Судьялар мен журналистердің мақсаттары мазмұндас
By maukazan On 25 Май, 2012 At 06:07 ПП | Categorized As 2012, №1 (18) январь-февраль | With 0 Comments

Бектас БЕКНАЗАРОВ:

«Судьялар мен журналистердің мақсаттары мазмұндас»

 

Кеше Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Бектас Бекназаровтың қатысуымен Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің мәжіліс залында «Құқықтық журналистиканың бүгінгі даму бағыттары» деген тақырыппен талқы мәжілісі өтті. Кездесуде Б. Бекназаров баяндама жасады, сондай-ақ ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы профессор Е. Алауханов, Санкт-Петербург университеті журналистика факультетінің профессоры Г. Мельник, Санкт-Петербург криминологтар

клубының президенті, «Криминология» журналының бас редакторы Д. Шестаков, тағы басқалар өз пікірлерін ортаға салды.

Бұл – Жоғарғы сот төрағасы­­ның қатысуымен «құқықтық жур­­налистика» тақырыбында өт­кізіліп отырған университет та­­­рихындағы тұңғыш кездесу. Қазақ ұлттық уни­верситетіне арнайы келген Бас судья Бек­тас Бекназаров алдымен осы бас­таманы көтерген журналистика факультетіне кіріп, студенттік баспасөз клу­бын және жаңадан ашылған Т. Қо­жакеев атындағы акт залында бо­лып, факультеттің оқытушы-про­фессорлар құрамымен танысты. ҚазҰУ журналистика факультеті – еліміздегі ең көне оқу ұясының бірі.

Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – алғашқы қазақ зиялылары білім алған қара шаңырақ. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бір сөзінде «журналист кадрлары әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық және Еура­зия ұлттық университетінде даярлануы тиіс. Ал басқа жоғары оқу орын­дарында білікті журналист кадр­ларын дайындайтын оқытушы-профессорлық база жеткіліксіз» деген еді. Жалпы, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы елге белгілі ғалымдардан тұрады.

Кездесуді университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов кіріспе сөзбен ашып, қазіргі кезде құқықтық журналистиканың өзекті мәселе екендігіне тоқталып өтті. «Құқықтық журналистиканың бүгінгі даму бағыттары» тақырыбына арналған кездесу Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаровтың баяндамасынан басталды. Жоғарғы Сот төрағасы осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры академик Ғалымқайыр Мұтановқа, сондай-ақ журналистика факультетінің деканы Есберген Алаухановқа алғысын білдірді.

— Қазақ мемлекеттік университетінде журналистика факультетінің абыройы қашанда асқақ. Халқымыздың небір майталман перзенттерінің шығармашылық, азаматтық дәстүрлерін жалғастырып, Қазақстан тәуелсіздігінің тұғырлы, руханиятының биік болуына шұрайлы шығармаларымен, отты ойларымен қызмет етіп жүрген журналистердің еңбегі қашанда құрметке лайық, — деп бастады өз сөзін Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров. — Сондықтан да сіздердің шақыруларыңызды

шын ықыласыммен қабылдап, бүгінгі бас қосуымыз ашық ой бөлісу мен келелі кеңесу болады деген сеніммен келдім. Сот жүйесінің жұмысы, сот реформасы жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында барынша жан-жақты жазылып жатқандықтан, сөзімді бүгінгі кеңесіміздің тақырыбы төңірегінде – сот пен бұқаралық ақпарат құралдарының ара-қатынасы, сот-құқықтық журналистикасы туралы өрбіткенді жөн көріп отырмын. Конституцияда бұл туралы жазылмаса да, қоғамда журналистика – төртінші билік деген ұғым қалыптасқан. Журналистер қаламның ұшымен, сөздің күшімен қоғамдық сананы қалыптастырады, қоғамдық ой тудырады. Сондықтан оларға жүктелер жүк ауыр, міндет мәртебелі. Нақ осындай міндет біздерге, үшінші мемлекеттік билік – сот жүйесіне де тән. Біз қоғамды заңсыздықтан, қиянаттан қорғауға, заң әділдігін сақтауға жауаптымыз. Олай болса, судьялар мен журналистердің ойлары орайлас, мақсаттары мазмұндас. Ал енді осы ортақ мақсатты іске асыру жолдары қалай? Бұл жерде басы ашық мәселе – сот қызметінің ашықтығын, жариялылығын жүзеге асыруға, халық пен сот арасын жалғастыруға ықпал ету тетігі бұқаралық ақпарат құралдарының қолында. Ал журналистерді жатырқамай жақын тарту, оларға қажетті ақпарат беру, заңды қолдану, сот төрелігін жүзеге асыру мәселелерінің қыр-сырын түсіндіру соттың еншісінде. Өзгеден құрмет күту үшін өзі де өзгені сыйлауы қажеттігін әрбір тәрбиелі, мәдениетті адам түсінеді деп ойлаймын. Осы қарапайым қағида сот пен бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы өркениетті, мәдениетті қарым-қатынастың қалыптасуына тікелей қатысты. Өзгенің пікірін сыйлаудың үлгісін сот пен бұқаралық ақпарат құралдары өздері көрсетуі керек деп ойлаймын.

Журналистиканың негізі шынайы өмірді барлық жағынан объективті көрсету болып табылатын шығармашылық қызмет екеніне тоқталып өткен Жоғарғы сот төрағасы журналистік қызметті мемлекет пен қоғамның арасын жалғастыратын мықты көпір ретінде бейнеледі. Бұл жерде ол Ричард Никсонның «Қаруға он доллар салғанша, баспасөзге бір доллар салған анағұрлым пайдалы: қарудың үні мүлде шықпауы мүмкін, ал баспасөз болса ертеден кешке дейін аузын жаппайды» деген сөзін келтіріп кетті. Бас судья жиында сот жүйесінің қызметі туралы ойларын, қандай өзгерістер енгізіліп жатқанынан да хабардар етті. Сот жүйесінің халық алдындағы сенім деңгейін аттыру туралы Елбасының тапсырмасын басшылыққа алып жұмыс істеп жатқандарын айтты. Сот органдарына деген халық сенімін арттыруға қол жеткізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарының ерекше маңызы бар деп атап айтты.

— Бүгінгі күнде судьялар тарапынан да, журналистер жағынан да ынтымақтасып қызмет етуге құлықсыздық сезіледі. Сонымен бірге сот, құқық қорғау және бұқаралық ақпарат құралдары бір әлеуметтік ортада қызмет етеді. Табиғаты, қызметтері әртүрлі болғанмен, қоғамның мүддесіне еңбек етеді. Сондықтан сот органдарының қызметі туралы ақпараттар қоғамның санасына соттың рөлін арттыруға ықпал етуі тиіс. Кейде судьялар баспасөз өкілдерін сот залына кіргізгісі келмейді немесе аудио-

бейне құралдарды қосуға рұқсат етпеген жағдайда БАҚ қызметкерлері судьяларға реніш білдіріп жатады. Мұндайда кейбіреулері өрескел қателіктер жіберіп, сот процесіне кедергі болуы мүмкін. Америка Құрама Штаттарындағы сот тәжірибесінде аудио-бейне жазбалар жасауға тыйым салынған, тек ұсақ қылмыстарды қараған кезде ғана рұқсат берілуі мүмкін. Сот процесіне бейнекамераны кіргізу немесе кіргізбеу судьяның қалауымен ғана болады. Сондықтан оған қарсы болмау керек, — дейді Бектас Бекназаров.

Сондай-ақ, кейбір БАҚ қызметкерлері сот процесі туралы жазғанда білімі жетіңкіремейді, сондықтан ақпарат халыққа бұрмаланып немесе теріс жеткізілуі мүмкін. Сондықтан бұдан былай журналистика факультетінің студенттері сот органдарына барып тәжірибеден өтетін болып келіскендей болды екі жақ. Бұл жағынан құқықтық салада хабар тарататын журналистерді жеке дайындау керектігін айтады Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров. Өз кезегінде журналистика факультеті бұл жағын қолға алып жатқанын мәлімдеді. Кездесуде журналистика факультетінің деканы Есберген Алауханов баяндама жасады.

— Бәріңізге мәлім, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар қоғамдағы маңызды мәселелер деп қабылданады. Ал жалпы өмірде кейбір журналистер криминалды және тағы басқа оқиғаларға қатысты адамдарды кінәлі ретінде көрсетеді. Менің ойымша, бұл дұрыс пікір емес, істің мән-жайын және құқықтық жағдайларын анықтамай, біржақты үстіртін немесе алдын ала ол адамды қылмыскер ретінде қоғамдық пікір туғызу дұрыс емес деп есептеймін. Мен отыз жылдан бері журналистикадағы құқықтық публицистика саласымен айналысып келемін. Міне, осы мәселелер жөнінде 300-ден аса мақалаларым баспасөзде жарияланды. Осы факультетке декан болып келгеннен бастап құқықтық журналистика баяу дамығандығы мені қатты ойландырды. Бұған бірнеше себептер бар, біріншіден, жалғыз осы факультетте емес, бүкіл Қазақстанда құқықтық журналистика туралы арнайы әдебиеттер жоқ, ал олар өзіндік мамандық ерекшеліктері бойынша жазылуы қажет. Екіншіден, осы дәрістерді оқуға машықтанған ғалым-педагогтар жоқтың қасы. Демек, ұзақ жылдар бойы бұл мәселелер немқұрайды қаралып келген. Осыдан туындайтын мәселе – журналистерді құқықтық сала бойынша дайындағанда оларды ерекше мамандық ретінде қастерлеу қажет. Сот шешендігі, құқықтық мәдениет, құқықтық сауат, т.б. осындай пәндерге ерекше көңіл бөлінуі қажет. Санкт-Петербург, Мәскеу университеттерінде арнайы оқулықтар жазылған және олар көпшілікке кеңінен таралған. Өкінішке қарай, бізде бұл әдебиеттердің табылуы қиын. Ал енді құқықтық мәдениетке келетін болсақ, біздегі кейбір басылымдар адам тағдырына мән бермейтіндігі былай тұрсын, тапсырыстар бойынша адамның ар-намысына тиетін материалдар жариялайды. Ал ол материалдар ешқандай дәлелсіз болып шығады. Бұның себебі кейбір редакциялардың сенсация немесе тағы да басқа бас пайдасы үшін журналистік этикаға, құқықтық мәдениетке теріс қылықтар жасауында. Келешекте журналистка факультетінде, Елбасы жолдауында айтылғандай, «БАҚ кадрларының кәсіби біліктілігін жетілдіру және сертификациялау ұлттық орталығының» ашылғанын хабарлаймыз, — дейді журналистика факультетінің деканы Есберген Алауханов.

 

«Айқын»

15.02.2012

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.