам Малик (717-795), имам Шафиғи (767-820), Ахмад ибн Ханбал (780-855) секілді ислам ғұламаларының мәзһабтары дү­ниеге келді. Бұлар ислам әлемінде ресми мәзһаб саналып, 1300 жылдан бері өз ұстанымдары бойынша амалдарын жүргізуде. Ол мәзһаб ие­лерінің әрқайсысы мүжтаһид (білгір) ғалымдар еді. Солардың біріне мойынсұну арқылы, осы заманға дейінгі әртүрлі қайшылықтардың алды алынып келді. Сондықтан бұл төрт мәзһабтың бірін ұстану қазіргі заман талабы да. Өйткені, олар Құран Кәрім мен сүннет жолына лайық болған­дықтан «әһлу сунна уәл-жамаға», яғни хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннет жолын ұстанып, көпшіліктен бөлінбей, бірлік-ынтымақты жақтаушы қауым мәзһабтары атанды.

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.