ҚазҰУ ұлттық зерттеу университетіне көшуге дайындық үстінде
By maukazan On 10 Май, 2012 At 09:42 ДП | Categorized As 2011, №6 (17) ноябрь-декабрь 2011 год | With 0 Comments

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректорат мәжілісінде кафедра меңгерушісі лауазымына тағайындау байқауының нәтижесі жарияланды.Байқаудың өтетіндігі туралы университеттің «Қазақ университеті» газетінде және «Казахстанская правда» басылымында жарияланған болатын. Байқауға қатысуға өтініш білдіргендердің арасында барлық қойылған талаптарға сай келген 120-дан астам үміткер байқауға қатысқан. Нәтижесінде бұрынғы 99 кафедраның орнына ірілендірілген 63 кафедра жасақталды, университеттегі кафедра меңгерушілерінің саны 63-ті құрады. Орташа жас мөлшері 51 жасқа сай келеді.Ректорат мәжілісінде байқау нәтижесі жарияланып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры мен кафедра меңгерушілері жұмыс келісімшартына қол қойды. Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов (суретте) жаңа оқу жылында жаңа қызметке тағайындалған кафедра меңгерушілерін құттықтап, қызметінен босатылған бұрынғы кафедра меңгерушілерінің табысты атқарған еңбектеріне алғыс айтып, «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

ҚазҰУ-дың Ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында кафедралар іріленіп, нәтижесінде мамандардың әлеуетін арттырдық. Кафедралардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өз кезегінде университеттің бәсекеге төтеп беруін нығайтады. Сол арқылы біз білім ордасын әлемдік биік сатыға көтеруіміз керек. Ол үшін шығармашылық пен жаңашылдыққа бай, мәдени орта қалыптастыруымыз керек. Бүгінгі тағайындалған кафедра меңгерушілерімен осы ортаны қалыптастырамыз деген сенім зор. Ғылыми кластерлер негізінде кафедралар іріленіп, факультеттердің атауы өзгеріп, оқу ордасы жаңарып, жаңғырып отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жаңа оқу жылында ұлттық зерттеу университетінің үлгісіне жақындады деп айтуға болады», — деді Ғалымқайыр Мұтанұлы (суретте).

Байқау ашық, жариялы түрде өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен қатар еліміздің өзге де жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты. Іріктеу, таңдау күрделі өтті. Нағыз мықты деген ғалымдар бақ сынасты. «Бұл байқауды университет жолындағы үлкен бір тарихи белес деп айтуға болады. Мұндай реформалар жай өзгеріс үшін емес, университет беделін асқақтатып, еліміздің білімі мен ғылымын дамыту үшін жасалынып жатқан үлкен ғылыми күш болады», — дейді профессор Қансейіт Әбдезұлы.

Кезегімен сөз алған Ректорат мәжілісінің мүшелері университет саннан сапаға көшкенін айтса, университет тарихында бірінші рет кафедра меңгерушісі ретінде келісімшартқа қол қойған мамандар бұл құжат кафедра меңгерушісінің құқықтық, саяси-моральдік мәртебесін көтеретіндігін айтады.

Қайрат Жүсіпов,

ҚазҰУ-дың аппарат жетекшісі

 

«Айқын»

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.