Лауазымды тұлғаның әкімшілік жауапкершілігі мәселелері
By maukazan On 25 Май, 2012 At 06:39 ПП | Categorized As 2012, №1 (18) январь-февраль | With 0 Comments

Қ. Р. Балабиев, з.ғ.д.

ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАНЫҢ ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІГІ  МӘСЕЛЕЛЕРІ

Лауазымды тұлға – жауапты мемле­кеттік қызметтегі, тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскери құрамала­рында өкімет өкілінің міндеттерін жүзеге асыратын, ұйымдастырушылық-биліктік немесе әкімшілік-шаруашылық міндетте­рін атқаратын тұлға. Құқық бұзушылық үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңдарында бекітілген. Қылмыстық Кодексте құқықты бұзу құқық бұзушылықтың ауыр түрі деп белгіленген, тыйым салынған ережелер көрсетіліп, құқық бұзушылық үшін ауыр жаза түрлері қарастырыл­ған. Сонымен қатар, Қазақстан Республика­сының Қылмыстық Кодексінде  орташа деңгейлі құқық бұзушылыққа қатысты әкімшілік жауапкершіліктің жеңілдетілген түрлері де қарастырылған. Қазақстан Республикасының басқа заңдарында да, мысалы, Салық кодексі, Кеден кодексі, Азаматтық кодексте жауапкершілікке тартылудың негіздері берілген.

Әрбір тұлға жеке өзі жасаған немесе тыс қалған заңсыз іс-әрекетінің салдары себепті заңды жауапкершілікке (тәртіптік, материалдық, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық) соқтыратынын білуі керек. Жауапкершіліктің жіктелуі құқық бұзу­шылықтың мән-жайына және деңгейіне, осы құқық бұзушылықтың салдарына байланысты болып келеді. Қазақстан Республикасының заңнамасында «жауап­кершілік» терминінің заңдастырылған түсінігі жоқ. Құқық теориясы жауап­кершілік бойынша көптеген анықтама­ларды зерттегенімен, бұл мәселеге қатысты біртұтас және бір бағыттағы көзқарас орын алмаған. Ресей ғалымы Ю.Н. Тарасованың пікірінше, ұйымдардың және тұлғалардың әкімшілік жауапкерші­лік мәселелері заңнамада ғана емес, теория жүзінде де шешімін таппай отыр. Құқықтық актілерде «әкімшілік жауапкер­шілік» термині кең қолданылмайды. Өз

міндеттерін орындамау, жауапсыз түрде қарау  немесе тыйым салынған ережелерді бұзу құқық бұзушылық деп саналып, құқық бұзушы тұлға үшін әртүрлі салдарлар нәтижесінде нақты жауапкершілік қолданылады [1].

Қазақстан Республикасының ӘҚБК негізінде лауазымды тұлға тарапынан өзіне жүктелген міндеттерді орындамаудан әкімшілік құқық бұзушылық туындаса, белгіленген талап деңгейінде орындалмаудан әкімшілік жауапкершілік туындайды.

Лауазым – мемлекеттік қызметкердің қызметтік құқығының, міндеттерінің шеңбері және жауапкершілік шегі туралы анықтама беретін түсінік. Ол қызметкердің орындайтын жұмыс мазмұны жөнінде ақпарат беріп, оның құқықтық жағдайын анықтайды. Қазақстан заңнамасында «лауазымды тұлға» терминінің біркелкі анықтамасы берілмеген. Қылмыстық кодексте берілген лауазымды тұлғаның анықтамасы әмбебап сипаттамалы емес. Ол тек Қылмыстық Кодексте «мемлекеттік билік, қызмет мүдделеріне қарсы және жергілікті басқару органдарындағы қызметінде жасалған қылмыс» деп аталып, тек осы саладағы іс-әрекеттерге таралады.

Лауазымды тұлға – мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, мемлекеттік, муниципалды ұйымдарда және Қарулы Күштерде, басқа  әскери құрылымдарда тұрақты немесе уақытша әкімшілік-шаруашылық немесе ұйымдастырушылық-өкімдік қызметті, сонымен бірге арнайы берілген өкілеттік арқылы билік өкілінің міндеттерін атқарушы тұлға. Бұл түсінікті ұтымды деп айту қиын, өйткені «билік өкілі», «әкімшілік-шаруашылық міндеттер», «ұйымдастырушылық-өкімдік іс-әрекет» деген белгілер арқылы ашылатын түсініктің өздері айшықты және анық емес. Бұл мәселе бойынша 1990 жылы 30 наурызда өткен ҚСРО Жоғарғы Соты Пленумының анықтамаларына тоқталу қажет: билік өкілдеріне мемлекеттік органдар мен мекемелердің өз құзыреті шегінде талап ету және шешім қабылдау, азаматтарға, кәсіпорындарға немесе мекемелерге олардың ведомстволық қатыстылығы мен тәуелділігінен тыс (халық депутаттары, халық депутаттары Кеңестерінің атқару комитеттерінің мүшелері, орынбасарлары  мен төрағалары, сот, прокурор, полиция қызметкерлері, тергеушілер, арбитр, мемлекеттік бақылаушылар,  инспекторлар және орман қорықшысы) орындауды міндеттеу құқығына ие қызметкерлер жатады. Ұйымдастырушылық-өкімдік міндеттер еңбек ұжымдарының жұмыс көлемін басқару функциялары мен жеке қызметкерлердің өндірістік іс-әрекетіне (кадрларды жинақтау мен орнықтыру, жұмысты жоспарлау, бағынушылардың жұмысын ұйымдастыру, еңбек тәртібін сақтау) кіреді.

Мұндай функцияларды министрлік, мемлекеттік бірлестік, қоғамдық кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар ведомство жетекшілері, құрылымдық бөлімшелердің (цех бастығы, зертхана, бөлім, кафедра меңгерушілері, басшының орынбасарлары, т.б.) орынбасарлары, жұмыс учаскесі басшылары (шебер, бригадир, прораб) орындайды деп түсіну қажет. Әкімшілік-шаруашылық міндеттерге мемлекеттік, бірлестік немесе қоғамдық мүлікті басқару өкілеттігін іске асырып, оны сақтау мен қайта өңдеу, сату тәртібін құрастыру, оларға бақылау жүргізуді ұйымдастыру және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету жатады. Белгілі мөлшердегі мұндай өкілеттер қаржы бөлімі, қаржы қызметі, жабдықтау және шаруашылық қызметкерлеріне – жоспарлық бөлімдерінің бастығы мен орынбасарларына, дүкен, қойма, тігін шеберханасы, шеберхана меңгерушілеріне, ведомстволық тексеруші, бақылаушы мен дайындаушыға берілген.

Ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық қызметтерді орындауына байланысты заңгерлік білімі жоқ басшылар, басқа тұлғалар және кәсіпкерлерлік іс-әрекет етушілер әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берсе, заң тарапынан басқа құқық бұзушылық танылмаса, олар лауазымды тұлға ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 34-баптың 2-тармағына сәйкес, қабылданған заң тәртібі негізінде тіркелген және жеке кәсіпкерлік іс-әрекеті заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелген және заңды тұлға құрмай, дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар (бұдан әрі дара кәсіпкерлер), жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, сол сияқты дара кәсіпкердің және заңды тұлғаның ұйымдық-билік ету немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын жұмыскерлері, сондай-ақ заңды тұлғаның басшылары лауазымды адамдар ретінде әкімшілік жауаптылықта болады [2].

Тұрақты және уақытша билік функцияларын, ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық міндеттерді лауазымды қызметіне байланысты орындаушы тұлғалармен қатар өздеріне бекітілген міндеттерді орган немесе тұлғаның арнайы өкілеттігімен атқаратындар (қоғамдық бақылаушы мен тексеруші, спорттық қоғам мен команда жаттықтырушысы, т.б.) да заңға сәйкес лауазымдық қылмыс субъектісі бола алады. Әкімшілік жауапкершіліктің арнайы субъектілері ретінде лауазымды тұлғалар аталады. Республика кодексінің баптарында жауапкершіліккке тартылатын лауазымды тұлғалар тізімі берілген.

Кәсіби немесе техникалық міндеттерді орындаушы мемлекеттік бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, кәсіпорын және мекеме қызметкерлері лауазымды қылмыс субъектісі бола алмайды. Егер аталған қызметкерлерге өздерінің тура міндеттеріне қосымша келісілген тәртіп негізінде орындауға ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық міндеттер жүктелсе, оларды орындау барысында құқық бұзушылық орын алған жағдайда лауазымдық қылмыс үшін жауапқа тартылуы мүмкін (мысалы, дәрігер еңбекке жарамсыз парағын немесе әскери комиссиясы жұмыстарына қатысты, оқытушы немесе тәрбиеші өзіне бекітілген біліктілік немесе емтихан комиссия мүшесі, тәрбиеші мектептен тыс сабақ, іс-шараның өтілуі барысында тәртіп пен қауіпсіздікті қаматамасыз етпей, өзіне бекітілген міндеттерді орындамаған жағдайда өкілеттік қызметін асыра пайдаланғаны үшін жазаға тартылады).

ҚР ӘҚБК 34-бабында лауазымды адамдардың және басқару функциясын орындайтын өзге  тұлғалардың, дара кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушылары мен адвокаттардың әкімшілік жауаптылығы  туралы айтылған. Мысалы, электр және жылу энергияларын шектен тыс жарату кәсіпорын, мекеме, ұйым және өндіріс басшыларына, бас инженер, бас энергетик (бас механик), цех бастығы, ұйымдар мен мекемелердің әкімшілік-шаруашылық қызмет басшыларына айыппұл салуға немесе ескерту жасауға мүмкіндік береді. Басқа тармақтарда жауапкершілікке тартылатын лауазымды тұлғалар шеңберін анықтауға басқа жол таңдалған. Мысалы, желіге жұмыс атқаруға жарамсыз көлік құралдарын шығаруға кінәлілерді анықтағанда,«көлік құралдарының техникалық жағдайына және жарамсыздығына жауап беретін басшылар мен лауазымды тұлғалар жауап береді» делінген. Бірақ Кодексте құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылатын лауазымды тұлғалардың түрлерінің тізімі, сонымен бірге белгілер мазмұны да жоқ. Бұған ұқсас жағдайларда құқық қолдану органдарының  жұмысы қызметтік нұсқаулар қай қызметкердің орындау (немесе орындауды қамтамасыз ету) міндетіне кіретінін анықтаумен күрделене түседі. Лауазымды тұлға өзінің қызметтік міндеттерін мүлдем орындамаса немесе төмен дәрежеде орындаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады [2].

Мұндай жағдай орын алмағанда әкімшілік құқық бұзушылық жасаған лауазымды тұлға заңның жалпы негіздері бойынша жауапқа тартылады. Лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту олардың кінәсі дәлелденген жағдайда ғана мүмкін. Сондықтан жауапкершілікті айқындау барысында нұсқауларды орындаушылардың нақты мүмкіндіктерін ескеру қажет. Іс жүзінде өндірістік кәсіпорын басшылары су қорларын, ауаны және қоршаған ортаны ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке бірнеше рет тартылса, сол кәсіпорындардың тиісті техникалық жабдықталмағанына министрліктер ешқандай жауап бермейді. Міндеттер мен жауапкершілік тепе-теңдігін ескеру әкімшілік жауапкершілікті күшейтудің бірден-бір алғышарты.

Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған лауазымды тұлғаның қызмет ережелерін бұзуы тәртіптік бұзушылыққа жататын болғандықтан, кінәлі адамды қос жауапкершілікке тарту мүмкіндігі немесе біреуінен босату жөнінде сұрақ туындайды. Бұл мәселе Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінде анықталмаған. Әкімшілік және тәртіптік жазалау сипатына сәйкес, лауазымды тұлғаға әкімшілік әрі тәртіптік заңға қарсы әрекетіне қос жазаны қолдану тиімсіз. Мұндай жаза, біріншіден, құқық бұзушылықтың әлеуметтік зияндығы өте көлемді болған жағдайда, екіншіден, нормативтік актіде осы құқық бұзушылық туралы арнайы нұсқау негізінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы берілген болса ғана мүмкін.

Мысалы, ҚСРО Президиумы Жоғарғы Кеңесінің 16 мамыр 1985 жылы қабылданған «Маскүнемдікке қарсы күресті күшейту» Қаулысының 2-тармағында учаске бастығы, кезек бастығы, шебер мен басқа басшылар жұмысқа масаң түрде келген жұмысшыларды жұмыстан босату туралы шара қолданбағаны немесе мұндай орын алған кемшіліктерді жасырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 50-100 сом шамасында айыппұл төлеу жазасына міндеттеу қарастырылған. Сонымен қатар басшыларға айыппұл төлеумен бірге тәртіптік жаза да қолданылған.

Кейбір жағдайларда Қазақстан Республикасының ӘҚБК әкімшілік жауапкершілікті тәртіп жауапкершілігіне ауыстыруды белгілейді. Тәртіп жарғысының немесе тәртіп туралы арнайы ережелердің іс-әрекеттеріне бағынатын әскери қызметкерлер, әскери жиынға шақырылған азаматтар, ішкі істер органдарының қызметкерлері және басқа да тұлғалар тәртіп реттеуші тәртіп жарғылары мен әскери қызметтен өту тәртібін реттейтін басқа нормативтік-құқықтық актілер негізінде әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылады. Қызметкердің тәртіптік теріс қылығы – бұл қызметкердің оған жүктелген міндеттерді құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіпті, қызметтік әдеп қағидаларын бұзуы, тәртіптік түрде жазаланатын сыбайлас жемқорлық жасауы, сол сияқты қызмет өткерумен байланысты заңдарда белгіленген шектеулерді сақтамауы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңының «Мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы» 28-бабында: мемлекеттiк қызметшiлердiң өзiне жүктелген мiндеттердi орындамағаны және тиiсiнше орындамағаны, сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық жасағаны, лауазымдық өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны, мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн, сондай-ақ осы Заңда белгiленген, мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулердi сақтамағаны үшiн мемлекеттiк қызметшiге тәртiптiк жазалар:

1) ескерту;

2) сөгiс;

3) қатаң сөгiс;

4) қызметке сәйкес еместiгi туралы ескерту;

5) атқаратын қызметiнен босату қолданылуы мүмкiн деп берілген [3] .

Әскери қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігі Қарулы Күштер жарғысымен реттеліп, әскери қызметкер тарапынан қызметтік бағынумен сипатталады. Тәртіптік құқық бұзушылық орын алған жағдайда өзіне бекітілген құқықтар негізіне сәйкес, командир (бастық) тарапынан тәртіптік жаза қолданылады. Мысалы, арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарына  қатысты мынадай тәртіптік жазалар қолданылады:

  1. ескерту;
  2. кезектен тыс нарядқа қою (бөлімшені күзетуді қамтамасыз ету бойынша нарядқа қоюды қоспағанда);
  3. арнаулы (әскери) оқу орнының орналасқан  жерінен кезекті  шығуынан айыру,
  4. сөгіс;
  5. қатаң сөгіс;
  6. арнаулы (әскери) оқу орнынан шығару.

Теріс қылық жасаған қызметкерлерге осы Заңда белгіленген жазалар ғана қолданылуы мүмкін. Жаза заңсыз қолданылған жағдайда ол жоғары тұрған басшының құқығымен алынып тасталуы мүмкін. Заңсыз жаза қолданған басшының жауаптылығы да қарастырылған. Тәртіптік құқық бұзушылық жасаған әскери қызметкер әскери басқару тәртібіне байланысты әскери тәртіп, қоғамдық қатынастар және әскердің соғыс жарамдылығына зиян келтіреді. Сонымен қатар, әскери қызметкерлердің әкімшілік құқық бұзушылыққа жататын іс-әрекеттерін реттеп, тәртіптік жауапкершіліктің жалпы құқықтық тәртібін сақтайды. Сонымен бірге қызметкерге жаза қолдану кезінде оның жеке ар-намысын кемсітуге, оған дене азабы мен моральдық азап келтіруге және дөрекілік көрсетуге жол берілмеуі қажет.

Ұйымдардың лауазымды тұлғаларына жататындар:

1. Ұйым жетекшісі. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, ұйым жетекшісі – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, басқа заңдар, нормативтік-құқықтық актілер, Қазақстан Республикасы субъектілерінің заңдары мен нормативтік-құққықтық актілері, жергілікті басқару органдарының нормативтік-құқықтық актілері, тұлғалардың құрылтайшылық құжаттары және жергілікті нормативтік актілер арқылы ұйымды басқару әрекеттерін іске асырып, соның ішінде оның жеке атқару органы функциясының рөлін атқарушы тұлға. Қоғамның жеке атқару органының іс-әрекет тәртібі және оның шешім қабылдау құқығы ұйымның құрылтайшылық құжаттарымен, ұйымның ішкі құжаттары және атқарушы орган қызметтерін орындаушы тұлға мен ұйым арасында қабылданған келісімшарт негізінде белгіленеді.  Басқа органдардың құзыретімен шешілетін сұрақтардан бөлігі, ағымдағы мәселелер ұйымды басқаратын атқарушы орган құзыретінде болады. Жеке атқару органы (директор, бас директор) сенімхатсыз ұйым атынан іс-әрекет жасайды,  оның ішінде оның мүдделерін қорғап, ұйым атынан мәміле жасап, штатты бекітіп, барлық қызметкерлер орындауға міндетті бұйрықтар шығарып, нұсқау береді:

  1. Ұйымды басқарудың коллегиалдық органы (директорлар кеңесі, басқарма);
  2. Ұйым жетекшісінің орынбасарлары;
  3. Ұйымда  ұйымдастырушылық-өкімдік қызметтерді атқарушы тұлғалар/ (бас есепші, бөлім меңгерушілері, т.б.) [4].

Ұйымның лауазымды тұлғаларын, Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Тек Салық кодексі алдын ала ескерген, бірақ салық төлеу және алым жинаумен байланысты құқық бұзушылық болмаған жағдайда жауапкершіліктен босатылады. Ұйымдарға қолданылатын басты әкімшілік жауапкершіліктің түрі – айыппұл салу. Оның мөлшері нақты құқық бұзушылық үшін индексация жасау арқылы анықталып, құқық негізінде белгіленеді. Жауапкершіліктің басқа түрлері де қарастырылады.

Ұйымның әкімшілік жауапкершілігі бойынша заңнаманың қай саласына байланысты белгіленген себепті нақты ерекшеліктері де болуы мүмкін. Бірақ кейде бұл ерекшеліктердің орын алуы өзін-өзі ақтамайды. Өйткені олар ұжымдық бірлестіктердің әкімшілік жауапкершілік принциптері мен құқықтық негіздерінің болмауының салдарын өз қызығушылығына пайдалануға жол ашады. Лауазымды тұлғалардың әкімшілік құқық бұзушылығы нәтижесінде келтірілген залалын ауыздықтау үшін әкімшілік және материалдық жауапкершілігі туралы мәселелерді шешу қажет.  Құқық бұзушы материалдық зиян шектірген жағдайда орын алған заң бұзушылық үшін әкімшілік әрі материалдық жауапкершілікке тарту қажеттігі туындайды.

Қазақстан Республикасы Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «ХХІ ғасыр барған сайын күрделеніп бара жатқан бүгінгі заманғы мемлекетті басқаруға жоғары талаптар қояды. Біздің маңызды міндетіміз – басқарушылардың білікті саяси табын дайындау.  Арнаулы комиссия кандидатураларды білімі мен кәсібилігі, жоғары моральдік сипаты, бастамашылдығы мен тапсырылған учаскедегі жұмысының табыстылығы мен өлшемдері бойынша іріктейді. Олар елдің экономикалық даму серпінділігіне байластырылған, бизнес-құрылымдармен қарайлас жалақы алатын болады. Олар біздің Қазақстанымызды ХХІ ғасырда лайықты түрде алға апаруға тиісті жаңа басқарушы элитаның негізін құрайды» делінген [5]. Қазіргі мемлекеттік басқару аппаратының сыбайлас жемқорлық проблемаларының ғаламдық мәселелерін шешу мақсатында әкімшілік жауапкершілікті кең ендіру қажеттігі туындайды.

Осыған байланысты Елбасы Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу туралы былай дейді: «Жаңғыртудың ең маңызды мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен кесімді күрес. Біздің бұл бағыттағы іс-әрекеттеріміз мемлекеттік аппараттағы сыбайлас жемқорлық деңгейін едәуір төмендетті. Алайда бізге сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын жасау қажет. Парақорларды анықтау және сотқа тарту жеткіліксіз. Басқа елдердің тәжірибесін зерттеп, пайдалану қажет. Мемлекеттік қызметшілердің кірістерін ғана емес, шығыстарын да мағлұмдауға көшу қажет».

 Жұмыс тәртібін, лауазымды тұлғалар іс-әрекетін, шенеунік аппаратының жалпы қызмет атқаруын қамтамасыз ету – әрбір құқықтық мемлекеттің басты міндеті. Лауазымды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі әкімшілік қана емес, қылмыстық құқық ғылымының да өзекті мәселесі болып отыр.

 

Әдебиеттер:

 

1. Тарасова Ю.Н. Административная ответственность должностных и юридических лиц // Административное право и процесс. — 2008. — № 6

2. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы  Қазақстан Республикасының Кодексі.  30.01.2001

3. Мемлекеттік қызмет туралы Қазақстан  Республикасының 1999 ж 23 шілдедегі №453-1 Заңы

4. Бахрах Д.Н., Россинский Б.В., Старилов Ю.Н. Административное право: учебник для вузов. — М.: Норма, 2005. – 800 с.

5. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты: Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына  жолдауы. – Астана, 2012.

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.