ӘЛЕМ ҒАЛЫМДАРЫ ҚАЗҰУ-ДЕ БАС ҚОСТЫ
By maukazan On 10 Май, 2012 At 09:46 ДП | Categorized As 2011, №6 (17) ноябрь-декабрь 2011 год | With 0 Comments

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Зерттеу университетін қалыптастыру және оның Қазақстан Республикасының инновациялық дамуына қосатын үлесі» атты халықаралық форум болып өтті. Шараның ұйымдастырушылары — Білім және ғылым министрлігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ІGІP қазақ ұлттық мониторинг комитеті, қазақстандық KazSEE инженерлік білім беру қоғамы, Ұлттық инженерлік академиясы. Бұл форумға әлемнің 30 елінің 100-ден астам ғалымдары қатысты.

Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен Халықаралық форумды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ. Мұтанов ашты. Ректор: «Бүгінгі форум Қазақстанның 20 жыл ішіндегі қарқынды даму жолын саралап, Елбасымыз айқындап берген отандық ғылым мен білімді жаңа белестерге көтерудің бірден-бір шешуші жолы – ғылыми-зерттеу университетін құру мен оны өркендетудің өзекті мәселелерін талқылауға арналады.

Осыдан жиырма жыл бұрын ғасырлар бойы аңсаған азаттығына қол жеткізген қазақ халқы өзінің тәуелсіз мемлекетін құрды, ал енді бүгін сол киелі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын қазақстандықтар мемлекетіміздің халықаралық дәрежедегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және ғылыми жетістіктерімен қарсы алғалы отыр. Бұл ерекше атап өтуге тұратын тарихи оқиға. Университетімізге ұлы бабамыз әл-Фарабидің аты берілгеніне биыл 20 жыл толады», — деп шараның маңыздылығын атап өтті.

Форумға арнайы келген Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұлов: «Жаңадан қабылданған «Ғылым туралы» заңға тұңғыш рет зерттеу университеті деген ұғым енгіздік, бұл шара осы заң аясында күрделі бағытта алдағы атқарылар іс-шараларды анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Әлем бойынша зерттеу университеттерінің саны 5 пайыздан аспайды, яғни бұл қатарға ену оңай шаруа емес. Біз әлемдік зерттеу университеттерінің озық тәжірибелерін, дәстүрлерін жан-жақты зерттеп, өзіміздің жеке даму бағытымызды анықтап алуымыз қажет», — деді.

Форумда алғаш болып құттықтау сөз алған SEFІ вице-президенті Хосе Карлос Квадрадо Португалия Қазақ елін Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесімен құттықтай келіп, «Ғ.Мұтанов мырзаның «зерттеу университетіне» көшу бастамасы өте үлкен батылдық, бұл жолда зор табыстар тілеймін және бір баса айтқым келетіні, Еуропа елдерінің оқу жүйесіне көшу барысында оны толықтай көшіріп алмай, өздеріңіздің дәстүрлі озық тәжірибелеріңізді жетілдіре әрі ұлттық ерекшеліктеріңізді ескере отырып, батыл қадамдар жасадыңыздар», — деп өз ойын түйіндеді.

Британдық кеңес директоры Лина Милошевич: «Әлемдегі ең озық зерттеулердің 9% біздің елдің ғалымдарының үлесіне тиеді, бұл салада АҚШ-тан кейінгі екінші орынды иеленеміз. Бұл бағытта Еуропа елдері мен Батыс Тынық мұхит аймақтары арасында үлкен бәсекелестік жүріп жатыр, біз зерттеу университетіне көшуге қадам жасап жатқан ҚазҰУ-ді әрқашанда қолдаймыз. Сонымен қатар Британдық кеңес ректор Ғ. Мұтановтың «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің достары» атты халықаралық клуб құру бастамасын құптайтындығын баса айтқым келеді», — деп өзінің жылы лебізін білдірді.

Жапонияның Цукуба университетінің Теориялық және қолданбалы ғылымдар жоғары мектебінің директоры Ясуо Миаке өз сөзінде, ең алдымен, ҚазҰУ-дің әсем қалашығы және Қазақ елінің қонақжайлылығы ұнағанын және екі университет арасында студенттермен және әлеуметтік ғылымдар негізінде оқытушылармен алмасу үдерісі жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын айтып өтті.

Нидерландияның Техникалық университетінің құрметті профессоры Йохан Виссема өз ойын былайша жеткізді: «Қазақстанның білім беру саласы бүгінде өте қарқынды дамып келеді. Жаһандану дәуірінде барлық елдерде ең талантты әрі озық ойлы студенттер мен ғылыми әлеуеті жоғары мамандарға деген талас қатты белең алуда, бәсекелестік заңдылығы осыған әкеліп тіреуде. Зерттеу университеті «Үшінші буындағы университеттер» қатарына енеді, оның негізгі мінездемесі — іргелі зерттеулер мен пәнаралық зерттеулер жүргізу, ең бастысы, дәстүрлі ғылымнан гөрі зерттеу жұмыстары маңызды рөлге ие болады.

Қазақстандағы жағдайға келсек, сіздердің елдеріңізде технологияның қолданылу аймағы үлкен әрі жүргізіліп жатқан зерттеулер көлемі де қомақты, осыған қарамастан жаңа тауарлар мен қызметтерге деген нарықтағы сұраныс деңгейі өте жоғары. Ғалымдар осы бос кеңістікті толтыру бағытында жүйелі еңбек етулері қажет».

Ресей Инженерлік білім беру ассоциациясының президенті Ю.П. Похолков: «Зерттеу университетіне көшу үдерісі үлкен батылдықты қажет етеді. Біз өз оқу орнымызда арнайы сауалнама жүргізіп, бұл бастаманы университет ұжымының қабылдау деңгейін анықтадық, сол кезде, яғни, біріншіден, сыртқы ортаның өзгеріске түсуіне деген алаңдаушылықтың тууы, екіншіден, бұрыннан қалыптасып қалған тұрақтылықты жоғалту, мемлекеттік қолдаудың азаюы сияқты мәселелердің ұжымды қатты алаңдататынына көз жеткіздік. Дегенмен, мұның бәрін ұжымның экономиканың инновациялық секторының маңызды құрамының бір бөлігі ретінде танылып, осы сапқа кіруге мүмкіндік алатынымен ақтап алуға болады деп ойлаймын.

Қорытындылай келе, университеттер өздерінде бұрыннан қалыптасқан академиялық дәстүрлерден бас тартпауы, керісінше, оларды жетілдіруі қажет», — деді.

Сонымен қатар Шанхай университетінің вице-президенті Ли Вэй, Ата Түрік университетінің ректоры Хикмет Коджактар да сөз алып, өз елдеріндегі жоғары білім беру жүйесі туралы мазмұнды әрі жан-жақты әңгіме қозғады.

Қорытынды мәжілісте сөз сөйлеген Санкт-Петербор ұлттық зерттеу университетінің проректоры Николай Тойвонен өз сөзінде отандық ғалымдардың зияткерлік меншігін қорғау мәселесіне қатты мән беру керектігін және ғалымдардың ғылыми-зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми журналдарда бірден жариялап жібермей, оны өз иеліктерінен шығармау тәсілдерін ойластыру қажеттігін баса айтты.

Форумның сессиялық және пленарлық мәжілістерінде зерттеу университетін құрудың және дамытудың шетелдік тәжірибелері, студенттермен және оқытушылармен алмасу, инновациялық қызмет, ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік конструкторлық жобаларын коммерциялизациялау сияқты мәселелер жан-жақты талқыланды.

 

Орынтай ОШАНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті

 

«Айқын»

02.11.11

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.