Б. ЖҰМАҒҰЛОВТЫҢ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ
Б.Т. Ж
ҰМАҒҰЛОВТЫҢ «БІЛІМ ТУРАЛЫ»ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ» ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЗАҢЫНЫҢ ЖОБАСЫ БОЙЫНША ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

 

Астана, 22 қыркүйек 2011 жыл

Құрметті Төраға!

Құрметті депутаттар!

Бүгін Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде дайындалды.

Жоба Қазақстан Республикасының даму стратегиясы мен Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың құқықтық негізін дамытуға бағытталған.

Өздеріңізге белгілі, Парламент сессиясының ашылуында Елбасымыз білім мен ғылымның құқықтық базасын дамытуға ерекше көңіл бөлген еді.

Президент құқықтық базаны халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру қажеттігін баса айтқан болатын.

Заң жобасында осының бәрі ескерілді.

Жұмыс тобының отырыстарында көптеген ұсыныстар қаралып, ортақ шешімдер қабылданды.

Талқылауға Сенат депутаттары өте белсенді қатысқанын атап өткім келеді. Сол үшін Сіздерге үлкен рахмет айтамын.

Депутаттар  заң жобасын жақсартып, сапасын арттырды. Кейбір нормаларды нақтылап, маңызды өзгерістер енгізді.

Енді заң жобасындағы түбегейлі өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып өтейін.

Бірінші.

2015 жылдан бастап кезең-кезеңмен 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарланғанын өздеріңіз жақсы білесіздер.

Осыған байланысты заң жобасында орта білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінді.

Бұл – ең басты мәселе.

Білім сапасын бақылау механизмнің болмауы осы саладағы кемшіліктерді көбейтті.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдерде (Ұлыбритания, Жапония, Финляндия, Франция, Норвегия, Корея) білім сапасына бақылау жүргізу орталық атқарушы органға берілген.

Сондықтан облыстарда «сапаны бақылау вертикалі» құрылуда. Бұл білім сапасын жақсартатыны сөзсіз.

Бұл ұсыныс Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты.

Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сапасына қойылатын талаптар күшейтілді. Енді қатаң сынақтан өткізіліп, мониторинг жасалады.

12 жылдық оқытуға көшуді реттейтін өзгерістер енгізілді.

«Бейіндік мектептің» құқықтық мәртебесі анықталды.

Екіншіпедагог мәртебесін көтеру.

Бірінші кезекте педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру мәселесі тұр.

Ол үшін ваучерлік – модульдік жүйе енгізілуде.

Енді ұстаздар біліктілігін арттыру үшін қалаған оқу орнын, тіпті шетелдік орталықтарды таңдай алады.

Педагог мәртебесін көтеру үшін, лицензияланбайтын жеке педагогикалық қызмет туралы жаңа бап қосылды. Ол мұғалімнің әлеуметтік жағынан қорғалуын күшейтеді.

Үшінші – мемлекеттік аралық бақылауды алып тастау.

Аралық бақылау қойылған міндеттерді орындап шықты. Енді оқушылардың білім сапасын сырттай бағалау жүйесі енгізіледі.

Сырттай бағалау компьютерлік тестілеу әдісімен өткізіледі. Ол оқушылардың білім беру бағдарламаларын меңгеру деңгейін анықтайды.

Нәтижесінде білім беру қызметінің сапасын бағалауға мүмкіндік туады.

Сырттай бағалау мектепте және жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады. Ол мемлекеттік білім беру стандартында қарастырылған пәндер бойынша жүргізіледі.

Төртінші — жоғары оқу орындарын жаңаша жіктеу.

Елбасының еліміздегі жоғары оқу орындарының саны туралы сын айтқаны белгілі.

«Университет» деген жоғары атақты иеленген кейбір жоғары оқу орындары әлемдік талаптарға сәйкес келмейді.

Сондықтан, жоғары оқу орындары жаңаша жіктелетін болады. Олар білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеу нәтижелеріне байланысты 6 санатқа бөлінеді.

Енді ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар және институттар болады.

Бұл – жоғары мектептің ғылыми зерттеулері мен білім беру қызметінің деңгейін көтереді.

Заң жобасында мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған медициналық және педагогикалық мамандықтардың түлектеріне ерекше көңіл бөлінген.  Жобада оларды міндетті түрде жұмысқа орналастыру қарастырылған.

Бұл шара – әлеуметтік сала үшін өте маңызды.

Заң жобасында жоғары оқу орындарының «қауымдастырылған профессор (доцент), профессор» атақтарын беру құзыреті алынып тасталды.

Бұдан былай осы ғылыми атақтар «Ғылым туралы» жаңа заңға сәйкес беріледі.

Бесінші – Болон және Турин процестерінің негізгі принциптерін іске асырудың нормативтік-құқықтық базасын жасау.

Жоғары оқу орнындағы білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық мобильдігі заң жүзінде қамтамасыз етіледі.

Оқу орындарын аккредиттеу жүйесі өзгертіледі. Ол бәсекеге қабілетті ортаға беріліп, халықаралық үлгіде жүргізіледі.

Бакалавриат мамандықтары «Болашақ» бағдарламасынан алынып тасталды. Осыған байланысты заң жобасы мамандардың шетелде сынақтан өту мәселесін реттейді.

Білім беру ұйымдарының ерекше мәртебесі енгізілді. Ол оқуға қабылдауда, ғылыми және әдістемелік қызметте  жеке нормаларды пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұл — әлемдегі үздік университеттерге тән академиялық еркіндікке қол жеткізу үшін жасалған үлкен қадам.

Техникалық және кәсіптік білім беру мәселелері бойынша да көп өзгерістер бар.

Әлеуметтік әріптестік және кооперативтік оқыту нормалары енгізіледі. Олар – мемлекет, кәсіпорын және оқу орындарының корпоративтік жауапкершілігіне негізделеді.

Бұл Елбасының тапсырмасына сәйкес техникалық және кәсіптік білімнің түбегейлі жаңа моделін жасау үшін өте маңызды.

Техникалық және кәсіптік оқу бағдарламалары міндетті кәсіптік практикамен толықты.

Бұл – түлектердің кәсіби деңгейін арттыруға жағдай жасайды.

Жобадағы өзгерістер Үкіметтің, өкілетті және жергілікті органдардың арасындағы өкілеттікті нақтылады.

Әлеуметтік көмек алатын азаматтар санаттарының нақты тізбесі жасалды.

Мемлекеттік стипендия алуға құқығы бар білім алушылардың санаттары анықталды.

Әрине, заң жобасында көрсетілген жаңалықтар кешені мұнымен шектелмейді.

Мен тек ерекше сипаттағы өзгерістерге ғана тоқталып өттім.

Құрметті депутаттар!

Заң жобасын талқылау барысында берген құнды ұсыныстарыңыз үшін Сіздерге тағы да алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер.

Заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын.

 

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

About -

Leave a comment

You must be Logged in to post comment.